Қазақстандағы дінтану сараптамасын құқықтық қамтамасыз ету тәжірибесінен

    0
    152

    2011 жылдың мамыр айында ҚР Дін істері агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде құрылғаннан кейін дінтану сараптамасын жүргізу құзіреті осы агенттікке берілді. Бұл құзіреттілік Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңымен бекітілді. Қазіргі жағдайда дінтану сараптамасын жүргізуді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті жалғастыруда.

    Дінтану сараптамасының заң деңгейіндегі нормативтік құжатта белгіленуі оның қоғам өміріндегі маңызының артуымен тікелей байланысты болды. Баршаға белгілі, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның конфессиялық кеңістік құрылымы айтарлықтай өзгерді. Жаңа діни ахуалдың қалыптасу жағдайында діни бірлестіктер саны күрт ұлғайды. Ел аумағында шетелдік миссионерлердің іс-әрекеті қарқын ала түсті. Діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып, үгіт-насихатын күшейте түскен теріс пиғылды діни ағымдар да аз болған жоқ. Радикалды ағымдар идеологиясын насихаттайтын жат мазмұндағы әдебиеттер елімізде тарала бастады.

    Осының барлығы дін туралы заңнаманың жаңа заман талабына орай жетілдірілуін, күшейтілуін талап еткендіктен, Дін істері агенттігі тарапынан дайындалған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Мезгілі жеткен мәселе ретінде дінтану сараптамасы да аталған заңда жеке бап ретінде қамтылды. Осы заң негізінде 2012-2013 жылдары аталған агенттік тарапынан дінтану сараптамасына қатыстытөмендегі нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, қабылданды:

    — Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 7 ақпандағы № 209 «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» қаулысы;

    — Агенттік Төрағасының 22.08.2012ж. № 86 «Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің аумақтық органдары жанындағы Сараптамалық топтардың ережесін және Сараптамалық топтардың құрамын бекіту туралы» бұйрығы;

    — Агенттік Төрағасының 4.10.2012ж. № 103 «Дінтану сараптамасы қорытындыларының үлгілерін бекіту туралы» бұйрығы;

    — Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылдың 15 қазанындағы № 1311 «Діни қызмет саласында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бекіту туралы» қаулысы;

    — Агенттік Төрағасының 30.10.2012ж. № 112 «Дінтану сараптамасын жүргізетін сарапшыларды іріктеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығы (Әділет министрлігінде 24.11.2012ж. тіркелген, мемлекеттік тіркеу № 8116);

    — Агенттік Төрағасының 07.12.2012ж. № 124 «Дінтану сараптамасын жүргізу» мемлекеттік қызмет регламентін бекіту туралы» бұйрығы;

    — Агенттік Төрағасының 30.10.2012ж. № 112 «Дінтану сараптамасын жүргізетін сарапшыларды іріктеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу жөніндегі ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының бұйрығы (Әділет министрлігінде 28.01.2014ж. тіркелген, мемлекеттік тіркеу № 9103);

    Көрсетілген құжаттардың қабылдануы нәтижесінде дінтану сараптамасының құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілуі аяқталды.

    Дін туралы жаңа заңнамада сараптаманы жүргізудің бірнеше негізі айқындалып көрсетілді. Бұған дейін дінтану сараптамасын жүргізуге тек мүдделі мемлекеттік органдар және солар арқылы тіркеу барысында діни бірлестіктер ғана сұраныс бере алатын. Ал жаңа заң талабына сәйкес кез келген жеке және заңды тұлға, мемлекеттік мекеме, соның ішінде кітапхана мекемелері де өздері ұсынған материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу жөнінде өтініш бере алатын болды. 

    Заң бойынша үш жағдайда дінтану сараптамасының жүргізілуі міндетті үдеріс ретінде белгіленген:

    1. Жеке тұлғаларды миссионер ретінде тіркеу барысында олардың діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана жол беріледі. Сараптама қорытындысы теріс болған жағдайда миссионер ретінде тіркеуден бас тартылады.

    2. Діни бірлестіктерді тіркеу (қайта тіркеу) барысында олардың құрылтай және басқа да құжаттары мен пайдаланатын әдебиеттері дінтану сараптамасынан өтуге тиіс. Ұсынылған құжаттардағы мәліметтер дәйексіз болса және (немесе) құрылатын бірлестік дінтану сараптамасының нәтижелері негізінде діни бірлестік ретінде танылмаған жағдайларда діни бірлестікті тіркеуден бас тартылады.

    3. Жеке өзі пайдаланудан тыс басқа мақсаттар (сату, тарату) үшін Қазақстан Республикасы аумағына әкелінетін кез келген діни мазмұндағы әдебиеттер мен діни мақсаттағы заттар алдымен дінтану сараптамасына ұсынылуы қажет. Мұндай әдебиеттерді тіркелген діни бірлестіктер ғана әкеле алады. Сараптаманың оң қорытындысын алмаған жағдайда әдебиеттердің ел аумағына енгізілуіне жол берілмейді.

    Көрсетілгендерден басқа барлық жағдайларда дінтану сараптамасының қорытындысы ұсыныстық сипатқа ие болып саналады.

    Осы орайда «діни әдебиеттер» деген ұғымға анықтама беріп өткен жөн. Нақты терминдік тұрғыдан келсек, «діни әдебиет» дегеніміз – теологиялық, діни-канондық, ғұрыптық-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық бағыттағы діни мазмұнды қамтитын еңбектер. Олар әдетте тұрғындардың діни немесе дінмен байланысты әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шығарылады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің, жаңа діни ағымдар мен қозғалыстардың қасиетті кітаптарының діни мәтіндері де аталған ұғымның аясында қамтылады. Осы бағыттағы еңбектердің барлығы дінтану сараптамасын жүргізуді қажет етеді.

    Сараптама барысында нысанның қай бағытта жазылғанына, қай дінге немесе діни ағымға қатыстылығына, ол діннің Қазақстан қоғамы үшін тарихи, мәдени, әлеуметтік маңызы қандай екендігіне назар аударылады. Бұдан кейінгі кезекте кітаптың мазмұнында саяси, ұлттық немесе діни экстремизм белгілері кездесетін-кездеспейтіні, адамның құқығын, бостандықтары мен заңдық мүдделерін бұзуға шақыратын белгілердің бар-жоқтығы тексеріледі. Сонымен қатар кітаптың мазмұныңда заңға қайшы әрекеттерге шақыратын, заңмен белгіленген азаматтық міндеттерді орындаудан, зайырлы мамандық игеруден, ақы төленетін еңбектен, дәрiгерлiк жәрдемнен бас тартуға жетелейтін идеялардың бар-жоқтығы сарапқа салынады. Аталған мәселелерді кешенді түрде қарастыра отырып, сараптама нысанының ел аумағында таратылуға ұсынылатын-ұсынылмайтындығы жөнінде сарапшының тиісті тұжырымы жасалады.

    Бұл орайда қазіргі Дін істері комитеті дін саласындағы уәкілетті мекеме ретінде дінтану сараптамасын жүргізгенімен, оның құқықтық бақылау немесе тыйым салу функциялары жоқ екенін ескерген жөн. Сондықтан «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларының» 25-тармағында сараптама қорытындысының ұсыныстық сипатқа ие екендігі бекітілген. Ал «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның жоғарыда атап көрсетілген нормаларына сәйкес дiни бiрлестiктер мен миссионерлерді тіркеу, діни әдебиеттерді ел аумағына әкелу жағдайларында дінтану сараптамасының теріс қорытындысы өзіндік құқықтық салдарларға соқтырады және тіркеу үдерісі мен ел аумағына әдебиеттерді кіргізуден бас тартуға негіз болады.

     

     

    А.Әбдірәсілқызы

     

    Пікір жазу