Араб тайпалары осы бейбітшілік айларында сауда керуендерін тартып, жермеңкелерге емін-еркін қатысып, тұрмыстық қажеттіліктерін өтейтін керек-жарағын сатып алатын. Сауда керуендері басқа тайпалардың жерінен тоналмастан, аман-есен өте алатын. Егер, бір тарап серттен тайып, қасиетті төрт айда соғыс ашса, оның айып-жазасы үлкен болатын. Мысалы, Пайғамбарымыз 20 жасқа толғанда Мекке төңірегінде орын алған «Фиджар» соғысы бейбітшілік айларының ережелерін қатаң ұстамаған Қинан және Қайс тайпасы арасында болған еді.
Ислам діні арабтардың ескіден келе жатқан ізгі дәстүрлерін жоққа шығарған емес. Сондай ізгі салт-жораның бірі дәстүрлі араб қоғамындағы қасиетті төрт ай – Хақ дінімізде де мойындалды. Бұл туралы Хақ Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер» (36) деп бұйырады. Хақ Елшісі (с.а.у) де өзінің хадис-шарифтерінің бірінде: «… Жыл он екі айдан тұрады. Олардың ішінде Зилкада, Зилхижжа, Мұһаррам және Ражаб айларында соғысу харам» (Бұқари, Тафсири сура, 9) деген болатын.
Мұһаррам айының қасиеттілігі хақында Алла Елшісі (с.а.у): «Рамазан айында ораза тұтудан өзге Алла Тағаланың мәртебесін (Шаһруллаһ) жоғары еткен Мұһаррам айында ораза тұту…». депбаяндаған.
Басқа бір хадис-шарифте үзеңгілес серіктетерін (сахабалар) «Ражаб, Зилкада, Зилхижжа, Мұһаррам айларында үш күн ораза ұстауға» шақырған.
Жалпы, кейбір хадистерде Мұһаррам айы кірген күні ауыз бекітудің сауабы мол екендігі айтылса, келесі бір хадистерде Мұһаррам айындағы «Ашура күнінен бір күн бұрын, Ашура күні және Ашурадан кейінгі күні ораза ұстаудың» теңдессіз сауапқа кенелтетіні баяндалған.
Діни деректерде жыл басы саналған Мұһаррам айы «Иһсан» айы деп аталады. Сондай-ақ, Ашура мерекесі осы Мұһаррам айында өтетіндіктен, қалың бұқара бұл айды «Ашура айы» деп те атайды. Ал, Ашура мерекесінің діни мәні мен хикметі өз алдына бөлек әңгіме.