Халыққа Мәулана есімімен танымал Жәләләддин Румидің «Мәснәуиінде» мынадай бір хикая бар. Бір күні Ләйләға ғашық Мәжнүн бір ұрғашы түйеге мініп, сүйгенінің ауылына қарай бет алады. Мәжнүннің есіл-дерті – ғашығының ауылына тезірек жету. Ал інгеннің бар ойы артында қалған ботасында. Оның да есіл-дерті – кері қайтып, тезірек ботасына қауышу.
Біраз жол жүргеннен кейін Мәжнүннің көзі ілініп, қалғып кетеді. Сол сәтте түйе де кері бұрылып, ботасына қарай желе жөнеледі. Мәжнүн өзіне келіп, оянғанда, түйенің әжептәуір кері кетіп қалғанын байқайды. Ғашығына асыққан Мәжнүн түйенің басын қайтадан Ләйләнің ауылына қарай бұрады. Мәжнүн қайта қалғып кеткенде, түйе тағы да ауылға қарай тарта жөнеледі.
Бұл сапар әрі-бері жүрумен екі-үш күнге созылып кетеді. Ғашығына қауыша алмаған Мәжнүн үшін бұл екі-үш күн жеткізбей қойған жылдардай болады. Ақырында бұл сапардың бұлайша бітпейтінін түсінген Мәжнүн түйесінен түсіп:
«Әй, түйе! Екеуміз де ғашықпыз, бірақ сүйгендеріміз екі жақта. Бұл түрімізбен бір-бірімізге жол серік бола алмаймыз. Бірге болуымыз да көздеген жерімізге жеткізбей қойды. Ең дұрысы – жолымыз осы жерден екіге айрылсын», – деп түйені өз жайына қоя береді.
Қиссадан ғибрат:
Ләйлә кім, Мәжнүн кім, түйе не?
Ләйләға ғашық болған Мәжнүн – Раббысына қауышуды аңсаған рух. Ал ботасын ойлаған түйе болса, рухтың мініс көлігі болған дүниеқұмар нәпсі.
Шәкәрім Құдайбердіұлы айтпақшы:
Жан құмары – істемек, біліп алмақ,
Бөгет бола береді дене, салмақ.
Асыл іздеп асылды аласұрар,
Амал бар ма, денесіз қайда бармақ?
Жан талпынар талайды көрмек үшін,
Әр сырын дүниенің білмек үшін.
Дене байғұс салмақ боп баса берер,
Жаралған ғой түбінде өлмек үшін.
Шәкәрімнің жан дегені – рух, дене дегені – бар қажеттілігін денені жұмсап тояттайтын нәпсі. Рухтың бар аңсары – құзырынан келген Раббысына саф күйін сақтап қайта қауышу. Алайда, бұған үнемі нәпсі кедергі бола береді, тура керітартпа түйенің қылығын жасап.
Ендеше не істемек керек?
Рухқа бір сәтке болсын қалғып кетуге рұқсат жоқ. Рух ғапылдық ұйқысына шомды ма, бас бермес нәпсі сол сәтте Жаратушысына ұмтылған рухты жолынан қалдырып, құрдымға қарай тартып әкетеді. Ол үшін адамға нәпсісін айтқанына көнетін, айдағаныңа жүретіндей етіп тізгіндеу керек.
Хасан Басри айтпақшы, «Бұл дүниеде нәпсіден асқан құрықтап мінуге лайық мініс көлік жоқ».
Өкінішке қарай, бүгінде көбіміз «ұйқыдамыз, өлгеннен соң оянамыз». Бірақ, ол кезде бәрі кеш болады. Сол үшін «өлместен бұрын өліп», ғапылдық ұйқысынан оянатын кез келді.
Хасан Басриден біреу:
«Уа, шейх! Жүрегіміз ұйқыда (ғапылдықта) болғандықтан сөздер көңілімізге әсер етпейтін болып жүр, не істемек керек?» – деп сұрайды. Сонда Хасан Басри: «Ұйқыда болса, жақсы ғой. Себебі, ұйқыдағыны түртіп оятуға болады. Ал сендердің жүректерің өлген, қанша түртсек те оянбайды!» – деген екен.
Бұл күйден бізді сақтасын…
Салтан САЙРАНҰЛЫ