Малайзияның Жоғарғы билеушісі (королі) Абдулла Риаятуддин Әл-Мұстафа Биллах коронавирустың таралуына байланысты елде төтенше жағдай енгізілгенін мәлімдеді. Бұл туралы Корольдік сарайдың сейсенбіде жарияланған хабарламасында айтылған.
“Премьер-Министр Мухиддин Ясиннің ұсынысын қарағаннан кейін осындай шешім қабылданды. Режим ахуалға байланысты 1 тамызда немесе одан ертерек аяқталады”, – делінген хабарламада.
Малайзияда жоғарғы билеуші енгізген төтенше жағдай елдің саяси өміріне әсер етеді. Атап айтқанда, Парламенттің қызметі тоқтатылады, мәселелердің көпшілігін үкімет дербес қабылдайды. Сонымен қатар, бұл уақытта сайлау өткізу мүмкін емес.
Дүйсенбіде Премьер-министр ел астанасында және бірқатар штаттарда әлеуметтік-экономикалық шектеулердің қайта күшіне енетінін жариялады.
ТАСС агенттігі хабарлағандай, коронавирустың жаңа қарқыны қыркүйек айының соңында Сабах штатында өткен сайлаудан кейін байқалған. Егер тамыз айында инфекция жұқтыру көрсеткіші тәулігіне 10 адамнан аспаса, қазір бұл көрсеткіш 2 мыңнан төмендемей тұр.
Пандемия басталғаннан бері елде 138 мыңнан астам адам індет жұқтырып, олардың 555-і қайтыс болды.