Батысты құбыладай көрген қазіргі кездегі өңі айналып, мәні жоғалған ұғымдардың бірі – махаббат. Тілімізге араб тілі арқылы енген осы бір қасиетті ұғым бұл күнде не болса соған талғамсыз телінетін қадірсіз сөздің біріне айналып бара жатыр.
«Құдай дегеніміз – Махаббат» (Иса ғ.с.) деген түбірлі түсінікті білдіретін ұлы ұғым; Отанға, ата-анаға, жарға, досқа, балаға, бауырға, табиғатқа, еңбекке, өнерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін серке сөз – ақырында ер мен әйел арасындағы жыныстық құмарлық пен қатынасты былай қойып, «біржынысты некені» өз ішіне сыйдырған тұманды түсінікке айналды…
Біз үшін негізінен қыз бен жігіт арасындағы іңкәр сезімді білдіретін бұл ұғым – «құдайсыз» қалса да, идеалсыз, мұратсыз қалмаған кеңестік кезеңнің өзінде өз мәнінен мұншалықты айырыла қоймаған еді. Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Фархад-Шырын, Жүсіп-Зылиха, Қыз Жібек пен Төлеген боп жырланған қастерлі сезім төңкеріспен бірге төрден ығысқанымен, ұлттық тамырдағы бүлкілінен жаңыла қоймаған-ды. Оған себеп: біріншіден, адамның жаратылысындағы қажеттілік болса, екіншіден, «коммунистік моральды орнықтыру» саясатын сәтті пайдаланған, рухани мұраны түрлендіріп жеткізген, сол арқылы өз миссияларын толық атқарған ақын-жазушылардың, хакім-ғалымдардың еңбегі болатын. «Мәңгілік сезімнің» жыршылары кейде асыра сілтеп, махаббатты пұтқа айналдыра жаздағанымен, бәрібір сезімнің нәзіктігін, ұғымның жұмбақтығын санамызға құя білді, анайылық пен жабайылықтан сақтай білді. Күні кеше үнді фильмдері арқылы дәріптеліп, тәуелсіздік таңымен қайта түлегендей болған патша сезім енді жаһанданудың зымиян әсерінен нәрсізденіп, нарықтың тоқпағымен «буржуйланып» бара жатқандай…
Ақпарат құралдары арқылы тұрмысымен қызықтырып, «пәлсәпасымен» тұншықтырып, ақшасымен билеп, техникасымен түйреп жүрген «Батыс» санамызды да сүйреп барады. Сүйрегені емей немене? Бұрын шошитын нәрселер – қазір үйреншікті, сескене қарайтын жайлар – қазір күнделікті… Жер бетінде эталон болып есіріп тұрған бұл «өркениет» – тамырынан ажырап, төріне «тәңірсіздерді» шығарған, сырты бүтін, іші түтін құрылым. «Бәрі де салыстырмалы» деп, «жақсы-жаман» деген этикалық құндылықтың орнына «пайда-зиян» деген экономикалық қажеттілікті басты орынға шығарған бұл ойлау жүйесі үшін: адам – құрал, ақша – мақсат; сезім – құрал, ләзззат – мақсат; табиғат – құрал, тоят – мақсат… Адамдық «менін» тәнімен шектеген, ал тәнін «жекешелендіріп» алған («Құдайдың да, ешкімнің де мүлкі емес, менікі!») сана иесі үшін тәнін саудаға салу – ар емес, пайда көзі; тән – Тәңірдің аманаты емес, күн көрудің кепілі, ләззат пен рахаттың көзі; тән – жанның сарайы емес, құмарлықтың қоймасы…
«Махаббат еркіндігінің» бағындырған бір биігі: 2005 жылы АҚШ-та бір әйел өз ұлына «тұрмысқа шықты»: оның айтуы бойынша, «ол ең бақытты әйел екен», өйткені «әрі балам, әрі күйеуім – бұдан артық не керек?!» Бұған бірінен-бірі «өркениетте қалмауға» тырысып біржынысты некені заңдастырып жатқан батыс елдерінің «өнегесін» қосыңыз. Міне, өкінішке орай, осындай «озық» ойлау жүйесі мысықтабандап миымызға еніп барады. «Дерт батпандап кіреді» деуші еді аталарымыз…
Ауруын жасырған – өледі, мойындаған – айығудың жолына түседі. Біздің ем: хақ дін Исламмен біте қайнасқан ұлттық дәстүр, Құраннан нәр алған шынайы білім, иманмен оянған Ар-Намыс! «Жаманды заман илейтінін» ұмытпайық… Басты қателік, бәлекеттің негізгі себебі – имансыздықтан туындайтын надандық: өзінің жан-дүниесін, өмірдің сырын, Жаратқанның құдіреті мен үкімін танымау; яғни дінсіздік дерті…
Сонымен махаббат деген не? Ғашықтық деген не? Абай хакім: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, құмарлық бір нәпсі үшін болады сол» – дейді. Яғни, «құмарлық – нәпсіге, адам бойындағы айуандық табиғатқа тән нәрсе» – дейді. Тағы да Абайша айтсақ:
«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ, көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркімінен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!
Көп жүрмес, жеңсікқойлық тез-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсік құмар, жатқа қозар…»
Міне, махаббаттағы тұрақсыздық, көрсеқызарлық, «сүйіктіңнен» жалығу, «жас иіс» іздеудің себебі – адамның тереңіне бойлап, қадір-қасиетіне жете алмайтын, сырттай ғана жанасып, «серілік» құруға құлшынып тұрар нәпсінің, құлқыны тоймас құмарлықтың әлегі…
Ғашықтық – адамды қадірлеудің шыңы: Шебер Иеміз қасиетті Құранда «көркем жараттым, жер бетіне халифа еттім» – деп ардақтаған адам баласының бастағы көзге көріне бермес қасиетті өзегін сезіп қалған көңілдің көреген күйі! Өзіне ғашық болған адамның жылап жүргенін көріп, «менен не тауып алды екен сонша?!» деп таңырқаған пенде, тіпті өзі көре алмаған, өзінің идеалды бейнесін, «нағыз менін» сол бір жанның, қайран ғашықтың көргенін білсе еді… Ләйліні көріп қоңылтақсып қалған патшаның сұрағына «Тақсыр, Ләйлінің сұлулығын көргіңіз келсе, мына менің көзіммен қараңыз» деп жымия жауап берген Мәжнүнді еске алыңызшы. «Сұлу – сұлу емес, сүйген сұлу» деген осы да!..
Ғашықтық – адамды өз дәрежесінде сыйлай білуді, сүйе білуді үйрететін мектеп. Шын сүйген адам «пенделік» менінен биік тұруды үйренеді; сүйгенінің көңілі үшін өзімшіл нәпсісін құрбанға шалуды үйренеді…
Ғашықтық – жетілуге, Ерлікке шақырған Тәңір үні. Есіңізде болса, сол бір ғажайып күй бойыңызды билеген кездегі жарыққа, жақсылыққа, кемелдікке ұмтылған сергектігіңіз, тау қопарардай жалынды жігеріңіз қандай еді?! Сол күйді сақтай алған, қайта тапқан жан қандай бақытты!..
Ғашығыңа қосылмау – махаббатсыз қалу емес. Өйткені: махаббат – жанға тән тұрақты қасиет, ал ғашықтық – сол қасиетті оятушы, іске қосушы себеп қана. Ғашықтық – нұрлы әлемге шақыру болса, махаббат – сол әлемді өз өміріңде орнату әрекеті; ғашықтық – сый болса, махаббат – еңбекпен келген дәреже, абырой… Ал адамның өз бойынан бұл патша сезімді, Қасиетті таба алмауы немесе жоғалтып алуы – тәрбие кемдігі, дүниетаным таяздығы; күнәлардың кесірі…
«Көрінгенге көз сүзген» (нәпсінің жетегіндегі) арсыз көңілді тек имани жігер ғана тізгіндейді. Бұл – өзіңді өзің зорлау емес, өзіңді тану, ғұмырыңды Мәнге бағындыру. Бұл өмірдің – сын, Ақыреттің – шын екенін түсінген жанның саналы әрекет-амалы. Бұл – пенденің берілген тағдырға деген шүкірлігі, Тәңіріне тәубесі. Ендеше, махаббат – түп мәнінде Сенімді серік еткен имани сезім; әркімнің жан-дүние байлығына орай дамитын немесе әлсіреп, жоғалатын ғашықтық күйдің жалғасы, іске асу формасы һәм рухани ерлік…
Ғашықтық – адамның кемел бейнесінің бір сәттік жалт етуі болса, махаббат – қос жүректің үйлесе соққан дүрсілі ғана емес, сол кемелдікке жету жолындағы бірлескен саналы әрекет, сабырлы ұмтылысы. Шын сүйген жан сүйіктісінің көйлегінің көк, қарнының тоқ болғанын ғана ойлап қоймай, ең әуелі оның ақыл-ойының жетілуіне, сезімінің сұлуланып, мінезінің мінсізденуіне барын сала отырып, өз арын да шыңдайды. Себебі: сүю – елжіреу мен еркелету ғана емес, талап пен қажетті қаталдық та: ыстық құмарлық – салиқалы сыйластыққа, таңданыс – қамқорлыққа, жұптасу – жауапкершілікке, ғашықтық – достыққа жеткізген кезде ғана отбасылық өмірге береке еніп, махаббат салтанат құрмақ. Атам қазақ «Қосағыңмен қоса ағар» деп бата бергенде, «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп бәтуа айтқанда, отбасылық өмірдің тұрмыстық тынысын емес, рухани астарын меңзеп тұр…
Иманның алтын қазығы – Жаратушының бар және Бір екенін мойындау арқылы мәнсіз нәрсенің, мағынасыз істің болмайтынына да бас ұру. Ислам қағидасы бойынша махаббаттың шыңы – адамзаттың сұлтаны Пайғамбарымызды (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүю, сол арқылы Аллаһ Тағаланы сүю. Бұл махаббат – иманның толықтығының көрінісі, адами кемелденудің шарты болып есептеледі. Кез-келген ғибадат секілді, біздің сүйгенімізге Раббымыз мұқтаж емес, ықыласты… «Махаббатпен жаратқан» (Абай) мейірімі мол Иеміз бойымыздағы асыл қасиеттеріміздің ашылып, бақыт бағына кіруімізді; жаратылысымызға сәйкес тұғырымызға көтеріліп, жауһардай жайнағанымызды жақсы көреді және Өзіне, адамдық биік дәрежемізге үздіксіз шақырады: ғашықтық пен достық арқылы да, қуаныш пен қасірет арқылы да шақырады…
«Сүйіктінің кемелдігіне сай сүюші де жетіледі» деген сырлы сөзге салып қарасаңыз: Аллаһ Тағаланы, екі дүниенің сардары Мұхаммед Мұстафаны (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүйген адамның, тілмен емес, ділмен – шын жүрекпен сүйген адамның басындағы хәлі мен алдындағы асқарын елестетудің өзі бойға діріл таратпай ма?! (Құдіретің мен Мейіріміңнің құрбанымыз, я, Аллаһ Тағала!!!) Екі адамның арасындағы ғашықтық – осы Ұлы Махаббатқа ұласқанда ғана мәнін жоймайды; тек сонда ғана олардың арасындағы адами махаббат гүлдей бермек. Бұдан шығар қорытынды: ғашықтық – рухани өмірге шақырған, Өзінің құдіретін сездірген Тәңір үні, ал махаббат – сол үннен оянған қасиет. «Сенімсіз махаббат жоқ, имансыз кәмәләт жоқ, ғашықтыққа жетер ұстаз жоқ» (Руми); «Махаббат – сәулесі зор Құдай нұры, сол нұрды көрген адам қалмас құры» (Мәшһүр Жүсіп)…
Әрине, имансыздық ваккуумінде ер жетіп, санасыздық эрозиясына ұшыраған, исламафобияның вирусы жұғып, «тұтынушылық» дертімен ауыра бастаған біз үшін «Не қылсаң да, ғашық қылшы, Пәруардігер!» деп зар илеген Ясауи бабамыздың, «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп еміренген Абай атамыздың асыл сөздеріне бойлағаннан гөрі, «төсектегі төңкеріс» пен «көшедегі күнкөрісті» түсіну оңай болар. Мұндай әңгіме қозғау кейбіреуге әпенділік боп көрінер. Бірақ, әркім өзіне тиесіліні алады, қасиет – күткенге қонады, мақсат – жүргенге жеткізеді…
Сөз соңы өзінің ғашық болғанын күмәндана еске алушы бауырға арналады: «Өзіңе сенбе, өзгеге сенбе бүгінгі. Алғаш рет жүрегіңде бүршік атып, тамыр жайған қасиетті де парасатты ізгілікке сен. Әлдекім мысқылдай күліп, «шырағым, өмірдің бұл сұрағына біз де жауап іздеп шарқ ұрғанбыз, бірақ таппағанбыз; сонан кейін өзгелер құсап тулап-тулап қойғанбыз» – десе, әсте сенбе! «Сенің бұл ниетің жастық шақтың орындалмайтын арманы ғана; бәріміз де арман қылдық, қол создық; сүйтсек, өмірдің өз талабы, өз қалауы бар екен; ендеше «өмір былай болар ма еді» деп бос қиялдағанша, сол өмірдің талабына сай әрекет қыл» дегендерге сене көрме! «Ізгілік пен Ақиқаттың толық үстемдік етуі мүмкін емес» дейтіндерге сене көрме! Тәңірі тектес сезім шырағы алғаш рет көкірегіңде жарқ етіп тұтанған киелі шақтағы, әу бастағы, адал шақтағы өзіңе сен! Сол шырақты өшіре көрме; бар қуатыңды пана қылып жандыра түс, лаулай түссін!» Лев Толстой (Аударған Төлен Әбдік).
Ғашықтықтың шақыру, махаббаттың рухани жетілу мектебі екенін, арманға адал, мақсатқа берік болу керек екенін бұдан артық айта алмаспыз.
Алғадай Әбілғазыұлы