Ол – Ислам тарихында екінші Омар және бесінші әділ халифа атымен қалған, Омар бин Хаттабтың (р.а.) Абдулазиз есімді ұлынан туған тұлға. Өзі атасы Омармен аттас. Омар бин Абдулазиз – әрі ғалым, әрі ел басқарған қайраткер.
Халифалығы небәрі екі жарым жылға ғана жалғасты. Себебі, оның әділдігіне көндіге алмағандар астыртын қастандық ұйымдастырды. Жау алыстан келмейтіндігі мәлім. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, халифалықтан дәмелілер Омар бин Абдулазиздің қызметкерін пара беріп сатып алды. Халифа өзінің уланғанын әрі қастандық жасаған қызметкері екенін де сезіп: «Ей, жүгірмек! Тамағыма неге у салдың?,-деді. Қылмысы әшкере болған қызметкер Умауия әулетінің шонжарлары итермелегенін, сый ретінде басын құлдықтан босатып, қолына мың динар беретінін уәде еткенін де мойындады. Сонда кемеңгер халифа: Мың динарды мемлекет қазынасына тапсыр, ал өзіңді Алла разылығы үшін құлдықтан босаттым,-деп соңғы сөзін айтты. Жазалауға әбден күші де, билігі де жетіп тұрса да, жаңылыс басып, ауыр қылмыс істегенге кеңшілік жасап кешірім берді.
Омар бин Абдулазиз екі жарым жылда мемлекеттегі кедейлікті түбегейлі жеңді. Халықтың басты әлеуметтік мәселелерінің тетігін қарастырып, оңтайлы шешімдер іздеді. Соның ішінде қарызы бар адамдардың берешектерін, үйленуге шамасы жоқ жастарға қаражатты және қажылыққа ниет еткен кедейлердің жол кірелері мен азық-түлігін толығымен мемлекет есебінен қаржыландырды. Осылайша, мемлекетте жағдайы төмен отбасындағы жастарға бастапқы аяққа тұратын қаражат бөліп, шаңырақ боп өз арабасын өзі дөңгелетіп кететіндей жағдай жасады. Әрі тапқан табысы арқылы қарыз жабумен күнелткен халық мәселесін біржолата шешті. Тіпті, даладағы жануарлар мен құстарға арнайы бидай мен жем салатын қорымдарға дейін жасатты. Бұл – Омар бин Абдулазиз халифаның мемлекет басқарған қайраткер ретіндегі еңбегінің бір шеті.
Ал, Ислам діні ғалымы ретінде ерекше құлшылыққа ден қойған еді. Әрі үнемі ғалымдармен мәжіліс құрып, ақыл-кеңестерін тыңдайтын. Бұған қоса, тікелей өзіне қатысты халифалық мансабынан қаймықпай насихат айтатын ғалымдармен кездесіп тұратын. Ғалым достарының бірі: «Ей, мұсылмандардың әміршісі! Бұл дүние рақатынан ораза тұт, өлімнен кейін ғана оразаңды аш. Әрі таңы қиямет күні болған түндерде азығыңды қамданып ал»,-деген сөзі жүрегіне қатты әсер етті. Осы сөздерден кейін ол қарапайым тұрмыс кешті. Тіпті, атасы Омар халифаның дәуіріндегідей қойға қасқыр шаппайтын мамыражай заман болған деседі. Бұл жөнінде адамдар: «Алла Тағала мен өзінің арасындағы міндетті дұрыс атқарды, сондықтан Алла Тағала Омар мен халқының арасын түзеді» деген екен.
Руслан ҚАМБАР,
исламтанушы