Заманында Леонардо до Винчи өзінің әйгілі «Жасырын жиын» ( Тайная вечеря) картинасын салу барысында, екі адамның бет әлпетін суреттеу үшін қатты қиналған көрінеді. Себебі, бірінде жақсылық, назиралық, көркемділік пен құдайылық хабарды көрсету керек болса, келесісінде жамандық пен зұлымдықты кейіптеу керек болған. Біріншісі Ғайса пайғамбардың (Иисус) образы болса, екіншісі Иуданың әлпеті. Ғайсаның бейнесін жүзінен нұры төгіліп тұрған, шіркеу хорының жас әншісіне қарап салып алып, біраз уақыт Иудаға прототип таппай жүріпті. Үш жыл өткеннен кейін ғана көшеде мас болып, шаш түгі өсіп, нұры тайған бір жігітті көріп Иуданың образын әлгі мас жігіттен алған екен-мыс. Мастығы тараған жігіт есін жиса, үш жыл бұрынғы келіп суретін салдырған жерде қайта отырғанын көріпті…
Кейде бізге бір-бірінен алыс көрінген дүниелердің аралары сондай жақын… Мәселенки, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, жастық пен қарттықтың, махаббат пен ғадауаттың. Көзге көрінбейтін шекаралардың көңілдегі арасы да сол секілді, сіз бен біз ойлағаннан жақында. Құдай мен адамның арасындағы, еркек пен әйелдің арасындағы махаббат, әйел адамының ары мен абыройы да осындай тіні нәзік дүниелердің бірі.
ЗАҢ МЕН ЗАМАН
Осындай нәзік діни тақырыптардың бірі, байламы болса да білімсіздік пен сауатсыздықтың салдарынан байбаламға айналған, бүгінгі қазақ қоғамындағы мұсылман әйелдерінің киім киіу үлгісі болып отыр. Әлімсақтан ата-бабасын санаған қазақтар дәл бүгінгідей қатынының немесе қызының кигенін талқылымаған болар. Дәл осылай тұжырымдауға себеп те, салдарда жеткілікті. Біріншіден, «Діни ұйымдар мен діни қызмет туралы» заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі дегеннен бері және де осы заң жобасы аясында «адамның түр сипатын қауіпсіздік мақсатында анықтау» үшін кейбір діни киімдерге, яғни азаматтардың бет-бейнесін анықтауға кедергі келтіретін, киім үлгілеріне қоғамдық орындарда тыйым мәселесі айтылғаннан бері, тақырып сексеуілдің шоғындай қызып тұр. Ал, оны қыздырып жатырғандар түймеден түйе жасап, оны сойып алымақшы-мыс. Сан алуан діни және саяси мүдделер мен мақсаттарды тоғыстырған мәселені, аққу көгіне, шортан көліне, шаян шөліне тартып әлек. Әйтеуір тақырыпты бұрмалап, бұттан бас, жағадан аяқты шығаруға асығып жатырмыз. Қазақстан діни киімдерге тыйым салғалы жатыр екен немесе тағы да басқа осы тақілеттес тақырыптар ақпараттық кеңістікте өрбіп жүр. Бұл әліпті таяқ деп түсінген кей азаматтардың тірлігі ме, әлде дінді саяси құрал ретінде пайдалануды жөн көрген діни топтар ма, ақиқатын уақыт көрсете жатар. Мысалы мына бір кестедігі сауалнамаға қарасақ:
Бұл осы жылдың мамыр айында танымал ақпарат порталдарының бірінде жарияланған сауалнама. Жауап берген адамдардың жартысы «иә» деп жауап берген екен, ал 38 пайызы жоқ деп. Жалпы «иә» деп жауап беріп отырған респонденттердің көңіл- күйіне қарасаңыз исламофобиялық райдың бар екенін байқауға болады. Алайда, сұрақ басынан дұрыс редакцияда және де дұрыс саяси контекстіде болмағандықтан бұл сауалнаманы мардымды деп қарастыра алмаймыз, себебі осы сауалнамаға арқау болып отырған заң жобасын түсіндірушілер мен ұсынушылар тарапынан анық және айқын айтылған болатын, яғни тек қана бет-әлпетті анықтауға кедергі келтіретін киім үлгілері деп. Ал жалпылама, діни киімдерге тыйым салынғалы жатыр деп интернетте ұпай жинау, тек қана коммерциялық бағыт сипатында болуы керек. Осы арада келесі бір заңды сұрақ туындайды, осындай сауалнамаларға немесе осы сарындағы ақпараттарға, ешқандай фактчекинг жасамайтын адамдар яғни, ақпаратты сауатсыз тұтынатын адамдардың көбісі жалпы діни де сауатсыз емес пе деп?!
Қайсысы хиджаб, қайсысы ниқаб немесе пәренже екенінде ажырата алмайтын сықылды осы көп адам?! Мысалы «хиджаб» ұсынылып жатырған заңға ешқандай да қарсы келмейді, себебі «хижабтағы» әйелдің бет-әлпетін анықтауға болады. Чадрасы да сол секілді. Ал, «Пәренже» мен «Ниқаб» -тағы әйелдің кім екенін анықтау немесе таныу мүмкін емес. Заңға сәйкес келмейді. Осы ретте негізгі болып саналатын мұсылман әйелдерінің киім үлгілерінің бір-бірінен нендей айырмашылығы бар екенін атап, көрсетіп кетсек.
- Хиджаб – «жамылғы» деген мағына беретін, әйел адамы балиғат жасына жеткен соң әурет жерлерін жабуға арналаған араб-мұсылмандарының киім үлгісі.
- Чадра – мұсылман әйелдерінің жеңіл көбіне қара, ақ және көк түсті болатын, денесі мен әурет жерлерін толық жасыруға арналған киім үлгісі.
- Ниқаб – кейбір мұсылман әйелдердің бетін бүркеп, тек көзі ғана көрісететін жамылғы. Ниқаб араб елдерінде, әсіресе Сауд Арабиясында, Йеменде, Бахрейнде, БАӘ кең таралған. Сонымен қатар Сирия, Сомали, Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан елдеріндегі әйелдер де киеді.
- Пәренже – жеңі жоқ жамылғы түріндегі, бүкіл денені бүркеп тұратын, көздерді арнайы торлар арқылы жасырған мұсылман әйелінің киім үлгісі. Парсы тіліндегі «фараджи» сөзінен төркін алады. Фараджи деп алғашында жеңі ұзын ер адамдар киетін киімді атаған. XVI ғасырлардан бастап «Фараджиді» әйелдер де, еркектерде кие бастаған. Орта Азия елдерінде XIX ғ. аяғы мен XX басынада кең тарады.
ҚАЗАҚ ПЕН ХИДЖАБ
Енді бұл діни киімдер жайында ҚМДБ-нің ресми «пәтуасын» оқи кетсек: «Хиджаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды.»
Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін…» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.
Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт, әр мәдениет өкілдері Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды.
Шынтуайтында ғылыми кеңістікте батыс біздерді «қазақтарды» белгілі мәдениет тасымалдаушысы немесе өркениет өкілдері ретінде қарастыра бермейді. Алайда терең тарихымызды сүңгісек, ата-бабаларымыздың сондай көреген, кемеңгер мәдениет қалыптастырғанын көреміз, бүгіндері сол ұлттық ерекшеліктерімізге қарсы әртүрлі саяси-діни идеологиялық экспансиялар жүруде. Жоғары да айтылып отырған мәселені біз қалай шешкенбіз?! Хазіреті Мұхаммедтің хадисін қазақ мұсылмандары да орындаған, тек қана асқан сұлулықпен, қазақи нақышымен, ұлттық даралағымен, далалық танымымен. Кимешектен қарақарасына дейін, көйлек-камзолынан ақжаулығына дейін ары мен абыройын сақтаған қазақ әйелдері ешқашан құмнан қашқан арабтардай тұмшаланбаған, қара жамылмаған. Мәселенки, мына бір сүгіреттерге қараңыз.
Иә, бүгіндері салт пен дәстүрді сақтап жүргенміз шамалы, жиырма бірінші ғасыр, жаһанданып жатырмыз. Кейде кездері ұлттық ерекшелектерміздің той –торқада ғана еске алып жатамыз. Салтымыз бен діни даралығымызды біріміз білсек, біріміз білмейміз. Әрине, біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз, ешкімнің сізге нені киіп немесе нені кимей жүруге айтар қақысы да, құқығы да жоқ. Алайда, бұл тек қана арабтың киімін киімін киіп жүр деген сөз де емес.
Гүлмира Шарханқызы