Сұрақ: «Мақамы- Махмуд» деген не?
Жауап: «Мақамы-Махмуд» – сөздік мағынада «мақтауға лайықты орын, жоғары дәрежелі рухани мақам» деген ұғымды білдіреді. Терминдік мағынасына келер болсақ, қиямет күні жауапқа тартылудың алдында адамдар ұзақ күткендіктен қиналып жатқанда Алла тағаланың Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға мейірімділігін көрсетуге рұқсаты мен уәкілеттілігін беретінін білдіреді.
Яғни, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың қиямет күнінде шапағатын тигізе алатын рухани дәрежесін, мәртебесін білдіретін сөз тіркесі болып табылады.
Алла елшісіне (с.ғ.с.) берілген бұл құрметті мәртебелы орын «Мақамы- Махмуд» деп аталады. Бұл – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбеті үшін шапағат тілейтін мәртебелі орны. Адамдар өздері үшін шапағат етулерін сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.) Алла алдында сәжде жасап, Алла тағалаға шүкіршілік етіп, мадақ айтады. Сол кезде оған: «Тіле, Не тілесең, тілегің орындалады. Шапағат жаса, Шапағатың қабыл болады. Сөйле, сөзің тыңдалады». Құран Кәрімде де «Түннің бір бөлімінде де оянып, саған тән артық бір ғибадат болуымен тахажжүд намазын оқы, Раббың сені Мақамы-Махмудқа» жеткізсін»[1] – деп бұйырылады.
Балғабек Мырзаев
[1] Исра, 17/79.