Құрайыш мүшріктерімен ымыраға келу мүмкін болмаған соң Хақ Елшісі (с.а.у) Меккенің тысындағы саяси күштерден қолдау іздеуге мәжбүр болды. Осындай мақсатпен Алла Елшісі (с.а.у) 619 жылы Хижаз аймағындағы Құрайышпен иықтіресе алатын Сакифа тайпасынан көмек алу үшін Тайф шаһарына барды. Алайда, бұл сапар сәтсіз аяқталды. Хақ Елшісі (с.а.у) хақ сенімді насихаттап, халық көп жиналатын Зүлмажжа, Уқаз жәрмеңкелерінде араб тайпаларының басшыларын исламды қолдауға шақырғанымен, оң нәтиже шыға қоймады. Дегенмен, көп ұзамай Мәдинадағы Әус және Хазраж араб тайпалары исламды қабылдап, мұсылман қозғалысына қолдау білдірді.
Мекке мұсылмандары мен Мәдина мұсылмандарының арасында Ақабада үш дүркін кездесу өтті. Осы кездесулер барысында мұсылмандар діни, саяси, әскери сипаттағы одақтастық құруға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 620 жылғы Ақабадағы алғашқы кездесуде Алла Елшісінің (с.а.у) уағызынан кейін алты мәдиналық (Хазраж тайпасының өкілдері) араб ислам дінін қабылдады. Сондай-ақ, Мұхаммедті (с.а.у) пайғамбар деп мойындап, өз тайпаластарын исламға шақырамыз деген мазмұнда келісім жасады.
Одан кейінгі 621 жылғы І Ақаба келісімінде Хақ Елшісімен (с.а.у) Мәдинаның Әус пен Хазраж тайпасының өкілдері Пайғамбарға (с.а.у) бият жасады. Бұл келісімде жалған сөйлемеу, некесіз жыныстық қатынасқа түспеу, сәбилерді өлтірмеу, ұрлық істемеу һәм қылмыс істеген жағдайда жазалауға ұшырайтындығы сөз болды.
Соңғы 622 жылы өткен ІІ Ақаба келісімінде Әус және Хазраж тайпасының мұсылмандары Мекке мұсылмандары Мәдина қаласынан саяси сауға сұраған жағдайда, оларға пана болуға уағдаласты. Осы ІІ Ақаба келісімінде Хақ Елшісі (с.а.у) және мұсылмандардың қауіпсіздігі үшін әскери одақтастық құрылды.
ІІ Ақаба келісімі бойынша Мекке мұсылмандары Мәдинаға 622 жылы Мұһаррам айында қоныс аударды. Алла Елшісі (с.а.у) және мұсылман үмбеті хижра жасау арқылы рухани бостандыққа қол жеткізді. Рухани бағымсыздыққа ие болған мұсылмандар Мәдинада тәуелсіз ислам мемлекетін құрды. Яғни, Исламдық жеңістердің басы осы хижра реформасынан бастау алады.
Ислам тарихында жыл басын белгілеу мәселесі кейін хз.Омар халиф болып тұрған 638 жылы көтерілді. Мемлекеттік Шурадағы талқылау кезінде хз.Әлидің ұсынысымен мұсылманша жаңа жыл Мекке қаласынан Мадина қаласына хижра жасаған Мұһаррам айы жыл басы болып бекіді. Биылғы миллади есебіндегі 2015 жыл, хижри жыл санауы бойынша 1437 жыл болып есептелінеді.