Ересек адамды, оның ішінде қылмыскерлерді тәрбиелеу – күрделі жұмыс. Сондықтан ЗК-169/1 тергеу изоляторында экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталғандарды тәрбиелеуде мекеме қызметкерлері жан-жақты, әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Соның бірі ретінде соңғы күндері теріс ағымдағы сотталғандарды көркем шығармалар арқылы тәрбиелеу қолға алынған.
– Әдебиет – көркем ойлаудың көрсеткіші. Әсіресе, поэзияның адам сезіміне әсері ерекше. Осы орайда, мекеме қамауындағы арнайы контигентке М. Жұмабавтың шығармаларын оқыту арқылы тәрбие жұмысы жүргізілді. Сотталғандардың өз сұраныстары бойынша өткізілген бұл сабақта ақынның өмір жолы таныстырылып, өлеңдері оқылды. Поэзия алабының көңіл күй, табиғат туралы лирикасы олардың санасында ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, ізгілік бесігіне бөлейтін рухани адамгершілік тәрбиесін берсе, туған жерге, тілге арналған өлеңдері мен поэмалары ұлтжандылық сезімдерін оятып, патриоттық тәрбие берді деп ойлаймын, – дейді мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, әділет майоры Қ. Олжабаев.
– Бүгінгі сабақта М. Жұмабаевтің «Сағындым» өлеңін жатқа оқыдым. Маған қатты ұнады. Түрмеде отырып, ішкі мұңын, сағынышын білдірген. Дәл ақын жазғандай сезімдерді мен де басымнан өткердім. Анамды, жарымды, туған жерімді сағынып жүрмін. Бұл жерде уақыт өтпейді. Сондықтан камераға әдеби кітаптар алдыртып оқимын. Оқыған кітаптарымнан рухани нәр аламын. Сондықтан ба, өмірге деген көзқарасымда өзгеріп келеді, – дейді С. есімді сотталған.
Иә, шынында да, Мағжан Жұмабаевтың қай өлеңін алсақ та, адамның сезімін селт еткізіп, ойлағаныңды дөп басып айтады. Келесі бір жазасын өтеуші азамат ақынның «Түркістан» өлеңін оқып, алған әсерін былайша жеткізді:
– Менің туған жерім – Түркістан қаласы. Мағжанның «Түркістан» деген өлеңі «елім, жерім, ерім» деп соққан ақын жүрегінің қайнарынан төгілген отаншылдық жырдың шынайы да шебер үлгісі екен. Өлеңді оқи отырып, туған жерімнің тарихы туралы біраз нәрсе танып білдім. Мектепте оқып жүргенде білімге аса көңіл бөлмегеніме өкінемін. Бәлкім мұнда түспес пе едім, – дегенді күрсіне айтты.
Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» («Зумар» сүресі, 9-аят) деп айтылғандай, теріс діни ағымның жетегінде кеткен адасқан азаматтардың әдебиет сабағынан алары бар деп ойлаймыз.