Бұл діни-саяси ұйым 1953 жылы Тақауиддин ан-Набахани тарапынан Палестинада құрылды. Хизб-ут-Тахрир ұйымы теократтық билеуші халифтің қолындағы зайырлы және рухани биліктің бір жерде топталуын көздейтін «халифатты» қайта құруды мақсат етеді. Халифаттың құрамына партия жетекшілері жоспарлағанындай халқының басым көпшілігі исламға сенетін әлемнің барлық елдері енуі тиіс болды. Көп ұзамай ұйым идеялары көптеген мұсылман мемлекеттерінде, ішінара Египетте, Иранда, Иракта, Алжирде, Суданда, Иеменде, Пәкістан мен Ауғанстанда кең ауқымда тарады. Хизб-ут-Тахрир Исламның атын жамылып 13 жылда халифат құрамыз дегенмен, бұл мерзім ішінде партия мүшелерінің саны өспеді. Тіпті, бірде-бір араб мемлекетінде халифат құрудың сәті түспеді. Себебі, мұсылман қауымының басым көпшілігі «Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идеясын мүлде құптамады.
Хизбутшылар Ислам атынан таратқан әдебиеттерді де (кітапшалар, парақшалар) мұсылман әлемінің танымал ғұламалары мен діндарлары мойындамады. Партия мүшелерінің ұйымдасу іс-әрекеттері әртүрлі кезеңдер мен сатылардан тұрады. Ұйымның белсенді бірнеше мүшесі «хужраны» құрап, бірнеше «хужралар» «халқаны» құрды. Халқалардың халықпен тығыз жұмыс жасауының нәтижесінде мемлекеттік төңкеріс орын алып, халифат құрылуы тиіс болды.
Хизб-ут-Тахрир ұйымының Ислам әлемінде қолдау таппауының себебі; ұйымның мұсылман құқығына теріс көптеген қайшылықтары бар еді. Мәселен, олардың қабір азабын теріске шығаруы, жалаңаш бейнелерді, суреттерді (порнография) көруге рұқсат етуі, теріскей полюс тұрғындарының намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады деген пікірлері, мұсылман емес ер мен әйелдерді партияға мүшелікке қабылдауы, мұсылман емес адамның Ислам мемлекетін басқара алады деген секілді т.б ұстанымдары шариғатқа мүлде қарама-қайшы болатын. Ал, дін негіздеріне қарама-қайшы ұстанымдағы діни ағымдардың ғұмырының қысқа болатыны айтпаса да түсінікті жайт.
Мұхан Исахан