Ассаламуғалайкум, Али бауырым. Қажылық – адамның тақуалығын күшейтіп, шыңдай түсетін уақыт. Және дін рәміздері мен қасиетті дүниелерін құрметтейтін құлшылық. Құран Кәрімнің «Хаж» сүресі, 32-аятында: «Міне, осылай. Ал, кім Алланың белгі-рәсімдерін ұлы деп білсе, сөзсіз, бұл – жүректердің тақуалығынан (Алланың жазасынан қорқып, сақтануынан)» делінсе, «Бақара» сүресі, 197-аятта қажыларға тақуалықты азық етуін әмір етіп: «Қажылық – белгілі айлар. Кімде-кім ол айларда қажылықты орындауға міндеттенсе, онда қажылық кезінде әйеліне жақындасуға, күнә жасауға және айтысып-тартысуға болмайды. Қандай жақсылық істесеңдер, Алла оны біледі. Әрі жол азығымен қамданыңдар. Ал, жолазықтың ең жақсысы – тақуалық…», – деп айтылады.
Демек, қажылық бір сынақ әрі тәрбие. Дүниенің төртбұрышынан миллиондаған адамдардың келуінің бір хикметі олардың тақуалықты үйреніп, бойларына сіңіріп қайтуында. Қажылық дәуетті адамдарға ғана парыз етілгендігін білеміз. Олардың Алла берген нығыметке шүкіршілік етіп, қыруар қаражаты мен уақытын сарып етіп, қасиетті орындарға баруы да бір сынақ болмақ.
Күннің ыстығы мен жағдайдың қолайсыздығына қарамай,миллиондаған адамдармен бірге Кәғбаны тауап ету, Сафа мен Мәруа арасында жүру, Хамаратта түнеу, Мина жазығында тұру, құрбан шалудың түпкілікті мәні Аллаға бойұсыну. Тағы да қасиетті Құранға үңілсек, «Хаж» сүресінің, 37-аятында былай деп келеді: «Аллаға олардың (құрбандыққа сойылған малдардың) еттері де, қандары да жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың жетеді…»,-делінеді. Сондықтан да, қажылық ғибадаты жан-тәнімен бойұсынуды үйрететін құлшылық.
Көп күш-қайрат пен сабырды талап ететін қажылықтың негізгі рукіндерінен тыс, күнделікті дағдыланған киім-кешегін тастап, көз бен көңілді арбайтын барлық сәнді заттарды қолданбаудың өзі адамдарды дүниеқұмарлықтан алыстатса, әрбір мемлекеттен келген, түр-түсі басқа, бір-бірінің тілдерін түсінбейтін неше миллион қажының бір мезгілде бірге жүруі мұсылмандар арасында бауырмашылдықты күшейтеді. Мақсаттары бір миллиондаған қажылар бір мекенде, бір мезгілде, бір кейіпте бас қосуы, Жалғыз Жаратушыға дұға етеді.
Сонымен қатар, қажылық барысы мұсылмандарға қиямет күні мен ондағы жағдайларды да есіне салады. Соншама көп адам, құлшылық жасаудағы қиындықтар, аптап ыстық ауа да – барлығы мұсылмандардың қиямет күніне деген қорқынышымызды арттырып, тақуалығымызды табандылықпен ұстауға жетелейді. Және Ислам тарихындағы маңызды оқиғалардың куәсі болған, Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмір сүрген, ізі қалған мекендер қажыларға Ислам тарихының қойнауынан сыр шертіп, көзаясының кеңеюіне, білімдерінің молығуына да өз септігін тигізбек.
Бұл айтылғандар біздің кейбір дерек көздеріне сүйене отырып, көңілімізге түйгендеріміз. Ал, анығында бұдан да ұлы мұраттар мен сырлы хикметтердің болуы ғажап емес. Толық білім, Білуші, Хикмет иесі Аллаға аян.