ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Ұлыбритания Үкіметі Лондонда өткізген Діни сенім бостандығын ілгерілету жөніндегі IV Министрлік конференциясына қатысты.
А.Омаров өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды саяси реформа жариялағанын, Конституцияға түзетулер енгізуге және референдум өткізуге бастама көтергенін айтып өтті.
Діни бостандықтарды қорғау және насихаттау, оның ішінде озық әлемдік тәжірибе мен қабылданған халықаралық міндеттемелерді ескеру Қазақстанның демократиялық дамуы жолында маңызды орын алады. Азаматтық қоғамның рөлі артып, жастарды, әйелдерді, діни бірлестіктерді қолдаудың жаңа тетіктері қалыптасуда. Адам құқықтарын қорғау басты орынға қойылады, – деп атап өтті министр.
Атап өту керек, Дін бостандығын ілгерілету жөніндегі Министрлік конференциясы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол дін саласында жұмыс істейтін азаматтық қоғам институттары мен ұйымдардың діни сенім бостандығын қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Іс-шараға әлемнің 60 елінен 500-ден астам делегат, оның ішінде министрлер, үкімет өкілдері, діни көшбасшылар және азаматтық белсенділер қатысты.