АСТАНА. 9 шілде. E-ISLAM.KZ – Араб елдерінде бүлік бұрқ еткенде, батыс елдері бұл құбылысқа «араб көктемі» деп ат берген еді. Сириядағы ахуалға қандай баға берілуде? Бұл әлгі батыстың білгіштері ат қойып, айдар таққан сол “Араб көктемінің” заңды жалғасы ма, әлде сыртқы күштердің ықпалымен тұтанған өрт пе? Басқа араб елдеріндей мұнайы, газы жоқ бұл Сирияда әлем алпауыттары не жоғалтты? Білдей бір мұсылман еліне жиһад жариялаған кімдер? Осынау қанқұйлы қықтығыстың артында кімдер тұр? Тілшіміз
Нұрбек Бекбау мен белгілі ислам зерттеушісі, ғалым, “E-islam” сайтының меншікті сарапшысы Мұхан Исахан арасында өрбіген келелі сұқбат осы сұрақтарға тұшымды жауап беруімен құнды деп білеміз, оқырман. Оқи отырыңыз…
– Сирия дағдарысы. Қазір радикалдық күштер Башар Асадтың билігін құлатамыз,-деп соғысып жатыр. Қайсібір террорлық ұйымдар билікке қарсы «жиһад» жариялап жібергені де бар. НАТО елде тыныштық орнату үшін әскер кіргізу керек деп отыр. Ал, Қытай мен Ресей «жоқ» деп көнбейді. Батыс пен Ресей Сирия үшін неге таласып жатыр?
– Әдетте, мынау әлемдегі алпауыт мемлекеттердің тайталасы қазба-байлығы мол елдерге қатысты болып жатады. Бірақ Сирияны қарайтын болсаңыз, өзге араб елдерімен салыстырғанда географиялық орналасуы болсын немесе қазба байлығы болсын, потенциалы әлдеқайда төмен мемлекет болып саналады. Дегенмен, білесіздер әлемдегі ең құдіретті болып саналатын АҚШ және оның сапындағы солтүстік Альянс. Ал оған қарсы лагерде Ресей мен Қытай Сирияда бір-біріне қарама-қарсы келіп отыр. Не себеп дегенде оның біріншісі –әуелден келе жатқан қырғи-қабақ соғыстың жалғасуы. Ресей Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бірнеше жылдар өзінің әскери әлемдік деңгейі төмендегенмен, соңғы 10-15 жылдағы экономикалық деңгейін түзеп алғаннан кейін бұрынғы айбарын көрсете бастады. Бірінші себебі – менімен ақылдаспай («мен» деген тырнақша ішінде) Менсіз әлемде ешқандай өзгеріс болмайды деген талаптың салдары Сириядағы дағдарыс. Екінші осы қарасаңыз, Қытай болсын, Ресей болсын, АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері болсын, бұлардың ешқайсысы Исламдық мүдденің жоқтаушылары емес. Ал соғыс мұсылмандардың арасында болып жатыр.
– Әлем алпауыттарының Сирия үшін, неге бір-бірінің жағасынан алып жатқаны түсінікті болды. Енді мынау бір дүниені түсіндіріп берсеңіз. Радикалды ұйымдар, Башар Асад билігін кәпірге балап, бұл жүйеге қарсы жиһад жариялап жіберді. Неге? Соғысып жатқанның екеуі де мұсылман емес пе?
Діни қарама-қайшылық неде десеңіз, бұл жердегі тарихтан келе жатқан тартыс. Шиғалар мен суннилердің арасындағы кикілжің. Сирия мемлекеті 10 пайызға жетпейтін шиғалық ағымдар өмір сүреді. Алауиттер және дүрзия ағымдары өмір сүреді. Ал 80 пайыздан астам халық сүннетті ұстанады. Қалғандары христиан өкілдері. Сирия халқының басым көпшілігін мұсылман сүннилер құрайды.
Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін, Сирия Франциядан тәуелсіздігін алып шыққан кезде, бұл ел өзінің тәуелсіздігін қорғау үшін, әртүрлі саясаттарға ұрынды. Бір уақытта Мысыр екеуі бірігіп, бір мемлекетті құрған кезі болды. Еуропаның демократиялық жолына түсеміз деп, партиялық сайлауды алып келді. Дегенмен, 50-ші жылдардың ортасында, араб мемлекеттерінің басшылығына әскери адамдар келді. Ол да бір сырттан жасалған ойын. Сирияға да сол ойынның нәтижесінде, мынау алейиттердің көсемі Хафез әл Асад қазіргі Басар Асадтың әкесі, билікке келді 1972 жылы. Ресми түрде Сирияның президенті болды. Осы кезден бастап Сирияны алавиттік, шиғалық империясы деп атай бастады. Бұл әрине сунниелер тарапынан таңылған бояу деп айтуға болады. Бірақ шын мәнінде, Басар Асад немесе оның әкесі Хафез Асад болсын, оның ешқайсысы Сирияның мүмкіндігін шиғалық ілімді насихаттауға жұмсаған емес. Әрине демократиялық принциптерге қайшы дүние: Діни бір азшылық топтың бүкіл Сирияның қаймағында, уысында ұстап отыруы, бар билікті тізгінге алуы бұл батыстың көзімен қарасаң дұрыс емес. Дегенмен Сирияда сүнниттік ілімнің насихатталуына, қанат жаюына Хафез әл-Асадтың кезінде барынша мүмкіндік жасалды. Кешегі Басар Асадтың авторитарлы режимін құлатуға батыс от тастаған кезде, соны жиһадқа ұластырған радикалды-такфириттік, салафиттік кейбір саяси күштер іліп алып кетті. Мақсат – Сириядағы мектепті құлату. Себебі – Ислам әлеміне қарайтын болсаңыздар, мұсылман құқығының теориялық методологиясы ең дамыған ел бұл Сирия болатын, әлемдегі фиқх ғылымының білгірлері осы Сирияда болатын. Әлгі Рамазан әл Бути сияқты ірі ғұламалар осы елде еді. Бұл ғалымдар, сунниттік ілімді тереңірек меңгергендіктен, такфириттік-салафилік мектептің адымын аштырмай қойды. Катардың, Сауд арабиясының ғалымдары Сириядағы ғұламалардың қарсы тұжырымдары тұрғанда, олар уахабилікті кеңінен насихаттай алмайтын еді. Әрине әскердің күшімен, қаржылай, ақпараттың күшімен насихаттауға тырысып жатыр. Өзіне діни һәм ғылыми тұжырымдарымен қарсылық көрсетіп жатқан Сирия мектептері болғандықтан, ол жердегі соғыстың болуына, ол жерде мұсылмандардың басына қара бұлт үйірілуіне уахабилік мектептердің шейхтары ықпалды болды. Және Сирияда жиһад бар дегенде уахабилік шейхтар.
– Сауд Арабиясы демекші. Бұл корольдік өз ішінде қандай да бір толқу болса басып тастайды. Бүлік, билікке қарсы шығу – харам деп пәтуа шығарған. Солай бола тұра, Сириядағы Асад билігімен күресіп жүрген радикалистерге, қаржылай да, қару-жарақ, моральдық тұрғыдан көмек беріп жатыр. Бұл басқа жерде билікке қарсы шығуға болады, ал үйде болмайды дегенді білдіре ме? Сириядағы соғыс жиһад па? Жиһад дегеніміз не өзі?
Мұсылмандық түсінікте жиһад мәселесі аса ыждаһаттылықты талап ететін тақырып. Өзге мемлекетке барып, жиһад жасау – көп ізденісті керек ететін бір жағдай. Ислам әлемінде жиһад қалай жасалады дегенде, қазіргі «жиһадшылар» пайғамбарымыз с.а.с-нан кейінгі кемел халифтар мен одан кейінгі әмірлердің “ФАТХ жорықтарын” негізге алады. “Фатх жорықтары” дегеніміз не? Ислам әлемдегі ең соңғы дін болғандықтан ол дін тіршілік бар, жұмыр басты пенделер өмір сүретін барлық өлкеге таныстырылуы керек. Енді сол Хақ дінді насихаттайын десе, қайсібір саяси күштер сол дінді өзінің территориясында насихаттауға қарсы болды. Мәселен, Омар ибн Хатабтың кезінде, Сасанидтер Иран елінің басшылығындағы топ, Ислам дініннің таралуына бірден-бір қарсылық білдірген болатын. Фатх жорықтары қалай жасалады дегенде, тек қана, Хақ діннің насихатталуына кедергі болып тұрған саяси қалқанды құлату үшін ғана жасалады.
Ол саяси қалқан құлатылады. Ар жағындағы халыққа жиһад жасалмайды. Ол жерге барып, мешіт ашып, құтпа оқылып, дін таныстырылады. Дінді ары қарап, қабылдау-қабылдамау халықтың еркіне, ырқына қалдырылады. Яғни “фатх” деген тек қана саяси қалқанға, соны құлату үшін ғана жасалады. Енді саяси қалқан дегеніміз не? Жалпы Исламда екі ғана саяси жүйе бар. Ол “Дарул Ислам” және “дарул куфр”. “Дәрул Күфрдің” ішінен “дәрүл сүлх” және “дәрүл ахт” деген екі жүйені шығарады. Соңғы кезде ғалымдар, “дар әс-салам” деген категорияны шығарып жүр. “Дәрүл Ислам” дегеніміз не? Бұл баршамызға белгілі – бүкіл мемлекеттік құрылым, жүйе, өмір сүру қағидасы Ислами негізден тұрады. “Дәрүл Куфр” дегеніміз не – ол Исламға қарсы саяси жүйені айтамыз. Мүлде, Исламдық құндылықтарды өзінің территориясының аймағына енуін қаламайтын жүйе. Немесе оны кейде “дәрүл харф” деп атайды. “Харф” деп айтатыны соғыс аймағы. Исламмен соғысушы ел деген мағынаны береді. Енді осы жерде мынандай ашатын дүние. Мен “дәрүл сулх” пен “дәрүл ахтты” не үшін айттым?
“Дәрүл сулх” дегеніміз Ислами негіздерден тұрмайды. Бірақ Исламның құндылықтарын өзінің территориясында сақталуына, исламдық ритуалдардың орындалуына рұқсат беретін жерлерді айтады. Мәселен пайғамбарымыздың заманында Хабашстанға ауып барған сахабаларға ол елдің (эфиопия) патшасы исламдық ритуалдарды ұстануға мүмкіндік берген. Бірақ бұл елдің мемлекеттік жүйесі христиандық жүйе еді. Мұны “сулх” яғни Исламға бейбіт ел деуге келеді. Исламмен бейбіт қарым-қатынас орнатқан ел. “Дәрүл Ахт” деген де сондай. Мұсылмандармен келісім шарт жасаған. Мұсылмандарға жиза салығын төлеу арқылы, бағынған ел болып саналады да. Ол да пайғамбардың заманында Табук соғысында бағындырылған арба және изрух деген аймақтар болған. Немесе араб түбегіндегі еврейлер мұсылмандарға жиза салығын төлеу шартымен мұсылмандардың қармағында өмір сүреді. Бірақ өздерінің өмір сүру қағидасымен, өздерінің діни сенімімен өмір сүруге мүмкіндік алды. Осыны “дәрүл ахт” деп айтамыз.
– Осы арада, Исламға қарсы немесе Исламмен дос жүйелер деп айтып жатырсыз. Қайсібіреулер, Қазақстанды Исламға қарсы бір жүйеге, өзіңіз айтқан “Дәрул Куфрге” жатқызғысы келеді. Бұған не дейсіз?
Қазақстанда да соңғы кезде жиһад шақпағы әр жерде шағылып көрініс беріп жүр. Бірақ Қазақстанда жиһад жариялау үшін, бұл елді дәрүл куфр деу үшін, азан шақыруға да рұқсат берілмейтін ел болуы керек. Қазақстанда азан шақыруға рұқсат бар ма? Бар. Біздің бес уақыт намаз оқуға рұқсат бар ма? Бар! Бұдан басқа, ораза ұстауға, зекет беруге, қажылыққа баруға рұқсат бар ма? Бар! Ішкі, сыртқы 40 парыздың барлығын орындауға мүмкіндік берген ел. Демек, Қазақстан бұл жерде “Дәрүл Харф” немесе “Дәрүл Куфр” аймағына жатпайды.
– Енді Сирияға қайта оралсақ. Бұл жерде жарылыстар ұйымдастырып, үкімет әскерімен соғысып жатқандар өздерін жиһадта жүрміз. Фатх жорығында жүрміз дейді. Бұл қаншалықты дұрыс немесе олар қаншалықты қателесті?
Және айтайын, фатх кімге жасалады? Исламның насихатталуына мүлдем қарсы бір саяси жүйеге жасалады. Сондай жүйе әлемнің қай жерінде бар? Бар шығар, атеистік бірнеше мемлекетте. Ал негізінен көп елдерде, мұсылман болып өмір сүруге ешқандай тиым жоқ. Сондықтан жиһад ұғымы, яғни, әскери жиһад – ислам түсінігіне сай беріліп отырған жоқ. Және Хәнафи мәзхабында әскери жиһадты тек қана мемлекет басшысы бере алады. Ат төбеліндей, жиырма адамның басын қосқан бір ұжымның шейхтары жиһад деп пәтуа берсе, бұл дұрыс емес. Біздің Хәнафи мәзхабында тек қана саяси басшы бере алады. Әрине оның кеңесшісі дін ғұламалары болуы мүмкін. Бірақ әскери сипаттағы жиһадты мемлекет басшысы ғана бере алады.
Сондықтан Саудтың, Катардың немесе Мысырдың кей шейхтарының Сирияда жиһад бар деп айтуы бұл біздің мәзхабтың дүрбісімен қарайтын болсақ дұрыс емес болып табылады.
– Сирияға кеткен қазақтар туралы ақпарат интернетті жарғаны есіңізде. Жалғыз өздері кетсе бір сәрі. Бесіктегі бала-шағасын, әйелін қоса алып кетіпті. Шынын айту керек, майдан даласына бала-шағасымен бару деген Ислам тарихында болмаған жағдай. Керісінше, “Меккелік мүшриктер әскер аянбай соғыссын деп, әйелдерін, балаларын соғыс болып жатқан жерге апарып қаңтарып қоятын” дегенді оқыдық. Бұл қалай болғаны? Қазақстаннан 8 мың шақырым қашықтықта орналасқан Сирия жерінде жүрген қазақ жігіттеріне не жорық? Қателік неден кетті?
Біздегі болып жатқан қателіктердің астында сауатсыздық жатыр. Діни білімнің жоқтығы себеп болып жатыр. Осы діни сауатсыздықтың салдарынан біз осындай сойқандардың құрбаны болып кетіп жатырмыз. Білесіздер, Пайғамбарымыз с. ғ. с. “Ухуд соғысынан қайтып келе жатқан кезде, кіші жиһадтан ұлы жиһадқа келе жатырмыз” деген. “Соғыстан келе жатырмыз. Сонда мұнан да ауыр тағы соғысқа кіреміз бе?” деп сахабалар сұрайды. “Жоқ” дейді. “Үлкен жиһад ол нәпсімен күрес. Сондықтан бұл әскери жиһадтағы соғыстар екінші деңгейдегі амал болу керек”. Оның өзі мұсылмандық шарттарға сай, шын мәнінде мұсылмандардың өз наным-сенімен сай өмір сүруіне мүлдем тиым салатын болса, мұсылмандарға тыныштық бермесе сондай жағдайда ғана, ар-ожданын қорғау үшін, иманын қорғау үшін жиһад болуы мүмкін. Ал кешіріңіздер, Сирия демократиялық тұрғысынан қарағанда айттым. Діни азшылық топ бүкіл билікті өз уысында ұстап отыр. Бұл дұрыс емес. Ал сүнниттік тұрғыдан қарасаң, ол жер суннизм өркен жайған жер. Онда қалай сіз ол жерде жиһад бар деп айта аласыз? Әлемнің мүйізі қарағайдай ең ұлы ғұламалары Сириядан шықты. Сириядағы мектептерде жетілді, өсіп-өнді. Енді суннилік мектептің кеңінен өркен жаюына мүмкіндік берген саяси жүйені қалай сіз “Дәрул харф” деп айта аласыз?
– Сирияда жиһад жоқ. Мұны түсіндік. Өз сөзіңізде, сіз “діни азшылық Сирияны билеп отыр. Демократиялық тұрғыда, суннилердің ренішін түсінуге болады” дегенді айттыңыз. Ат төбеліндей алавиттер тобы билікке қалай келді?
Алавиттердің билікке келуінің басқа бір сыры бар. Жалпы алавиттер бір қарағанда дін негіздерін өте берік ұстанбайды. Ескі жаһилдік дәуірдегі салт дәстүрлерді әлі де сақтап келе жатқан діни бір тобыр. Екінші Жаһан соғысынан кейін араб әлемінде вестернизация, еуропалық мәдениетке бейімделу басталды ғой. Сүннилік мұсылмандар жаңа бір құндылықтарды бидға деп жүргенде, алавиттер сол еуропалық дүниелерді бірінші сіңірді бойына. Мысалға кинематография саласын бидға, ширк жеп жүргенде алавиттер ерте меңгеріп алды. Осы саланың тізгіні негізінен алавиттердің қолында. Сириядағы алавиттердің билікке келуіне тек қана Асад әулетінің әскери төңкеріс емес, еуропаның мәдениетін бірінші иелену, бірінші бойына сіңіру, сонымен қаруланудың нәтижесінде билікке келді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Нұрбек Бекбау