Елге келді. Ал ол кездегі біздің жағдай қалай еді? Әр ру өз мешітіне баратынын айттық. Бұл бер жағы. Әр ру – өз әулиелеріне сиынатынды шығарды. Молдамызды осы нәрсе қынжылтатын. Бір Құдай. Одан өзгеге табынуға болмайды. Ауырып жатқан пайғамбар су алып ішуге жарамай қап, қызын көмекке шақырған. Науқас адамның өзі осындай қарабайыр физикалық шаруаны істеуге әлі келмесе, өлген кісі қайтіп жәрдем бермек, қалай жар болмақ-деп біраз кейіген. Әлгінде айттым ғой. Бұл молда саны аз рудың баласы еді деп. Ауылдықтар, келемеждейтін. Өзінің руынан әулие адам шықпаған. Көре алмағаннан, қызғанғаннан әруаққа табынудан қайтарып жатыр,-деп.
Молда бала, ауыл жұртының жүрек дертін жазам деп жүріп, көңіл дертінде байқады. Ол рушылдық еді. Найман мен жаныстың, сіргелі мен адайдың арасындағы ру таласына тоқтам жасамақ болып, былай әңгіме өрбіткені бар.
Негізі руға бөліну – қазақтың соры емес. Бағы болуы керек еді. Басынанан түсіндірейінші. Мәселен, сен үшін – ең алдымен аға, іні, қарындас қымбат. Ең алғаш осылармен жақсы қарым-қатынаста болып, осылар үшін, барын жасауға даярсың. Бұл сатыны отбасы дейді.
Келесі саты бар. Ол ата-ру деп аталады. Біз үлкен қоғамда өмір сүреміз. Отбасы мүшелерінің қолдауы аздық етеді. Енді адам – бір атадан тараған, туыстас адамдарды іздейді. Солармен байланыс құрады. Бұл топ бір-бірін демейді, қиын жағдайда көмектеседі.
Мен сіздерге мынаны айтайын. Пайғамбарды тудырған араб ұлтында да, осындай рулық жүйе бар. Мәселен, Мұхаммед (с.а.с) Құрайыш тайпасының өкілі. Ол Меккеде жаңа дінді насихаттай бастағанда, оны туыстары тілдеді, табалады. Бірақ, осыншама жек көріп тұрса да, оны өзге біреудің тоқпақтауына берген жоқ. Себебі – Мұхаммед оларға өзінің туған ағасындай еді. Ал туған бауырын ешкім тепкілетіп қоймайтыны анық. Пайғамбар өмірін оқып отырғанда, мен секілді бірнеше қазақ, құрайыштықтардың осы тірлігін жүрегімен ұғынды. Ал жанымыздағы тәжік, өзбек бауырлар Құрайыштықтардың пайғамбарды жек көре тұра, Мұхамедті өзге біреудің төпелеуіне, абыройын түсіруге жол бермегенін түсінбейтін. Жек көрсе, оны кім ұрып жатыр, бәрібір емес пе,-дейтін олар.
Иә, пайғамбардың қауымын, оның өмір баянын өзбек-тәжік жүрегімен түсіне алмайды. Ал қазақ. Қазақтың өмір дағдысы – тура пайғамбар заманындағыдай.
Туған ағаңды қанша жаман болса да, оны басқа басқа біреудің түртпектеуіне бермейсің ғой?! Ал ру – отбасыңдағы ағаң, әпкеңе деген мейірімді алыстау туысыңа да көрсете алатын қабілет береді. Былайша айтқанда, ру – отбасылық шеңберді кеңейтеді.
Ру – өзіне мүше адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын аға мен іні, әпке мен сіңлі секілді масштабқа келтіреді. Сонымен қатар, бұл ру –өзіне мүше әрбір адамға жауапкершілік арқалатады. Ол не дейсіз бе? Руға мүше адам, сол рудың абыройын асқақтау керек деген міндет жүктеледі, әр кісіге. Тиісінше руға кіретін әрбір азамат рудың атына кір келтірмеуі керек.
Меккеде қажылықта жүргенімде, арабтың Бану Нәдір дейтін тайпасының ақсақалымен жолыққаным бар. Ол: Біздің ру Араб жазирасына, мүлдем өтірік айтпайтын ру ретінде аты мәшһүр,-деп еді.
Иә, араб жұртында ру аралық бәсеке деген қатты. Бір-бірінен жақсы ат шығарудан жарысады. Қандайда бір рудың жігіті ұрлық жасаса, әлгі тайпаның абыройы өзге жұрттың алдында түсіп қалады. Сондықтан, ру ақсақалдары – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатты мән береді.
Осман, Омар халифалардың тұсында, Исламды тарату үшін араб әскерлері Иран һәм Византиямен соғысқаны бар. Мұсылмандар армиясына сол кезде Халид ибн Уәлид дейтін кісі қолбасшылық еткен. Осы арада парсы армиясымен болған соғысты айтып берейін.
Екі армия сап түзеп, бір-біріне лап қойды. Иран әскерінде пілдер бар еді. Ә дегеннен әлгі жануарлар арабтардың қатарын шашып жіберді. Мұсылман қосыны шегіншектей бастады. Шегінбеңдер,-деген әмірге бағынар түрі жоқ. Сол кезде, Халид қолбасшы – араб әскерін ру-руға бөліп, майдан даласына қайта шығарады. Бұл жолы, үстілерінен піл таптап жатса да, бірде-бір жауынгер шегінбейді. Себеп? Себебі – Халид армияны ру-руға бөлді емес пе? Қандай да бір рудың адамы жаудан тайсақтап, кейін қашар болса, ол әлгі рудың абыройын айрандай төгер еді. Рудың беделі жер болар еді. Сол соғыста Бану Таиим дейтін рудың түгел жігіті қырылды. Бірақ біреуі кейін қарай қашпапты. У ішсең де руыңмен деген осы…
Бір қызықты айтайын. Мұндай қатаң жауапкершілікті ұлт дейтін құрылым ешбіреуге міндеттемейді. Мәселен: Талай адамда кешігіп жүретін әдет бар. Неге өйтесің,-десең? Қазақпыз ғой,-деп ақталған болады. Ал осы сұраққа, – Адай болғасын кешігеміз ғой, сондаймыз енді,-дегенді естіппе едіңіз? Өліп кетіңіз, мұндайды естімейсіз. Неге? Неге осы жұрт кемшілігін ұлтқа неге тели салады да, ру-атасына кір жуытпайды?! Мұны социологтар, ғалымдар зерттей жатар…
РУ – БӨТЕН ЖҰРТТЫҢ СІҢІСІП КЕТУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕЙДІ
Рулық жүйесі бар жұрттың басқа халықтан үлкен бір артықшылығы бар. Бұл жайында сәл кейінірек айтып беремін. Дәл қазір бір қызықты оқиғаны баяндайын. Мәселен Осман империясы қалай құлады, білесіз бе? Халифаттың түбіне – «шайхана» сосын «музыка» жетті. Шын айтамын. Шәйхана алғаш пайда болғанда, елдің игі жақсылары күніге жиналатын. Ақылдасатын. Кеңесетін орын еді… Осы арада мына қызықты айтайын. Уағыз халыққа аптасына бір рет қана, Жұма намазының алдында ғана айтылатынын білеміз. Күніге айтылса, жүрек қатайып қалады да, уағыз-насихат өтпейді. Тура сол секілді игі жақсылар аптасына, айына бір жолықса, көптен бері толғандырып жүрген ойларын ортаға тастай алады. Ал күніге шәй үстінде жолықса, қысыр әңгіме көбейеді. Не керек, талай ғұламаның ғылымға жұмсайтын уақыты, шәйханада босқа рәсуа болды. Осы арада музыка дегенге тоқталсақ. Ән-күйді дін Ислам екіге бөледі. Есті ән және есер музыка деп. Енді шәйханада ұлт туралы, дін хақында ән айтылмайтыны бесенеден белгілі. Онысын «хана»-дағылар былай ақтайды. Адамдар шайханаға, бой сергітіп, әңгіме-дүкен құруға келді. Ұлт, дін туралы музыка олардың дұрыстап демалуына мүмкіндік бермейді. Сондықтан жеңіл, махаббат жайлы әндер қоямыз,-дейді. Махаббат жайлы әндердің соңы «танец живота»-мен ұласады… Ал мұның қандай кесірге алып келерін сізде білесіз.
Хош, Түрік ғалымдар әуелде бұл шайхана мен музыкаға харам емес, бірақ қажеті де жоқ деп пәтуа беріп еді. Шамалары келгенше, бұл екеуге рұқсат бермеп еді. Бірақ…
Сүлеймен патшаның тұсы. Испандар Андалусия жерінен мұсылмандарды қырып-жойып қудалай бастады. Осман сұлтаны үлкен флотилия жіберіп, зәбір көрген момын жұртты кемелерге мінгізіп, Стамбұлға алып келеді. Құтқарылғандардың ішінде еврей қауымы да көп еді. Олар патша алдына тізерлеп отырып, рақмет айтады. Жанымызды тірі алып қалғандарың үшін, біз сіздердің тілдеріңізде сөйлейміз, түрік боламыз,-деп ант-су ішті. Уақыт өте берді. Стамбұлға келген жөйттер түгелдей түріктенді. Сол сіңіскен жұрттың ішінен дінге зерек бір бала шықты. Ол империяның мүфти деңгейіне көтерілді. Сосын… сосын – ғалымдар зияны да, пайдасы да жоқ деген әлгі дүниелерге рұқсат берді. Стамбұл көшелерінде шайханалар қаптап ашылып, музыка ойнай бастады…
Мұның соңы – ғалымдар, шенеуніктер өз уақыттарын рәсуа етумен жалғасты. Осының салдарынан ел шаруасы уақытында аяқталмады. Шәйханаға баратын жұрт өсекке құмартты… Музыкаға елітті. Зина жасала бастады…
Бұл деректерді түркияның ғалымдарының аузынан естідім. Байқадыңыз ба, өзге бір жұрт, түрік арасына сіңісті де, түріктің быт-шытын шығарды. Бұл мәселе қазірде бар. Түрік атынан сөйлеп, жоғарғы оқу орындарына орамал тағынған қыздарды кіргізбейтін. Дінді мейлінше шектейтін саяси топ бар. Сефард дейді бұларды былайғы жұрт. Түрік емессің,-дей алмайды. Тілі де, түрі де түрік.
Міне, бұлар уақытында түрік арасына сіңіскен. Ал қазақта мұндай мәселе болмаған, болмайды да. Себебі – бізде рулық жүйе бар. Бөтен жұрт арамызға еніп кете алмайды. Бір қызықты айтайын, Қоңыраттың ішінде Олжабай дейтін ру бар. Жорық кезінде қалмақтар ауылы жедел шегінеміз деп жүріп, көште бесіктегі баласын қалдырып кетіпті. Оны қазақтың бір батыры тауып алып, үйіне апарған. Олжабай деп есім қойған. Бұл рудың пайда болғанына 300 жылдан асты. Бірақ, қазақ Олжабай руының кірме екенін біледі. Сол сықылды, Бестерек дейтін ру бар. Кезінде, 5 татардан өрбіген ұрпақ. Шежіре мұны да біледі… Бұдан шығатын қорытынды: – ру қазақты бөтен жұртпен былғанудан сақтайды. Бұл біздің артықшылығымыз.
ЖЕТІ АТА АСПАЙ ҚЫЗ АЛЫСПАУ
– Неге біздің қазақ 7 атадан аспай ру ішінде қыз алыспайды? Дәурен тақсыр, осындай сұрақ қойып, тақ етті.
– Егер, жеті атадан асырмай некелессе олардан тарайтын ұрпақ «урод» болады. (Көрші әжем, дәл осылай айтты)
– Иә, жеті ата феноменінде медициналық фактор бар. Бірақ бірінші емес. Егер жеті атадан асырып барып үйленуді тек медицинамен байлап қойсақ, онда Пайғамбарымыз өз қызын жиені Әлиге берді. Олардан тараған ұрпақ сұрықсыз болуы керек еді ғой?! Жоқ, Асан мен Үсен дейтін балалары сүйкімді еді, деген деректерді көп оқыдым. Ең абзалы, жеті атаны ұлтты біріктіруші құрал деп түсінген дұрыс.
Тарихқа үңілейікші. Президентіміз түбіміз Түрік деп, кеше ғана теледидардан айтты. Сол қазақтың арғы бабалары түріктерде тура біз секілді, ру-тайпадан құралып, ұлы мемлекет тұрғызды. Уақыт өтті. Түрік қағанаты құлады. Себеп? Себебі мемлекетті құраған рулар өзара көп араласпады. Мәселен Дулу тайпасы тек өз руының ішінен ғана қыз алды. Қаңлы жұрты, Үйсін руы да сөйтті. Құдаласуды бекер айтып отырғаным жоқ. Отырықшы халықта, халықты біріктіретін фактор ол – сауда-саттық болса, ал көшпелі жұртты бір ұлт етіп ұйыстыратын құрал – ол құдалық. Не керек, бір ұлт болып бірігу процесі – әр рудың іштей тұйықталуының кесірінен баяулай берді, ақыр соңында бір тілде сөйлейтін, дүние танымы бір халықтар осылай бір-бірінен алыстай берді. Бұл алыстаудың соңы – хандықтың құлауына әкеп соқты. Мұнан кейін, билікті түргеш дейтін тайпа қолға алды. Мемлекет осы рудың атымен аталды. Бағынышты рулармен бұл елде қатты араласа қойған жоқ. Бұлардан соң, Қарлұқ тайпасы мемлекет түзді. Тағы да сол тарих. Ең соңында, бұл шырғалаңды Жәнібек пен Керей үзді.
Әбілхайыр хандығынан найман, арғын руларын бөліп алып, қос сұлтан Шу бойына көшіп барды. Көп өтпей, оңтүстіктегі Дулат, Қоңырат, Қаңлы тайпалары Жәнібектің қоластына келіп кірді. Хан – даланың екі қиырын мекен еткен, Дулат пен Арғынды қалай ұстап отырамын,-деп уайымдай бастайды. Әмірші басы қатып отырғанда, сол заманның білгірі Асан қайғы – ұсыныспен хан алдына келді:
– Әр ру өз қазанында қайнауға жол бермеу керек. Дулат тек өз ішінде ғана қыз алып, қыз берісуді жалғастыра беретін болса, арқадан ауып келген ру-елмен араласпайды. Келімсек және жергілікті тайпаларды бір-біріміне аралас-құралас болуға мәжбүрлеу керек.
Осы әңгімеден соң, әз-Жәнібек «Жеті ата» деген қастерлі ұғымды өмірге әкелді. Бұдан былай,– жеті атадан аспайынша бір ру ішінде қыз алысуға тиым салынады, деген жарлық шығарды. Міне, осы жеті ата ұғымы болмағанда, қазақ хандығы да, өзіне дейінгі Түргеш, Қарлұқ, Қыпшақ мемлекеттерінің күйін кешер еді. Жеті ата дәстүрінің арқасында, Жетісудің рулары Арқаның тайпаларымен араласты. Қыз алды, құдандалы болды. Туысқанға айналды. Және ең бастысы – дәл осы құдалықтың арқасында, қазақтың тілі диалект дейтін дерттен аман қалды. Бір мысал айтайын. Дағыстан дейтін жер бар. Кішкентай ғана аумақта мың сан ұлт мекендейді. Төбенің күнгей жағын осетин жайлайды, теріскей бетінде ингуш тұрады. Араларын тек 2 мың метр ғана бөліп тұр. Осыншама жақындыққа қарамастан, бұлар бірінің тілін бірі түсінбейді. Себебі – бұл жұрттар бір-бірімен құдандалы болмаған, араласпаған. Ал бізде қалай? Қазығұрттың қазағы Өскеменнің қазағымен құдаласады. Қазығұрттық құдасы кенже баласын үйленідіріп жатса, құтты болсын деп өскемендік жамағайын келеді. Өскеменде өлім-жітім болып жатса, оңтүстіктің жұрты көңіл айтып барады. Енді осыны еуропаның масштабына салсаң, Норвегиялық Италияға келгендей қашықтық. Сосын, екі рудың құда болуы, ұлттың аман-есен болуына сеп. Мәселен, Өскемендегі найман жұртына жау тисе, Қазығұрттағы қаңлы елі тыныш жата алмайды. Себебі анау жақта қыздары бар. Одан қалды, құдасын қатты жақсы көреді. Не керек, қалың қаңлы атқа қонады. Қысқа қайырғанда, Жеті ата – қазақтың ұлт болып қалыптасуын тездетті.
*****
Молда баланың соңғы сөзі есімде қалыпты. «Шежіремен жоғарыға қарай өрлесең, бірігесің. Бір атаға барып тірелесің. Керісінше, төбеден төменге қарай жүрсең, бөлінесің. Миллиондарға шашыласың. Жеке-жеке қаласың. Әркімге жем боласың.»
Дәурен тақсырдың осы уағызын, бүкіл ауыл болып, ұйып тыңдағанбыз. Ертеңіне найман мен дулат бірігіп, адай қолғабыс етіп, ауылдың сыртына баннер ілдік. «ЖҮЗГЕ БӨЛІНГЕННІҢ ЖҮЗІ КҮЙСІН» деп жазып қойдық.
НҰРБЕК БЕКБАУ