Сұрақ: Кімге уағыз айтуға рұқсат етілген?
Жауап: Біріншіден, уағыз-насихатты ислам оқу-орындарындағы «Дағуа» факультетін бітірген мамандар ғана айта алады. Олар иршад методологиясын жан-жақты меңгергендіктен, әртүрлі әлеуметтік топтың көңіл-күйіне қарай қалай уағыз айту керектігін жетік біледі.
Атап айтар болсақ, уағызшы хикметут-ташриға (шариғат хикметі), сиясатул-шария (шариғаттың саясаты), хилайи-шария (даналық, тапқырлық), мақаситул-шария (шариғат мақсаттары) және т.б. шарттарды игеруі шарт. Яғни, жүз жерден аузыңмен құс тістеген сөзге ділмәр, қызыл сөздің кенішін қазып, құлашыңды жазып сөйлейтін шешен бол, дін маманы, оның ішінде дағуа маманы болмасаң уағыз айтуда қателікке бой алдырады.
Исламдағы осы дәстүрді ескерген ҚМДБ бірнеше жыл бұрын РАНТ-ны (республикалық ақпараттық-насихат тобы) құрған болатын. РАНТ-ға мүше болу үшін дін уағызшылары арнайы аттестациядан өтеді. Және олар арнайы «Жадынама» бойынша жұмыс істейді. Егер, уағыз-насихат айту барысында бекітілген ережегеге сай емес ой-пікір айтылса, ол үшін жауапкершілікке тартылады. Осы себептен де бүгінге күнге дейін бірталай уағызшы РАНТ құрамынан шығарылды. Демек, адам өзіне беймәлім іспен шұғылданбағаны жөн. Қазақ «Дүмше молда дін бұзады» деп тегіннен тегін айтпаған.
Екіншіден, бұл мәселеге заңдық тұрғыдан қалайтын болсақ, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңы бойынша уағыз-насихатты Әділет департаментінен тіркеуінен өткен Діни бірлестіктердің қызметкері және миссионер деген куәлігі бар адам ғана айта алады. Егер, арнайы рұқсаты жоқ адам уағыз-насихат айтса, оған ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодексі (490-бап. «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңнамасын бұзу) бойынша айыппұл салынады. Білуімше елімізде пәтерге тығылып жиналып алып уағыз айтатын діни топтардың мүшелеріне бірнеше рет айыппұл салынды. Яғни, бей-берекет уағыз айтудан сақтанған жөн.
Мұхан ИСАХАН
Кімнің уағызын тыңдарымызды білмей қалдыққой. Меніңше тек ресми діннің өкілдерін ғана тыңдау керек. Кқлденең келген көк аттының бәрі оқымысты емес. Адамды шатастыру үшін әртүрлі уағыз айтады. Қазислам сайтына мың да бір рахмет. Қоғамда көтерілген өзекті әңгімелерге дер кезінде жауап жазады.
Нақты жауап. Кез келген кісі көпшілік алдында уағыз айта алмайды екен. Салафилер өз араларында немесе түркілік жамағат ұстанушылар да уағыз айтып, адамның миын ашытады. Сондықтан зайырлы елдің заңдарын сақтай отырып, әркімнің құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмейіміз керек. Сонда ғана біз елімізді сақтай аламыз. Әркім уағыз айта берсе ақыры не болатымыз түсінікті нәрсе. Сақтық керек әрдайым. Мемлекет аман болсын.