Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет саланы гранттық қаржыландырудың жаңа тетіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2023 жылы министрлік азаматтық қоғамды, дін саласын, сондай-ақ жастар саясатын дамыту бағыттары бойынша жаңа тәсілдер аясында гранттық жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, министрліктің тапсырысымен 2021 жылдан бастап 10 ұзақмерзімді грант іске асып жатыр. Ол 2023 жылы да өз жалғасын табады», – деді комитет басшысы.
Айтуынша, бұл салада гранттардың сараланған жүйесі енгізілген.
«Грант түріне байланысты қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, конкурсқа қатысу шарттарына, есептілікке әр түрлі талаптар айқындалды. Үшіншіден, гранттық саясаттың салалық тәсілін кеңейту үшін орталық мемлекеттік органдарға да оператор арқылы грант үлестіру құзыреті берілді. Төртіншіден, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен гранттардың тиімділігін бағалау тетігі енгізілді, ол жобалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және кейіннен гранттарды қалыптастыру үшін негіз болады. Бүгінгі таңда грант берудің өтінім қабылдау және өңдеу процесін автоматтандыру шеңберінде грант пен сыйақыны басқару сервистерін құру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр»,- деді Мадияр Қожахмет.