Құрбан айт уақытында мұсылмандар екі маңызды шара атқарады. Олардың біріншісі – Алла жолында құрбандық шалу, екіншісі – Қажылық парызын орындау. Сонымен қатар, Құрбан айтта қажылыққа кеткендердің тысындағы мұсылмандар Айт намазын оқиды. Құрбан айттың бірінші күні ораза ұстауға болмайды.
Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Мынау кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп, дін жіберген. Құран Кәрімде «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп бұйырылған. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі.
Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. «Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса, ол болсын» деген түсінік оған жат. Өйткені «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелірінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады» деген Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Қажылықтың парыз екендігі Құран Кәрімнің: «Ол жерге баруға шамасы жеткен барлық адамға Алла үшін Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасау – парыз», «Қажылықты және умраны Алла үшін тәмамдаңдар» деген аяттарымен бекітілген. Сөз орайы келгенде Қажылық парызды орындау үшін неге Мекке қаласына сапар шегетінімізді де айта кетейін. Себебі, Қағба – мұсылманшылықтағы таухид сенімінің рәмізі мен нышаны. Қағба – күллі мұсылман баласының қияметке дейін намаздарында және жалпы барлық қайырлы істерінде жүздерін бұратын және қажылықта бастарын қосатын бірден бір киелі орын.