Елімізде лудоманиямен күрес бойынша бірқатар жаңа шара қабылдау жоспарланып отыр. Қазір тиісті заңнамалық түзетулер парламент қарауында. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәжілісте өткен брифингте мәлімдеді.
Үкімет басшысы кейінгі жылдары лудомания (ойынға тәуелділік) үлкен мәселеге айнала бастағанын атап өтті.
“Ажырасулардың 40%-ы осы себептен болатынын көріп отырмыз. Лудомания қазір ажырасу себептері арасында маскүнемдіктен кейін 2-орынға шығып отыр. Бұл үлкен проблемаға айналды”, деді Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет лудоманиямен күреске бағытталған тиісті нормаларды әзірледі.
“Бірінші кезекте, бұл – букмекерлік кеңселерді, лотереяларды және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салу. Екінші, құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңейін 25 жасқа дейін көтеру. Сонымен қатар борышкерлердің, алимент төлемегендердің және банкте несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар тұлғалардың бірыңғай реестрінде тұрғандардың ойындарға қатысуына тыйым салу қарастырылған”, деді премьер-министр.
Оның сөзінше, осы және басқа да шаралар Қазақстандағы лудомания мәселесінің шешімін табуға бағытталған.