Күндердің күнінде адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарға (с.а.у.) қас дұшпаны Әбу Жәһл келіп былай дейді:
– Сен – мен үшін ең жек көретін адамсың. Сенің бойыңда халық арасына іріткі салып, оларды араздастыру ниеті ғана бар. Меккеліктердің ауызбіршілігін бұзған адамның бірісің.
Мұны байсалдылықпен тыңдап тұрған Пайғамбар (с.а.у.):
– Дұрыс айтасың, деп жымиған түрде тұра береді. Ертесіне оның жақын досы Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбарға (с.а.у.) келіп:
– Мен жер бетінде сенен артық жан бар екенін білмеймін. Сен адамдар арасына мейірім мен рахымдылық қасиетін алып келдің. Меккеліктердің арасында ең жаны жылы адам – сенсің. Сенің көркем мінезіңнен асқан мен үшін ешқандай адам жоқ,-деп мақтай түседі. Сонда пайғамбар:
– Расымен де мен мен адамдардың арасында айнамын. Кімде-кім маған қараса, өзін көреді,-деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы