Католицизмді ұстанатын елдердің көпшілігі Папаға тәуелді болды. Алайда, Католик шіркеуі саяси билікті ғана емес, ғылым мен өнерді де құрсаулап ұстағысы келді. Осының әсерінен әртүрлі қоғамдық қақтығыстар орын алды. Мыңдаған адамдар Католик шіркеуінің инквизициясына ұшырап, өлім құшты. Католик шіркеуінің озбырлығына М.Макиавелли, М.Лютер сынды саясаттанушылар мен телог-ғалымдар қарсы шықты. Оның соңы реформаторлық қозғалыстардың туындауына әкеп соқты. Дегенмен, XVIII ғасырдың соңына дейін Еуропаның көп елдерінде діни сословиелік жүйе сақталынды.
Алғаш рет Францияда 1789 жылы орын алған революциядан кейін қабылданған «Адам құқығы» декларациясында діни сословиелік жүйе ыдыратылып, дін адамдары қарапайым азаматтармен теңестірілді. Католик шіркеуі де өз үстемдігін жойып, мемлекеттік биікке араласпайтын болды. Бұл ұғым құқықтық құжаттарда «лайцизм» терминімен белгіленді. Франциядан кейін Еуропаның бірқатар елдері «лайцизмді» қолдап, оны мемлекеттік жүйеге енгізді. Біздің қазір жиі ауызға алатын «классикалық зайырлылық» дегеніміз осы «лайцизмнен» келіп шыққан. Ғылыми әдебиеттерде «лайцизмді» кейде «контаминация» деп те атайды.
Жалпы, «классикалық зайырлылық» негізінен мына қағидаттардан тұрады:
1. Мемлекеттік билікке діни бірлестіктердің араласуына жол берілмейді.
2. Мемлекеттік билікші органдар діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласа алмайды.
3. Діни бірлестіктерге партия ретінде құрылуына жол берілмейді.
4. Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды.
5. Белгілі бір дінді мемлекеттің білім бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізуге болмайды.
6. Адамдардың ар-ождан бостандығы мен діни сенімі қамтамасыз етіледі.
7. Білім беру орындарында дінтану пәндері танымдық тұрғыда өткізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы Заңды қабылдағанда осы «классикалық зайырлылықты» ұстануға бет бұрыс жасады. «Классикалық зайырлылық» жергілікті мемлекет құрушы халықтың тарихи тәжірибесі мен діни салт-санасын негізге алмайды. «Мемлекеттік билікке дін араласпағаны секілді дін ісіне де мемлекет араласпайды» деген қасаң қағиданы басшылыққа алады. Ал, оның әсерінен мемлекеттің саясатына араласпайтын бір-біріне қарама-қайшы бірнеше діни ағымдар бір территорияда өмір сүруі мүмкін. Осы жағын ескергенде, «классикалық зайырлылықтың» біздің еліміз үшін пайдалы жақтарымен бірге тиімсіз тұстары да бар екенін аңғарамыз.