Сұрақ: Кішіпейілділік туралы түсіндіріп бересіз бе? Нақты мысалдармен айтсаңыз.
Жауап: Бұл сұраққа жауап беру үшін кішіпейілділіктің жарқын үлгісін паш еткен атақты ғұламалар өмірінен бір мысал келтіргенім жөн шығар.
Бір күні әйгілі Шейх Ахмет Руфайи шәкірттеріне:
– Уа, жараңдар! Сіздердің алдарыңызда егер менің жасаған қате-кемшілігім мен айыбым болса, қысылмай айтыңыздар. Қатемді түзетейін, – дейді.
Өздері әулиедей санайтын ұлағатты ұстазының қарапайымдылығына шәкірттері таңырқап:
– О не дегеніңіз, ұстаз! Сізден ешбір өрескелдік байқаған емеспіз, – деп бәрі ұлардай шулайды. Дәл осы сәтте батылдау шәкіртінің бірі:
– Уа, Шейх Ахмет! Мен сіздің зор айыбыңызды білемін, – дейді.
Сабақтастарының бәрі ішінен: «Бұл не бүлдіргелі тұр?» – деп оған оқты көзімен ата қарайды.
Шейх Ахмет Руфайи:
– Айта ғой, тыңдап тұрмын, – дегенде, әлгі шәкірт көзіне жас алып тұрып:
– Біз секілді күнәсі көп пенделердің сіз секілді ұлық адамға шәкірт болуы – зор айып! – дейді.
Бұл жауапты естіген сондағы дүйім жұрттың бәрі:
– Уа, Шейх Ахмет! Расында да, біз сізге лайықты шәкірт бола алмадық, – деп ағыл-тегіл жылайды.
Шәкірттерінің өзіне деген шынайы зор құрметін көріп, қатты қысылған Шейх Ахмет:
– Мен сіздердің қарапайым қызметшілеріңізбін. Осы отырған баршаңыздан да менің деңгейім төмен! – деп шәкірттеріне тағзым етіп, басын иеді.
Мұхан ИСАХАН