Рас, Елуй Дашы негізін қалаған Қидан билеушілерінің сенімі – будда, ал Шыңғысханның сенімі – тәңіршілдік болатын. Бірақ, бұл екі саяси билік исламға ашық тиым салған емес. Тек, Қидан мемлекетінің соңғы горханы найман Күшліктің кезінде мұсылмандар қудалауға ұшырады. Жетісу және Қашқар халқының Күшлікті қуып келген Жебе ноянды қолдауының себебі, Шыңғысхан дін еркіндігін жариялаған еді. Жалпы, Шыңғысханның Орталық Азияны жаулап алуы тек Қидан және Хорезм мемлекетімен болған әскери соғыстан тұрмайды. Шыңғысханның әскери жорығымен бірге Моңғол үстіртін мекендеген ондаған көшпелі түркі тайпалары Орталық Азия және Дешті-Қыпшаққа қоныс аударды. Бұл тарихи ағыспен бірге тәңіршілдік һәм христиандық мәдениет пен мұсылмандық мәдениет бір-бірімен бетпе-бет келді. Діни мәдениеттердің өзара қарым-қатынасында әскери дүрмекпен келген түркі тайпалары біртіндеп исламдану үдерісін басынан кешірді. Жошы ұлысының исламдану үдерісін өз кезегінде мынадай бірнеше кезеңге топтастырып зерттеуге болады:
Біріншіден, Шыңғысханның Ислам дініне деген көзқарасы және Жошыдан туған немересі Берке ханның (1256-1268 ж.б) Куврабия тариқатының шейхтарына мүрид болып, Ислам дінінің қолдаушысына айналуы және Алтын Орда мемлекетінің ХІІІ ғасырдың екінші жартысында Мұсылман әлемімен тығыз байланыс орнатуы.
Екіншіден, Өзбек ханның (1312-1342 ж.б) Ясауия тариқаты өкілдерінің ықпалымен Ислам дінін қабылдауы және оның билік құрған дәуіріндегі Алтын Орда мемлекетінің ішкі-сыртқы рухани жағдайының дамып өркендеуі.
Үшіншіден, Тыныбек хан (1342 ж.б) мен Жәнібек хан (1342-1357 ж.б) билік құрған кезеңдегі рухани қайшылықтар, Алтын Ордадағы Ислам дінінің одан арықарай дамуы және Алтын Орда мемлекетінің мұсылман әлеміндегі орны мен рөлі.
Төртіншіден, Бердібек хан (1357-1359 ж.б) мен одан кейінгі саяси бұлғақ кезеңінде Алтын Ордадағы рухани қал-ахуалдың күйзеліске түсуі, Алтын Ордаға қарасты Ақорда мен Көкорда және Қырымдағы Ислам дінінің жағдайы.
Бесіншіден, Тоқтамыс хан (1380-1400 ж.б) мен Әмір-Темірдің кезіндегі Алтын Орда және Маураннахр мұсылман мемлекеттері арасындағы ұзаққа созылған соғыс, Алтын Ордадағы ірі Ислам орталықтарының (қалалар) қирауы, халықтың рухани мешеулікті басынан кешіруі.
Алтыншыдан, Едіге бидің (1402-1416 ж.б) кезіндегі уақытша саяси тұрақтылықтың орнауымен ішкі рухани қарама-қайшылықтардың реттеліп, Ислам дінінің қайта өркендеуі және осы кезеңдегі Алтын Орда мемлекетінің сыртқы саясаттағы діни ұстанымы.
Жетіншіден, Тоқтамыс хан мен Едіге би ұрпақтарының өзара тартысы кезіндегі Алтын ордадағы рухани дағдарыс және Жошы ұлысының империялық қуатынан айырылуымен сыртқы саясаттағы діни ұстанымының әлсіреуі.
Алтын Орда империясының ыдырауымен бұл кеңістікте ислам дінінің саяси қолдаушыларының күш-қуаты әлсіреді. Берке, Тудай-Мөңке, Ноғай, Өзбек, Жәнібек хандардың кезінде Алтын Орда мемлекеті әлемдегі Хақ діннің жоғын жоқтаған негізгі саяси күш болса, Тоқтамыс пен Едіге би ұрпақтарының талас-тартысы кезінде Алтын Орда мемлекетінің діни миссиясы тоқтады. Бұдан кейінгі дәуірлерде Анатолияны мекендеген Осман түріктері исламның саяси қолдаушысына айналды.