Қазір бүкіл әлем рухани ізденіске бет бұра бастағандықтан, қоғам үшін кемелдік құпиясын ұсынатын құнды еңбектер маңызды. “Нұр-Мүбарак” университетінің аға оқытушысы, теология ғылымы бойынша PhD докторы Жоламан Бұланұлының «Кемелдік құпиясы» атты жаңа кітабы нағыз дөп кезінде шыққан еңбек деуге болады.
Жетістік пен кемелдік құпиясымен қатар, олардың жолындағы кедергілер жай баяндалып қана қоймай, Қасиетті Құран мен хадистерде келген алтын қағидалар, әсерлі насихаттар, артына өшпес із, ғибратты сөз қалдырған мәшһүр тұлғалардың ғибратты даналықтары ұсынылады.
Кемелдік құпиясындағы табыс пен байлық, жетістікке жетудің үш тағаны, әдіс пен жүйенің маңыздылығы, Смарт – ақылды жүйе, істі ретке келтіру және бастаған істі сәтті аяқтау әдісі, 80/20 ережесі, кайдзен – үздіксіз даму философиясы, икигай, кемел адам түсінігі қамтылған.
Сондай-ақ білімсіздік пен білместік, жаман жолдас пен бұзық ортаның зардабы, пайдасыз істер мен уақытты зая ету, мұқалу мен үмітсіздік, ерік-жігерсіздік, тұрақсыздық пен сабырсыздық, т.б. адамның дамуына зиянды әдеттер мен кедергілер туралы жан-жақты нақты дәлелдермен келтірілген.
Кітап өмірдің мақсаты мен мәнін түсініп, жетістік пен кемелдікке жетуді армандайтын жалпы оқырманға арналған. Көлемі 14,5 беттік табақ, 232 бет.
Автор Жоламан Бұланұлы Түркияда PhD докторлық диссертация қорғап, 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің БжҒ саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен Философия (PhD) дәрежесін иеленген.
Автордың бұдан өзге «Қайта тірілудің дәлелдері», «Өмір және өлім», «Құран оқып үйрену әліппесі және тәжуид қағидалары», «Құран аясында пайғамбарлар тарихы, «Ұлы ақиқат өлім және өлімнен кейінгі рәсімдер», «Ежелгі және қазіргі діндер тарихы» атты ктіаптар мен бірқатар ғылыми мақалалар авторы.
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі