Әсілі, «конкордаттық» (латын тілінде – келісім) мемлекетте билеушілер мен дін өкілдері өз мүдделерін ескере отырып, келісім негізінде мемлекетті ортақ басқаруды қолға алады. Бұл жүйе теократиялық пен клерикальді жүйеге қарағанда зайырлыққа бір табан жақын саналады. Мысалы, тарихтағы император Наполеон дін өкілдерімен ортақ мәмілеге келу арқылы ел басқарды. Орта ғасырлардағы Ислам мемлекеттерінің көпшілігінде билеушілер дін өкілдеріне құрмет көрсету арқылы халықты өзіне бағындыратын. Бұлармен бірге, қазіргі Италия мен Испания секілді мемлекеттердің басқару құрылымын да конкордаттық жүйеге жатқызуға болады. Ал, «конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекетте» билік халықтың тарихи тәжірибесіндегі діннің құндылықтарын қаперге алып, сол діннің ұйымымен әріптестік орнатып, дінбасыларымен рухани мәселелерде келісе отырып шешім қабылдайды. Тіпті, мемлекет механизмінде дін әлеуметтік институт болғанымен, оның қуатын құқықтық сана мен мәдени белдеуді қалыптастыруда, қала берді қоғамның тұрақтылығы мен елдің рухани біртұтастығын сақтау және өзге де келісімдерде пайдаланады. Бір сөзбен айтқанда мемлекетті басқарушы құзырлы орындардың халықты рухани ұйыстырушы діни ұйымдармен өзара мәмілеге келуін «конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекет» деп атаймыз.
Жалпы, «конкордаттық сипаттағы зайырлылық» көбіне көпұлтты мемлекттерге тән құбылыс. Мәселен, құрамы көп ұлтты Ресей, Ауғанстан, Мысыр, Украина конкордаттық сипаттағы мемлекеттердің санатына жатады. Десек те, конкордаттық сипат алған елдерде мемлекеттік лауазымды тұлғалардың дінді уағыздауына тыйым салынады. Сондай-ақ, кейбір конкордаттық сипаттағы мемлекттер білім беру жүйесінде белгілі бір дінді арнайы пән ретінде енгізуге болмайды (Франция) деген қағиданы ұстанса, келесі бір конкордаттық сипаттағы субекътілер (Мысыр) мемлекеттік білім беру жүйесіне ислам дінін оқытуды енгізген. Дегенмен, жалпы конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекеттер халықтың басым көпшілігі сенетін дінді тарихи-мәдени құндылық ретінде бағалайды.
«Конкордаттық сипаттағы зайырлы мемлекеттерді» ғылыми әдебиеттерде «идентификациялық қалып» деп те атайды.
Шынтуайтында, Қазақтанның діни ұстанымы клерикальді сипатқа жақын зайырлылыққа келеді. Десек те, біз клерикальді жүйеге өту үшін алдымен конкордаттық баспалдақты басып өткеніміз жөн. Ол үшін қазақ қоғамындағы діни ахуалды терең ұғына алатын төл дін шырақшыларының шоғыры қалыптасуы қажет. Сонда сырттан таңылған зайырлылыққа жүгінбей, өз ішкі мүмкіндігіміз толық сараланған діни бағытты таңдауға қол жеткізе алмақпыз.