Бұл хақында Хақ-Тағала: «Күн мен ай (өз кеңістігінде) белгілі мерзім бойынша мәлім есеппен жүреді» (Рахман, 5) деп бұйырған болатын. Ал, мұсылман қауымының ай есебін ұстануының себебі Ұлы Жаратушы Құран-Кәрімде: «Нұр шашыратып күнді, жарығын жайғызып – айды жаратты Алла. Сонан соң сендердің жыл және ай мерзімдерін айыруларың үшін олардың орындарын белгіледі. Алла оны жайдан жай жасаған жоқ. Біле білгенге Алла аяттарын осылайша айқын түсіндіреді» (Жүніс, 5) деп бұйырған-тын. Күн есебінде 365 күн болса, ай есебі бойынша бір жылда 354 күн бар. Ай есебінің 354 күн болуына орай Рамазан айы кейде жиырма тоғыз күн, кейде отыз күн болып келеді. Бұл хақында Хақ Елшісі (с.а.у): «Біз арабтар үмми (оқу, жазудан бейхабар, сауатсыз) бір қауымбыз. Не жаза алмаймыз, не есептей білмейміз. Бір ай кейде былай (Пайғамбарымыз (с.а.у) саусағымен жиырма тоғыз күнді санап шықты), ал, кейде былай (Пайғамбарымыз (с.а.у) отыз күнді санап шықты) болып келеді» (Бұхари, Савм: 13, Мүслим, Сиям: 15, Әбу Дәут: 4) деген болатын. Яғни, Рамазан айының кейде жиырма тоғыз күнде, кейде отыз күнде үзілуіне байланысты мұсылман жұртшылығы кейбір жылы жиырма тоғыз күн, кейбір жылы отыз күн ораза ұстайды.
Күн есебіне сүйенетін ғайри мүслимдер (жөйттер мен христиандар) жылда тек белгілі бір мерзімде ораза тұтады. Оларға қарағанда ай есебіне сүйенетін мұсылман қауымның ауыз бекіту мерзімі күн есебі бойынша әрбір жылы он бір күнге кейін шегеріліп, өзгеріп отырады. Әсілі, ай есебін ұстану күн есебінің өлшеміне қарағанда ретсіздеу болып көрінгенімен, мұнда илаһи әділетті бір шешім бар. Егер, ораза тұтуда күн есебін ұстанар болсақ, онда ұдайы тек жылдың белгілі бір мезгілінің жеңілдігін немесе ауыртпалығын тартар едік. Мәселен, қыс мезгілінде күн қысқа, түн ұзақ болғандықтан, ауыз бекіту жеңілдеу. Бұл жөнінде Хақ Елшісі (с.а.у): «Қыста ораза ұстаудың сауабы тер төкпестен оңай қолға түскен олжа іспетті» (Тирмизи, Савм: 73, Муснад, 4: 335) деген болатын. Ал, жаз мезгілінде керісінше күн ұзақ, түн қысқа болғандықтан, ораза ұстау оңайға соқпайды. Яғни, ай есебімен ауыз бекітсек жылдың төрт мезгілінің рухани шуағына бөленеміз. Сонымен бірге, егер ғайри мүслимдер тәрізді жылдың белгілі бір мерзімінде ауыз бекітетін болсақ, онда жер бетіндегі халықтың бір бөлігі ұдайы қақаған қыс мезгілінде, бір бөлігі аптап ыстықта ауыз бекіткен болар еді. Ал, дініміз ай есебіне жүгінгендіктен, жер бетіндегі мұсылман жұртшылығы әрбір жылы он бір күннің ауысуып отыруымен жылдың төрт маусымында да ораза ұстап шығады.