Жалпы, діндерге тең құқық беретін зайырлылықтың классикалық үлгісінен басқа мемлекеттердің жергілікті ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан өзіндік формалары әлемдік тәжірибеде көптеп кездеседі. Қазір ғаламдағы 160-ға жуық субекті дін мәселесіне қатысты зайырлы принциптерді ұстанады. Бірақ, тарихи тәжірибе мен мемлекеттің діни құрамын ескерген зайырлылықтың көптеген үлгілері бар. Біз өз зерттеулерімізде зайырлы мемлекеттерді төрт категорияға бөліп қарастырған болатынбыз. Олар: а) клерикальді сипаттағы зайырылық; ә) конкордаттық сипаттағы зайырлылық; б) классикалық діндерге тең құқық беретін зайырлылық; в) атеистік жүйедегі діндерді оқшаулап, біржақты қысым жасайтын зайырлылық.
Ал, клерикальды сипаттағы зайырлы мемлекеттер өз территориясы мен халқының тарихи танымында ерекше ролге ие бір немесе бірнеше дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттерде кейде артықшылыққа ие дін немесе діни бірлестік Атазаңда арнайы көрсетілуі де мүмкін. Мысалы, Түркия Республикасы зайырлы мемлекет бола тұра 1924 жылы қабылдаған Атазаңында мемлекеттік дін ретінде ислам дінін атап көрсеткен болатын. Тіпті, клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттер халықтың басым көпшілігі сенетін дінге әртүрлі мазмұнда артықшылық бере алады. Мысалы, Польша зайырлы мемлекет болғанымен, мемлекеттік лауазымды қызметкерлер Атазаңмен қатар Інжілмен де ант беруіне рұқсат еткен. Сондай-ақ, Англия корольдігінде де христиандық протестантизмге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Англия парламентінде осы дін өкілдеріне белгілі бір мандатта қарастырылған. Мемлекеттік құрылымдық мекемелерде шіркеу орындары да кездесіп жатады. Клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекеттің тағы бір сипаты мемлекеттік лауазымды тұлғалар басымдық берілген діннің өкілі болуы шарт. Мәселен, Ирландия Республикасында мемлекет басшысы христиан дінінің өкілі болуы тиіс. Жалпы, клерикальді сипаттағы зайырлы мемлекетті ғылыми еңбектерде «преференциялық» зайырлылық деп те атайды.
Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылдаған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңның преамбуласында «сүнниттік Ханафи мәзһабі мен христиандық православтардың тарихи рөлін мойындайтындығы» ашық айтылды. Әлбетте, бұл біздің мемлекеттің клерикальді сипатқа бет бұра бастағанын әйгілейді. Қазір, еліміздегі Нұр-Мүбарак Египет Ислам университетіндегі «Исламтану» мамандығы үшін республикалық бюджеттен арнайы гранттар бөлінеді. Сондай-ақ, арнаулы оқу орындарына теңестірілген ислами білім беретін медреселер «Исламтану» мамандарын дайындайды. Тіпті, соңғы жылдары мешіт қызметкерлерінің жалақысы да арнайы құрылған қорлардың есебінен төленуде. Бұл жергілікті діни ерекшелік ескерілген зайырлылықтың қазақстандық моделінің қалыптаса бастағанының көрінісі.