(болған оқиға ізімен)
…Бастаңғыға жиналған қыз-келіншек, кемпір-сампырдың әңгімесі «Биғайша» болды. Тәуелсіздік алдық деп, тақиямызды төбеге атып қуансақ та, нарықтық экономика желкеден басып, жұрт жаппай ала дорба арқалап, базар жағалап кеткен шақ. Ал бұлар бір уақ көңіл көтеруге уақыт тапқан.
Төрде отырған қара кемпір екі-үш айда бір жиналатын бұл отырысты «бастаңғы» дейтін. Содан көпті көрген көнекөз кейуананың сөзімен осылай аталып кетті. Ал мұндай кешке ауылдың қыз-қырқыны, қатын-қалашы түгел жиналатын.
– Әй, естідіңдер ме, Биғайша өмір бойына бас бостандығынан айырылыпты ғой? – деп сөз бастады толықша келген сары әйел.
– О, тоба-ай!.. Оның бірінші күйеуі де қылмыс жасап, өмір бойына бас бостандығынан айырылған. «Ұзынқұлақтан» солай деп естігенмін, – деп білгішсінді Бәтима.
– Екі баласынан айырылды. Бірін түсіріп алды, бірі туа сала шетінеп кетті. Бірінші күйеуінен туған баласы болса он бесте. Көз тимесін деп атын «Ұлтарақ» қойған екен. Енді оған не болады? – деп, шәй құйып отырған Жәмилә ернін сылп еткізді.
Дастарханда екі жерден қант, екі жерден май қойылған. Себелей шашылған майға піскен бауырсақ. Етке картобы мен асқабақ, пиязы көбірек қосылған манты. Сол заманда мұндай дастархан жиі жайыла бермейтін. Жұрт бидай тапшы болғандықтан, жүгеріні қол диірменге тартып, нан пісіретін. Жүгері ұнынан иленген қамыр созылып, былжырақ болғандықтан, ожаумен табаға жұқалап қана құйып, тезек шоғына пісірілген нан бидай ұнымен салыстырғанда қаттылау, сырты да бұжыр-бұжыр болатын. Ауылда «атала» дейтін тамақ мәзірге қосылды. Көп үйде кешкі асқа суға аздап сүт қосып, оған ұн шылап, атала пісіру әдетке айналғалы қашан…
Тыныштықты шәй әперіп отырған бұзық Күлтай бұзды.
– Сұлу Биғайшаның не үшін сотталғанын білесіңдер ме? Әлгі әкімнің бірінші әйелінен қалған кішкентай екі қызы бар ғой, сол екеуін қасына отырғызып алып, етті әдейі құрттатып, құртты құлақтарына салыпты…
– Тәйт! Онысы несі ей! Қайдағыны айтпай, тыныш отыр. Өзі де бала тәрбиелеп отырған әйел. Ондайға баруы мүмкін емес! – деп, тыйып тастады қара кемпір. Ішінен бұл ақпардың шын екенін жүрегі сезсе де, жас келіндер мұндай жауыздыққа бармасын деген сақтығы болатын.
Күлтайдың дымы шықпай, жым болды. Бұл жолы үнсіздікті ешкім бұза алмады. Өгей шешенің екі қызды шырылдатып, жамандыққа қиюы мүмкін бе?.. Бәрінің көкейінде осы сұрақ тұр. Иісі мұрынды жарып, тәбетті ашқан мантыға ешкім қол созбады…
***
Көп ұзамай ауыл әкімі Тұрар қос қызын бірдей жер қойнына тапсырды. Осы оқиғадан кейін ешкім екінші рет әйел алып, өгей шешеге ұл-қызын бақтырмастай болды. Өмір бойы бас бостандығынан айырылған сұлу келіншектің соңынан ешкім іздеп бармады. Биғайшаны аузына алған адам да жоқ.
Шешесі түрмеге қамалған соң, Ұлтараққа сол ауылдан ұлтарақтай жер бұйырмады. Оны өзге бір облыста тұратын ауылдағы нағашылары келіп алып кетті. Тұрар болса, араға жыл салып, тағы үйленді. Мансабы өсіп, атағы жер жарып, байлықтан басы айналардай жағдайы болса да, отбасылық өмірі азапқа айналғандай еді. Қырықтан асқан, отырып қалған кәрі қызды достары жабылып жүріп таныстырды. Көрші ауылдың қызы өте ибалы болып шықты. Көп ұзамай Сәлима Айданадай тәп-тәтті қызды дүниеге әкелді.
Уақыт шіркін жүйрік қой. Арада аттай алты жыл өтті. Тұрар күндіз-түні Айданасын мойнына мінгізіп алып, бар уақытын баласына арнайды. Қартайғанда құдай бере салған тәтті қызынан ештеңесін аяған емес. Бұл кезде бірлі-жарым болмаса, халық еңсе көтеріп, ел экономикасы бір қалыпқа түсіп келе жатқан кез…
Қызылорда облысында жаздың күні ми қайнатар шіліңгір ыстықта көшеде адам болмайды. Күн төбеден ауғанда барып, ауылға жан бітеді. Сәлима да қызын ұйықтатып, тоқ шәйнекке шәй қоймақ болып орнынан тұрды. Қан қысымы көтерілді ме екен, басы мең-зең болып, құлағы шыңылдап тұр. Шәйнекке ожаумен су толтырды. Сол кезде тоқ шнурына су төгіліп кетті. Оны өзі байқаған жоқ. Тек тоққа қосқанда барып, кері ұрған тоқтың күшімен сонадайға ұшып барып, жалп ете қалды.
…Сүт сұрай келген көрші Майра ес-түссіз халде сұлқ жатқан Сәлиманы көріп ойбайға салды. Ұйықтап жатқан бала тұрмақ, бүкіл ауылды басына көтерді. Көп ұзамай көрші-қолаң түгел жиналған. Жұмысынан жүрегін шүберекке түйіп, жүгіріп жеткен Тұрар әйелінің өлі денесін құшақтап аңырап, отырып қалды.
Ертеңіне туған-туыс, ауыл-аймақ болып жаназасын шығарып, ауылдан тысқары орналасқан қорымға апарып жерледі. Үйілген топырақты сипалап, үнсіз қалған Тұрарды туыстары теңселте бастырып, үйіне әзер алып келді. Бір емес, үш рет үйленді. Үшеуінде де жолы болмады. Бірінші әйелі ауыр сырқаттан қаза болса, екіншісі адам кейпіндегі жауыз, жалмауыз болып шықты. Алғашқы әйелі Ақмаралдан аманат болып қалған моншақтай ғана екі қыздың ажалына себепші болған сұрқия Биғайшаны екі өмірде де кешіре алмас. Енді, міне, Сәлимасы тағы тастап кетті. Не деген жолы болмайтын, бағы ашылмайтын жан еді!?
***
…Кәмелетке толған соң, ол түрмедегі әкесі мен анасынан біржолата бас тартты. Туған ата-анасына бала күнінен кектеніп өскен бала қайбір оңсын!? Іші толған кек пен ыза, ашу мен өш еді. «Олар мен үшін не істепті? Көрген күнім құрысын, әркімнің есігінде жалшы құсап жүрген», – деп бір боқтап, ата-анасына қолды бір-ақ сілтеген.
Нағашы ата-әжесі дүние салған соң, нағашы ағасы мен жеңгесі ауыл инспекторында тіркеуде тұрған жиен баланы сыйғызбады. Қит етсе, бірінші осы үйге жетіп келетін де тұратын инспектордың кесірінен Ұлтарақ үйден біржолата қуылды.
Қазір ұшарын жел, қонарын сай біледі. Өзі секілді қолының сұғанағы бар, анау-мынау көлеңкелі іске еп-себі бар жігіттер әр ауылдан жиналып, иесі қалаға көшіп кетіп, бос қалған үйде, кейде әркімнің қорасында қонып, күн кешуде. Қасындағы он шақты жолдасынан қазір жалғыз Жандос қана қалған. Қалғандары шетінен сотталып кетті. Барымта, үй тонау, қыз зорлау, алаяқтық, кісі өлімі дейсің бе, барлық қылмыспен аты шыққан үлкен қарақшылық топ еді. Ауылдық мафияның тапқан табысы тақиясына тар келіп, ашкөзденіп кеткен болатын.
Қарасы азайып, қорқақ Жандоспен жолдас болған Ұлтарақтың бүгінде хәлі нашарлаған. Сақ жүрмесе, бұл да бір күні тар қапасқа қамалары анық. Сондықтан да үлкен қылмыстарды қойып, майда-шүйде тірлікпен күн көруде.
Олардың ендігі аңдығаны – ауылдардың моласы. Тіріні қойып, өлінің мазасын алған екеу артына із қалдырмауға тырысып бағады. Ол үшін облыс, аудан, ауылды жиі ауыстырып отырады. Жаңа жерленген молаларды қазып, мәйіттің аузындағы алтын, күміс тістерін түгел қағып алады. Қалада өткізетін жасырын жерлері бар. Әзірге осы жаңа «бизнессымағы» күнкөріс қамына жарап-ақ тұр.
Аузында алтын тісі жоқ мәйітті бір теуіп, боқтап, қайта көміп тастайды. Өлік қорыған құзғындай әр ауылға күндіз-түні құлағын түріп отырады. Бір мезетте екі-үш ауылдан қайтыс болғандар бір күнде жерленсе, бір түнде түгел үлгереді. Кейде кезекпен әр түн сайын қазып алады. Бақуатты, бай-бағландар тезірек өлсе деп тілейді. Адам санатынан осындай арам пиғылымен шығып қалған екеу көрші ауылдағы әкімнің әйелі дүние салыпты дегенді естіп, шын қуанысып қалды.
«Әкімнің әйелінің аузында кем дегенде төрт-бес алтын тіс болуы ғажап емес», – деп пайымдады. Кеш қарая күректерін қайрап, пышақ, қайшы сияқты құрал-сайманын сайлап, екі алақанын ысқылап, жорыққа аттануға дайын отырды. Ел аяғы ұйқыға жатқан шақта құдайдан безген екеу қорымға қарай жақындап келе жатты…
Бүгін көмілген көрді оп-оңай тауып алды. Жылдамдатып қазып, ағаш тақтайларды ашып, екеуі ішке секіріп түсті. Көрдің екінші бөлігіне кіре бергенде шашы дудырап, көзі бақырайып, түрегеліп отырған, аппақ кебінге оранған әйелді көргенде Жандостың жан даусы шықты да, шалқасынан құлап түсті. Көрден атып шығып, қаша жөнелген Ұлтарақта ес жоқ. Алды-артына қарамай, «қашпақ болсаң, зымыра!» – деп, ұшып барады…
Сәлима отырған жерінде мәңгіріп ұзақ отырды. Мына екі пендесін жіберген Құдайға іштей рахмет айтып, әупірімдеп көрден шықты. Қимылсыз жатқан көр қазғыш жігіттің жүрегі жарылып кеткенін сезді. Көрден шыққан келіншек ақ кебінін жамылып, ауылға қарай беттеді. Алға басқан қадамы кейін кетіп, жүріп келеді. Ауылда еріне үрген бір-екі иттің дауысы ғана естілді. Көшеде тірі жан жоқ. Үйіне жақындады. Аулаға ақырын кіріп, бұрыштағы кепенің тасасына тығылып біраз отырды. Тым-тырыс.
«Үйге қалай кіремін? Не деп айтамын? Үстімде ең болмаса киімім де жоқ. Аппақ болып түн ішінде алдынан шыққанымда кім болса да, шыңғырып, тұра қашпай ма? Құдай-ау, тағы қанша адамның жүрегі жарылып кетер екен?» – деген ойлар жан-жақтан тартқылап бітті. Бір кезде сыртқа алты жасар қызы Айдана шықты. Көзін уқалап, үй бұрышына дәрет сындырды да, қайта үйге беттеді.
– Қы-зыыым!, – деді дауыстап, – Ай-кон-тааай!…
Сыбырлай сөйлеген анасының даусын естіп қалған Айдана дауыс шыққан жаққа жалт қарап, жүгіріп келіп, жүрелеп отырған шешесінің мойнынан құшақтай алды. Өлімнің не екенін білмейтін, мына алабажақ өмірдің сан тарауынан бейхабар балақай қуаныштан аспанға секіріп-секіріп жіберді. Шықылықтап күліп мәз.
– Апа, сен қайтып келдің бе? Әжем сені «Қауын егуге кетті. Енді қауын піскенде барып, қауын жейміз», – деді. Қауын пісті ме? – деп тақ-тақ етеді. Сәлима есін жия алар емес. Жылай берді, жылай берді.
Әлден соң, аздап өз-өзіне келіп:
– Қызым, менің шкафта тұрған көйлегім мен орамалымды әкеліп берші. Сен енді үлкен қызсың, қанекей, жүгір! – деді.
Томпаңдап жүгіре жөнелген Айдана тез қайтып келді. Көйлегін киіп, басына орамалын тағып, бір қолына ақ кебінін түйдектеп ұстап, екінші қолымен қызын жетектеген Сәлима үйге қарай беттеді.
…Немересін іздеп шыққан кемпірдің баж ете қалған дауысы үйдегілерді түгел оятты. Бәрі шошып, у-шу болды. Бірі жылап, бірі күліп, не болып жатқанын ешкім түсінер емес. Кезек-кезек бәрін құшақтап келе жатқан Сәлима күйеуіне жақындады. Тұрар болса, көзі жыпылықтап, аз-кем қарап тұрды да, сүріне-қабына бөлмені айнала тырқырай қашып, есіктен сыртқа зу ете қалды. Түс көргендей болған туған-туыс мең-зең күйде…
Таң ата қазанға ет салып, бауырсақ пісіріп, құран оқытылды. Әлгі қорымдағы өлген жігіттің мәйітін құқық қорғау қызметкерлері арнайы тексеріс жүргізу үшін алып кетті. Сәлимаға сұрақты қарша жаудырған ауылдың учаскелік инспекторы енді Ұлтарақтың ізіне түсті. Көп ұзамай ол Қызылорда қаласында қолға түсті. Қаншама қылмысы ашылып, үнсіз мойындаған Ұлтарақ әке-шешесінің артынан жиырма жылға сотталып кете барды.
Ауылда өсек гулеп тұр. Бұл оқиға ескі жараның бетін тырнады. Шешесі екі бірдей қызының ажалына жеткен еді. Енді, міне, баласы бүгін «өлген» Сәлиманың жағын кесіп, алтын тістерін қағып алмақ болды. Құдай сәтін салып, денесін ұрған тоқты жер-Ана өз бойына сіңіріп алып, әйелін қайта құшағына басты. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген сөз бүгінше жоққа шықты. Кебін киген келіншек көрден тұрып, үйіне келді. Әлгі өліктермен «ойнаған» екеудің бұл жолы «пайдасы» тиді. Әйтпесе, Сәлиманың күні не болар еді?..
***
Арадай апта өтпей, Тұрар өз еркімен жұмыстан шығып, өзге облысқа біржолата көшіп кетті. Елдің өсегінен әбден мезі болған. Оның үстіне бұл ауыл оған құт әкелмеді. Ақмаралдай аппақ келіншегі мен екі бірдей тұлымшағы желбіреген бүлдіршін қызын жерлегені жетер! Биғайша туралы ойлағысы да келмейді. Ал Ұлтарақ болса, шешесінің қателігін түзегендей, Сәлиманы «аман алып қалды».
Өзге ауылға әкім болып бармаса да, ел қатарлы күн кешуді арман етті. Бұл отбасының ары қарайғы өмірі ауылдықтарға беймәлім. Өсек те басылған. Қанша заман өтті, қанша су ақты… Бұл оқиғаны бүгінде тек бірлі-жарым куәгерлері ғана аракідік еске алады…
Айгүл ӘЖІБАЕВА