«Алаш» атауы діни түсініктен пайда болуы мүмкін екенін тұңғыш рет айтқан тарихшы Құрбанғали Халид болатын. Ол бұл пікірін «Алаш» атауының шығуы жөнінде: «Бағзылар хазіреті Анас әулетінен болғандықтан, Анастан Алаш болды деседі: Бабаларын санап келгенде бұл дәлелсіз дағуалар жарым жолда қалады. Анасқа қосылмайды. Кейбіреулер өзбекті де араластыралы, ол дұрыс емес, бұған қоса өзбектің арабтан шықпағандығына ешкім шек келтірмейді» (Құрбанғали Халид. «Тауарих Хамса». Алматы. «Қазақстан». 1992. 56 б) деп бұл болжамға пышақ кесті қарсы шығады.
Әлбетте, біз де Құрбанғали Халидтің бұл пікірімен келісеміз. Шынында да «Алаш» атауын хазіреті Анастан тарату мүлде сын көтермейді. Генеологиялық тұрғыдан алғанда, Қазақ ішіндегі қожалардан басқа ешбір тайпаның арабтармен қатысы жоқ. Сондықтан, бұл аңыз-әпсанамен ымыраласу мүмкін емес.
Дәл осыған ұқсас келесі бір пікірді белгілі философ Досай Кенжетай да айтып жүр. Ол «Алаш» терминін Халлаж Мансұрдың атымен ұштастырып, мәселеге генеологиялық емес, аксиологиялық тұрғыда қарап, өзіндік жеке ой-пікір қарастырады. Яғни, Қазақ халқының дүниетанымы сопылық ілімнің құндылықтарынан тұратынып алға тартып, Халлаж есімінен «Алаш» есімі пайда болғанын, бұл діни түсініктің Қазақтың аталар культіне сай екенін жеткізеді.
«Алаш» атауына қатысты Д.Кенжетайдың бұл жаңа көзқарасы да әлі де жетілдіруді талап ететін сияқты. Терминнің ұқсастығы мен аксиологиялық ұғымның қисындылығы ғылыми болжам жасауға негіз болғанымен, әрқашан обективті шындықты паш етпеуі мүмкін. Осы себептен де, бұл пікірге тарихи дерекнамалық тұрғыда дәлел іздеу керек деп ойлаймыз. Дегенмен, Д. Кенжетай ағамыздың «Алаш» терминінің шығу төркіні» турасында қазір жазып жатқан монографиялық еңбегінде осы мәселелер қарастырылады деп ойлаймыз.
«Алаш» немесе «Алаша хан» атауының ортаға шығуының діни-саяси астары бар екенін біраз жылдан бері айтып келе жатқан шығыстанушы Зікірия Жанбарбек десек қателеспейміз. Оның пікірінше XIV ғасырдың орта тұсында Алтын Орданың астанасы Сарайда билеушілер дәстүрлі ислам арнасынан, яғни, Өзбек хан тұсында мемлекеттік идеологияға айналған Ясауи тарихатынан бас тартып, догмалық принциптері басым Әшғария доктринасына бас ұруы, Алтын Орданының тұтастығына жарықшақ түсіріп, халықты екі жікке бөлгенге ұқсайды. Ол Жәнібек хан мен Асан қайғы арасындағы пікір қайшылығын осы діни-идеологиялық кереғарлықтан іздейді. Сарайды тастап шыққан, Асан қайғы халықты дәстүрлі діни сананы сақтап қалуға шақырып, осының нәтижесінде Алтын Ордадан іргесін бөлек сала бастаған елге «Алаша хан» билік жасады (Қараңыз: Зікірия Жандарбек. Иасауи жолы және Қазақ қауымы. «Ел-Шежіре». Алматы. 2006. 144-161 беттер) дегенге саятын пікір айтады.
Расында да XIV ғасырдың екінші жартысында Дешті-Қыпшақта Алаша хан атты билеуші өмір сүрген тәрізді. Бұл туралы Шоқан Уалиханов: «Қазақ немесе алаш елінің о-бастағы шығу тегі қайдан деген сұраққа халық арасындағы жыр-дастандардан қанағаттанарлық, тәп-тәуір түсінік алуға болады. Егер, Темірдің Тоқтамыс ханға жорығы 1392 жылы басталса, сол жылы қазақтардың алғашқы хан – Алаш пен оның балалары (Әмет пен Сәмет) өлтірілсе, шамамен мөлшерлеп, Алаштың XIV ғасырдың орта шенінде ғұмыр кешкені анықталады» (Уалиханов Ш. Қазақ шежіресі. Қазақ тарихы. № 1, 1993. 30-31 беттер) деп Алаша ханның Жәнібек хан өлген 1357 жылдан кейінгі Сарайдағы бұлғақ кезеңінде тарих сахнасына шыққанын болжайды.
Алтын Орда мемлекетінде XIV ғасырдың екінші жартысында орын аған бұлғақтың себебін анықтауда З.Жандарбек ағамыздың ой-тұжырымы тарих үшін үлкен жаңалық екендігіне дау жоқ. Алайда, Дешті-Қыпшақта XIV ғасырдың екінші жартысында пайда болған Алаша хан расында да Ясауи тарихатының жоғын жоқтаған билеуші ме еді? Шынымен де Алаша хан өз билігін Сарайды тастап шыққан Асан қайғының үндеуімен құрды ма? Сондай-ақ, Алаша хан Ясауи тарихатының өкілі болған күннің өзінде Әмір-Темір оны не үшін өлтірген? деген сауалдарға жауап таппайынша, Алаша ханның тұлғасын толық тани алмаймыз.
Жоғарыдағы тарихи һәм діни түсініктерді талдай келе, біз де «Алаш» атауының ортаға шығуына діни түсінік әсер еткен болуы мүмкін деген пікірді жақтаймыз. Жоғарыда келтірген мәліметтердің салиқалығын сараптай келе, Шәкәрім бабамыздың келтірген Сұлтан Ахмет хан өз қарамағындағыларға: «Енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар» (Ш.Құдайбердіұлы. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. 23 б) деген дерегі «Алаша ханды» емес, «Алла-Алла» деп ұран тастау мағынасында айтылған болуы мүмкін. Яғни, мұсылмандардың қосыны қалмақ-кәпірлерді «Алла-Алла» деп ұрандап шапқанына байланысты, олар мұсылман қауымын «Алла деушілер» немесе «Аллашылар» деп атаған да болуы кәдік. Сонымен бірге, шығыстанушы А.Беннигсен Қазақ халқына кең таралған Ясауи тарихатының екінші бір аты «илачилер» (Қараңыз: A.Bennigsen. Sufi ve Komisser: Rusyada Islam Tarikatlari. «Akcag Yay». Ankara-1988), яғни, «Аллашылар» болғанын айтып өтеді. Бұл дерек те біздің болжамымызды қуаттай түседі. Десек те, біздің бұл ой-тұжырымымыз да әлі де зерттеуді қажет етеді деп ойлаймыз.