Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының саяси, философиялық, діни қырларын бөлек-бөлек талдауға болады. Оның әрқайсысы ауқымды зерттеуді қажет етеді. Дегенмен, біз тек діни қырын ғана сөз етіп көрейік.
Иә, «әл-бақи» – Хаққа тән сипат. Оған ешкім дауласа алмайды әрі «әл-бақи» сипаты Алланың құдіреттілігін әйгілейді. Әйтсе де, біз Тәңір-Тағаланың қалауымен базбір болмыс түрлері мәңгі-бақилық болып жаратылған деп айта аламыз. Мысалы, Ұлы Жаратушының сүйікті құлдарына әзірлеген жұмағының басталуында кесім болғанмен, оның соңы жоқ. Бұл хақында Хақ Тағала Құран-Кәрімде: «(Мұхаммед Ғ.С.) иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннәттар бар. Әрқашан оларға оның жемісінен бір ризық берілсе, олар: «Осы бізге бұрын да беріліп еді» дейді. Тағы оның ұқсасы келтіріледі. Әрі олар үшін онда тап-таза жұбайлар да бар. Олар онда мәңгі қалады» (Бақара, 25) деп бұйырады. Яғни, жұмақтық қауым үшін бақытты ғұмыр кешу мәңгілік.
Мемлекет және құқық теориясы ғылымында екі дүниенің бақытымен қауыштыруды іске асыратын жоғары саяси ұйым теократиялық мемлекет деп аталады. Теократиялық билік өз азаматтарын мәңгілік бақытпен қауыштыру үшін ең алдымен Алламен байланысын нығайтады, сондай-ақ, қоғамдық қатынастарды реттеуде діни нормаларға жүгінеді. Тіпті, отбасылық қатынас та шариғат бекіткен заңдылықтарға негізделеді. Ал, шариғат шарттарына жүгінгеннің қайтарымы ретінде азаматтарды жұмақпен сүйіншілейді. Мысалы, 621 жылғы Ақаба келісіміндегі шарттарға мойынсұнуға уәде берген Мәдиналық мұсылмандар: «Уа Алланың Елшісі! Бұл шарттардың қайтарымы не болады?» дегенде, Хақ Елшісі (с.а.у): «Жұмақ болады» (мәңгілік бақыт) деп жауап берген еді. Тарихшылар осы Ақаба келісімдерінің негізінде Мәдина Ислам мемлекетін құрылды деп біледі. Олай болса, Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің соңынан ергендерді екі дүниенің бақытымен қауыштыруды көздеген «Мәңгілік елді» құруға ұмтылған еді.
Үшінші мыңжылдықтың қарсаңында тағдырдың жазуымен егемендікке қол жеткізген Алаш баласы Атазаңында өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Зайырлы мемлекеттің заңдары тікелей тылсымдағы бақытқа (жұмақ) қол жеткізуді мақсат етпейді. Негізінен халықтың бұл дүниедегі мәселелерін шешуді қолға алады. Әйткенмен, зайырлы мемлекетте азаматтардың мәңгілік бақытпен (жұмақ) қауышуына құқықтық тұрғыда толығымен мүмкіншілік қарастырылады. Оған мынадай екі аргуменетті алға тартуға болады:
Біріншіден, Ислам ақидасы бойынша ақыретте Алланың рахымы тек момын-мұсылмандарға нәсіп болады. Хақтың осы шексіз мейірімінің арқасында момын-мұсылмандар жұмаққа кіре алады. Ал, зайырлы мемлекет өз азаматтарының Аллаға сеніп, момын-мұсылман болуына ешқандай кедергі келтірмейді. Яғни, зайырлылықтың атеизмнен айырмашылығы азаматтардың діни сенімді таңдауына толық еркіндік береді. Бұл біздің елімізде мәңгілік бақытпен қауышудың негіздемесі бар деген сөз.
Екіншіден, Ислам шариғаты бойынша бекіген парыз, уәжіп, сүннет амалдарды мүлтіксіз орындаушы адам ғана жұмаққа кіре алады. Ал, зайырлы мемлекетте өз азаматтарына сенім бостандығын бере отырып, олардың діни ғұрыптарды ұстануына рұқсат береді. Мысалы, біздің елімізде мұсылмандардың намаз, ораза, зекет, қажылық т.б құлшылық амалдарды һәм қоғамдық және отбасылық қатынастарда діни шарттарды ұстануына мол мүмкіншілік қарастырылған. Яғни, мұсылмандардың ақыретте есеп күні сүрінбесі үшін бұл фәниде діни ғұрыптарды жүзеге асыруына толықтай рұқсат етілген. Бұл мүмкіншілікті мәңгілік бақытпен қауышудың алтын тұғыры десек асыра айтқандық емес.
Түптеп келгенде айтпағымыз, «Ханда қырық кісінің ақылы болады» демекеші, Елбасымыз «Мәңгілік ел» идеясын тектен-текке айтып отырған жоқ. Біздің зайырлы мемлекетімізде азаматтардың жұмақпен қауышып, мәңгілікке қол жеткізу мәселесі олардың ар-ұждан бостандығына қалдырылған. Демек, мәңгілікке иек арту үшін ең алдымен өзіміз ынталы болуымыз шарт. Осы себептен де мен «Мәңгілік ел» идеясын қызу қолдаймын.