Маңғыстау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен бүгін өңірлерде дерадикализация және оңалту жұмыстарын жүргізетін имамдар мен теологтарға «Радикалсыздандырудың заманауи тәжірибелері және оңалту жұмыстарының тәсілдері» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды Алматы қаласы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл» орталығының директоры, теолог Нүсіпханов Тимур Нүсіпханұлы жүргізді.
Бүгінгі шараға қатысқан теолог мамандар мен имамдар – деструктивті діни ағым мүшелерімен етене қарым-қатынас жасау, оларға діннің дұрыс бағыттарын түсіндіріп, тиянақты жұмыс жүргізуі оң нәтиже беретіні жөнінде біліктіліктерін арттырды.
Сонымен қатар дұрыс діни бағытқа өткен тұлғалар заңға қайшы ақпараттарды таратудың қылмыс екенін түсініп, теріс діни идеологияның зардабының жойылатыны жөнінде мамандар семианрдан өзекті ақпарат алды. Жалпы жат ағым өкілдерімен жұмыс жүргізуде жан-жақты сараланған, талданған, зерттеу елегінен өткен әдіс-тәсіл болуы керек екенін қатысушылар бүгінгі семинардан түсініп, бір қорытынды шығарды.
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Ануар Ізімбайұлы «Қазіргі таңда елімізде жат ағым өкілдеріне қарсы қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстың уақыт өте келе нәтижесін көріп келеміз. Яғни дәстүрлі дінге бет бұрып, жат ағымда жаңылып жүргендерін мойындауда. Бұлармен жұмыс жасау үшін әуелі біз олардың бойына ұлттық иммунитетті сіңіруіміз керек. Ұлттық иммунитет дегеніміз – халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі, өзіндік дүниетанымы. Халқымыз исламның тек сыртқы формасына ғана емес, оның ішкі мәйегіне де жақсы үңіле білген» деген сөзін айтты.
Семинардың ашылуында Маңғыстау облысының теолог маманы, «Отпан» Ақпараттық түсіндіру және оңалту орталығының басшысы Азамат Нұғманұлы: «Теріс ағымдарға қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізу – тек дін саласындағы мамандардың немесе құқық қорғау органдарының шаруасы емес. Оған қоғамның барлық саласы жұмылып қарсы тұрмаса, істің нәтижелі болуы қиын. Бұны елімізде орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктер дәлелдеп беріп отыр. Соның ішінде террорлық актілерге деструктивті ағым мүшелерінің тікелей қатысты болуы мәселенің күрделі екенін аңғартады» деген пікірін білдіріп, қызметкерлерге шараны ашып берді.