Сұрақ: Қасиетті Құран Кәрімде алғашқы мұсылман кім?

Жауап: Көптеген мұсылмандар мен қасиетті Құранды оқыған басқа дін өкілдері «Ағраф» сүресінің 143-аяты және «Әнғам» сүресінің 162-163 аяттарын оқығанда «Бұл аяттар бір-біріне қайшы ғой, алғашқы мұсылман кім?» деген сауал келуі бек мүмкін.

Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен Құран Кәрімде бұл жайлы айтылған аяттардың мағынасына тоқталып өтейік. «Әнғам» сүресінің 162-163 аяттарында:

«Намазым, ғибадатым, тірлігім, ажалым күллі әлемнің раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Мен тек Аллаға құлшылық етуге бұйырылдым. Мен мұсылмандардың алғашқысымын» – делінсе, ал «Ағраф» сүресінің 143-аятында:

«Мұса уәделі уақытында келіп, Раббы оған тіл қатқанда: «Раббым маған өзіңді көрсет! Әбден көріп алайын» деді. (Алла) «Мені көре алмайсың, бірақ анау тауға қара. Егер тау орнында қозғалмай тұра алса, мені көре аласың» деді. Раббы тауға сәуле түсірді де, оны тас талқан етіп тегістеп жіберді. Мұса талып қалды. Ол есін жиып: (Раббым) «Сен пәксің, саған тәубә еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» – делінген.

Бұл екі аятта қайшы болып көрінген сөздер ардақты Пайғамбарымыздың «Мен мұсылмандардың алғашқысымын» деуімен қатысты. Бұған ұқсас Құран Кәрімнің «Зумар» сүресінің 12-аятында «Сондай-ақ, тұнғыш мұсылман болуға бұйырылдым деп айт» – деп, Алла Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға бұйырғанын көре аламыз.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ислам терроризмді қолдай ма?

«Иман» сөзі Алла тарапынан келген барлық діндерде қолданылған ортақ сөз. Ал, «Ислам» болса, әмірлері мен тиымдар арқылы Аллаға толық мойынсұнуды білдіреді.

Сондықтан да иманның шарттарын шеңберіне алған Ислам сөзі, Хазреті Адамнан (ғ.с) соңғы Ислам дініне дейінгі Алла тарапынан келген барлық діндердің атауы бірдей болған. Бұл теорияға сүйене отырып, әр Пайғамбар өз үмбетінде әлбетте алғашқы мұсылман болады. Өйткені, әр Пайғамбар үмбетінде алғашқы болып, Аллаға сенген және оның әмірлері мен тиымдарына мойынсұнуы әлеуметтік және хронологиялық тұрғысынан да мәжбүрлі.

Осыған сәйкес:

– Хазреті Ибраһим (ғ.с) өз заманындағы алғашқы мұсылман;

– Хазреті Мұса (ғ.с) өз заманындағы алғашқы мұсылман;

– Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) өз заманындағы алғашқы мұсылман;

Яғни, жоғарыда айтылған аяттар арасында ешқандай қайшылық жоқ деген қорытынды жасай аламыз.

Исатай Бердалиев

Ислам Құқық Ғылымдарының докторы

Пікір жазу