Дініміздің негізгі қайнар-көздері Құран мен Сүннетке назар салар болсақ, әсіреұлтшыл болуға мүлде жол жоқ. Қасиетті Құран-Кәрімде Хақ Тағала: «Ей, Адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға, руларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хужрат сүресі, 13-аят), -деп бұйырады. Бұл жерде Ұлы Жаратушы адамзат баласының бір ата, бір анадан тарағанын, яғни, түптеп келгенде бір-біріне ет жақын бауыр екенін паш етуде. Сондай-ақ, Тәңір-Тағала Адам ата мен Хауана ана ұрпақтарын бірін-бірі тану үшін ұлттар мен руларға бөліп жаратқанын ескертіп отыр. Расында да біз қай ұлттан жаратылатынымызды өзіміз таңдаған емеспіз. Жаббар-Хақтың қалауымен біздің біріміз – қазақ, біріміз – араб, біріміз – парсы болып жаратылғанбыз. Демек, әрқайсымыздың пешенемізге бір ұлттан өрбу, бір ұлттың ұл-қызы болу тағдыры жазылған. Әйткенмен, Құдай-Тағаланың адамзат баласын ұлттар мен руларға бөлуінің илаһи сыры бар. Оның ең бастысы – бұл құбылыстың илаһи сынақ екенін пайымдай алуымыз болмақ. Жаратқан Иеміздің: «Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың…» (Хужрат сүресі, 13-аят) деген ескертпесі тек жеке адамға ғана емес, ұлтқа да қатысты десек қателеспейміз. Өйткені, Хақ Елшісі Қоштасу Құтпасында: «Араб ұлты өзге ұлттардан үстем емес. Өзге ұлттар да араб ұлтынан үстем емес. Үстемдік Аллаға деген жақындықпен өлшенеді» деп ескертен. Яғни, тахуа болумен ғана бір ұлттың өзге ұлттан шоқтығы биік бола алады. Дегенмен, тек үстем болуды көздеп ұлтты тахуалыққа үндеу де жөн емес. Біз Тәңірдің разылығы үшін ғана жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан тыйыламыз. Нағында, шын ұлтшыл азамат ұлтының екі дүниедегі қамы үшін күресуі қажет. Өйткені, ұлтымыздың бұл дүниедегі халін ойлап қамықсақ та, ақыретте ұлтымызды тозақтан құтқаруға күреспесек, ондай ұлтшылдықтың еш баяны болмайды. Осыған орай, ұлтшылдықты болымды және болымсыз деп екі категорияға бөліп қарастыруға болады. Болымсыз ұлтшылдық деп – өз ұлтын дара санап, өзге ұлттарды кемсітуді айтамыз. Алла Елшісі (с.а.у): «Нәсілшілдікті қоздырған бізден емес…» (Мүсілім, Имарат/57; Әбу Дәуіт, Әдеп/113; Ибн Мажа, Фитан/7) – деп бұйырады. Демек, ұлттардың қарым-қатынасына жік түсіретін ұлтшылдықты шариғат құп көрмейді деген сөз. Ал, болымды ұлтшылдық деп – өз ұлтының саясат пен экономикада һәм рухани-мәдени өсіп-өркендеп, екі дүниенің бақытына кенелуі үшін ынты-шынтымен күресуді айтамыз. Осы тұрғыда айта кететініміз, Хақ Елшісінің: «Мен екі құрбандықтың ұлымын» (Бұхари, Мәнақиб: 23), деп ата-бабаларының ерліктерін үмбетіне өнеге еткенін ескерер болсақ, әрбір азаматтың ұлтының ұлыларын ұлықтауға, бабаларының тағылымды тарих жасауға ат-салысқанын насихаттауына толық қақысы бар деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың иір-бұтақ ұлылары: Әл-Фараби, Ибн Сина, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи, Берке хан, Бейбарыс, Өзбек хан, Жәнібек хан, Асан қайғы, Тоқтамыс хан, Ер Едіге, одан берідегі Қазақтың хандары, батырлары, ақын-жыраулары, Ыбырай мен Мәшһүр Жүсіп, Абай мен Шәкәрім, Алаш қайраткерлерін т.б алып-ерендеріміз бен шахид болған бабаларымыздың тарихи тәбәрігінен тәлім алу – дін үшін сөлекет емес әрі әсіреұлтшылдыққа жатпайды. Шегінен шығармаған болсақ, қайта шариғат құптайтын қайырлы іс саналады.