Мысалы, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген:
– Кімде үш қызы болып, оларды асырауға, машақатқа, қуанышына төзіп, сабыр етсе, Алла ол адамды қыздарына рахым еткені үшін жұмаққа кіргізеді. Сонда сахабалардың бірі:
– Уа, Алланың елшісі! Екі қызы болса да солай бола ма? – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Екі қызы болса да солай – деп жауап береді. Тағы бір кісі:
– Бір қызы болса ше? – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған да:
– Бір қызы болса да солай – деп жауап береді. (Ибн Мәжаһ, Ахмет).
Осылай жылдар бойына мәпелеп өсірген қызды тұрмысқа беретін кез де келеді. Сол уақытта күйеу болашақ жарына мәһәр береді. Мәһір – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай қалындықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһірді беріп, қалындықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһір дегеніміз, ер азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалындығына шынайы сезімін көрсетеді.
Күйеу жігіт қалындығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Бұл туралы Құранда былай делінген:
«…оларға некелесу шартымен тиісті малын төлеңдер» (Ниса: 24).
«Әйелдердің мәһрлерін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге мәһрдің бір бөлігін берсе, одан сіңімді түрде жеңдер» (Ниса: 4).
Қалыңдыққа жеке берілген сыйлық мәһір деп аталады. Мәһірдың нақты мөлшері жоқ, бірақ күйеу баланың атаған сыйын қалыңдық азырқанса, онда неке қиюшы имам күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді. Бұл екі жастың арасында келісім. Жоғарыда айтқанымыздай маһір – қалындықтың жеке мүлкі. Тіпті, екі жас ажырасып кетсе де күйеуі «берген сыйымды қайтар» деп немесе қайын жұрты «біздің баланың саған берген сыйын қайтар» деп даулауға құқығы жоқ.
Себебі, ислам маһірді – әлсіз әрі нәзік әйелдің жеке мүлкі етіп белгілеген. Ол оны жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) немесе материалдық, мұқтаждық көрген жағдайда қажетін өтеуі үшін жаратуы мүмкін. Пайғамбар да (с.ғ.с.) сахабаларды қалың мал беруге шақырған:
Абдуллаһ ибн Масғудтан (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Уа, жігіттер тобы! Сендерден кім қалың мал беруге құдіретті болса, үйленсін. Бұл оның көзіне, жыныс мүшесіне қайырлы. Кімнің (қалың мал беруге) шамасы келмесе, ораза ұстасын…», – деп айтты» деген риуаят келген (Бұхари, Мүслим).
Келесі риуаяттан екі жастың үйленуі үшін мәһірдің қаншалықты маңызды әрі оны жастың келісуімен болатынын байқаймыз. Себебі, біреудің әлеуметтік жағдайы қалындығына үй сатып алып беруге жетсе, енді бірінің материалдық жағдайы алтын сақина алуға ғана құдіретті. Сондықтан, мәһір мәселесінде мұқият болғанымыз жөн:
Саһл ибн әс-Сағидий (р.а.): «Алланың елшісіне бір әйел келіп:
– Мені қалындыққа алыңыз, – деп пайғамбардың (с.ғ.с.) жауабын күтіп, ұзақ уақыт тұрып қалды.
Сонда бір сахаба:
– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Мүмкін болса, бұл әйелді маған үйлендіріңіз, – деп өтініш білдіреді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Бұл әйелге беретін қалың малың бар ма? – деп сұрайды.
Әлгі сахаба:
– Мына көйлегімнен басқа еш нәрсем жоқ – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Ол сенің қөйлегіңді не қылмақ. Егер сен үстіңдегі көйлегіңді берсең, онда жалаңаш қаласың емес пе? Бір шарасын тап!, – деп бұйырады.
Сахаба:
– Еш нәрсе таппадым», – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Темірден сақина соқтырсаң да тап!, – деді. Сахаба әрі-бері әрекет қылады бірақ, нәтижесіз болды.
Мұнан соң пайғамбар (с.ғ.с.) оған:
– Құраннан бір жаттағаның бар ма? – деп сұрайды.
Сахаба:
– Иә, пәленше сүреден бастап, түгенше сүреге дейін жаттадым, – деп сүрелерді атайды.
Сонда барып пайғамбар (с.ғ.с.):
– Олай болса, ортаға сенің жаттаған Құраныңды қойып, үйлендіреміз (яғни жаттаған Құран әйелге беретін сенің қалың малың болсын), – дейді».
Хадистен көргеніміздей, қалыңдыққа беретін мәһірдің белгіленген шамасы жоқ. Бұл екі жастың келісімімен болады. Хадистен шығатын түйін, қалындыққа құрмет әрі сүйіспеншіліктің белгісі ретінде мәһірдің міндеттілігі. Қандай болған жағдайда да мәһірді беру қажеттілігі. Бірақ, бұл мәселеде мынадай жағдайдан сақ болуымыз керек. Кейбір теріс дін ағым өкілдері қазақ қыздарымыздың дінге деген ықыласын пайдаланып, «мәһірді сұрамасаң сауап болады, кейін жағдайым келгенде беремін» немесе «Менің алтын сақина алуға жағдайым жоқ, сүннет бойынша Құран оқып берсем де рұқсат» деген сияқты түрлі сылтаулар айтып айламен үйленеді. Дінді дұрыс білмейтін жас қыздарымыз олардың алдауларына түсіп қалады. Дінді жамылып, бұрмалайтын қулар жиі үйленіп, жиі ажырасып жүруді әдеттеріне де айналдырып алған. Ислам адамды алдап үйленуге рұқсат бермейді. Бұл дінімізге де, дәстүрімізге де жат. Өкінішке қарай, темір тордың арғы жағында отырып, телефон арқылы үйленіп жатқан теріс дін ағым өкілдері де осылай жасайтыны жасырын емес.
Сондықтан, сөз соңында жастарымыз, қарындастарымыз осындай теріс дін ағым өкілдерінің айлаларынан сақ болсын демекпін. Шынайы мұсылман алдап, шаңырақ көтермейді. Ол өзін де, өзгелерді де құрметтейді.
Сұлтанмұрат ӨТЕШҰЛЫ,
дінтанушы