Мысыр мемлекетінің Уақф министрлігі қадір түніне орай ұйымдастырған жиында сөйлеген Әл-Азһар университетінің жоғарғы имамы Шейх Ахмет Тайыптың баяндамасы осы шараға қатысушыларға ғана емес, мұсылман әлеміне жолданған үндеу болғандықтан, оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Құрметті қасиетті жиынға қатысушылар! Құрметті президент Абдул Фаттах ас-Сиси мырза!
Бүгін біз барша адамзат үшін өмірлік қағиданы қамтыған ұлы Құран түскен қадір түнін ерекше атап өтудеміз. Бұл Кітап 14 ғасыр бойы адамзатты туралыққа, әділдікке, кішіпейілдікке, жалпы адамкершілікке шақырып келеді. Дегенмен Құранның мазмұнын теріс тәпсірлеп, өз мақсаттарына жету үшін түрлі идеологиялар дүниеге келді. Соның салдарынан мұсылмандардың ауызбіршілігі, бір болып түскен дін санқырлы арнаға бөлініп кетті. Мен осы тұста араб елдеріндегі жағдайды баса айтқым келеді.
Қазіргі таңда кезінде ислам дінін алғаш болып тараған қасиетті болған осы мекендер бүгінде қантөгіс майданына айналып үлгерді. Бұл өз кезегінде сол елдерді қаралаумен қатар ислам дініне «терроризм» тіркесін қосып қойды.
Мен осы тұста исламофобия дертінің әлемге таралып кеткенін қатты айыптаймын. Біздер бүгінге дейін бұл дерттің емін табу үшін көптеген халықаралық басқосулар, жиындар мен конференциялар ұйымдастырып отырмыз. Қаншама қажырлы еңбектер мен уақыттар жұмсалуда. Бұл үшін әлемдік діндердің басын біріктіріп, дінаралық ынтымақты, татулықты насихаттайтын алаң ашудамыз.
Әйтсе де, Батыс елдері мен Америка құрлығының халықтары арасында исламға деген негативті көзқарас өршіп жүр. Мұндай көзқарастардың туындауының басты себебі – ислам туралы дөрекі фильмдердің түсірілуі, газеттер мен журналдар және ғаламтор беттеріндегі шындыққа жанаспайтын ақпараттар болып отыр. Десе де, біздің қолымызда мұндай терминді жою үшін барлық мүмкіндік бар. Ол үшін үздіксіз исламды дұрыс бағытта насихаттау барысында жұмыстар жасала беруі керек.
Біз бүгінге дейін әлемде христианфобия, иудейфобия және буддафобия деген терминді естіген емеспіз. Мен бұл туралы ақпараттар Батыста да, Шығыста да ешбір жерде жарияланбайтынына кәміл сенемін. Мен барлық исламды қаралаушы адамдарға үндеу тастағым келеді.
Біз, мұсылмандар, ешуақытта Иса мен Мұса пайғамбарларды шаңның тозаңындай болса да былапыт сөздермен қорлаған емеспіз және қорламаймыз да. Бұған қоса біз аталған пайғамбарлардың жолымен де жүрмейміз. Біздің әлемдерге рақым етіп түсірілген өз пайғамбарымыз бар. Әр дін өкілі өзге дінді сыйлай білуді үйренуі керек. Осындай исламға қарсы радикалды топтардың кесірінен қаншама мұсылмандар қан төккен. Мұндай соғыс майданы крестжорықтарынан бастау алып, кешегі Жаңа Зеландиямен болған оқиғамен жалғасып отыр.
Сонымен қатар, ешбір мұсылман сан ғасырдан бері ешбір дін өкіліне не христиан, иудайзм дініне қарасты теріс көзқарас білдірмегенін баса айта аламын. Себебі, ислам бізді біреуге тіл тигізуге емес, керісінше, татулықта ғұмыр кешуге итермелейді. Әрбір мұсылман бір дінге қарсы сөз сөйлемес бұрын ол оның бұл сөзі ауызынан бұрын дінінен шығарып жіберетінін бекем біледі. Сондықтан өзге дін өкілдері де мұсылмандарға тиісті қатынаста болулары шарт. Мұсылмандарға зияндары тигізуді доғару керек. Әрбір адам жаратылысынан көркем болған. Сол үшін жаратылысқа сай өмір сүріп, өзгеге де бейбіт ғұмыр кешуге септігін тигізу керек.
Аударған Жалғас АСХАТҰЛЫ