Ханафия мазхабының факиһі Мұхаммед бин Мукатил және Кады Абдулжаббар, сондай-ақ, Шафия мазхабының өкілі Имам Субкилер айдың туғанын анықтауда астрономиялық есеп жасайтын «мувакит» немесе «мунажжимдердің» тұжырымдарына мойынсұнды. Дегенмен, дін негіздерінде «мунажжимге» қатысты теріс пәтуалар да берілген (Фатауи-Хиндия, 2: 245). Мәселен, Сауд Арабстан секілді астрономиялық зерттеулерге біржақты қарайтын елдер Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның: «Кімде-кім балгер мен жұлдызшыға (мунажжим) барып, ғайыпқа қатысты бір нәрсе сұраса, Мұхаммедке түсірілігенді (дінді) теріске шығарған саналады» (Ибни Абидин, Масмуатүр-Рисаил, 1; 245) деген хадис-шарифін негізге алады.
Әйтседе, Исламға дейінгі дәуірдегі жаһил қоғамның жұлдызшыларымен (мунажжим) бүгінгі күннің астроном ғалымдарын мүлде салыстыруға болмайды. Себебі, жәһилият дәуірінің жұлдызшылары тылсым әлеммен (жындар) байланыс жасап, жорта тұжырым жасауға бейім келетін. Ал, бүгінгі күннің астроном ғалымдары көк жүзінің нәзік құбылыстарын жіті бақылап, аспан әлеміндегі қозғалыстардың бағытын дәл зерделеуіменен ерекшеленеді. Тіпті, бүгінгі күннің жұлдызшы ғалымдары көк жүзін жерден бақыламай, ғарыш кеңістігіне шығып, ондағы иірімдерді арнайы құрал-жабдықтармен қадағалайды. Яғни, «Кімде-кім балгер мен жұлдызшыға (мунажжим) барып, ғайыпқа қатысты бір нәрсе сұраса, Мұхамедке түсірілігенді (дінді) теріске шығарған саналады» (Ибни Абидин, Масмуатүр-Рисаил, 1; 245) деген хадис-шарифтегі жұлдызшымен қазіргі астроном ғалымдарды бір мағынада түсінуге болмайды.