Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит (80 150699-767) – көрнекті Ислам ғалымы. Атақты сунниттік Ханафи мәзһабының негізін салушы. Ол жер бетіндегі миллиондаған мұсылмандар үшін «Имам Ағзам» деген құрметті атаққа ие. Оның мәзһабын ұстанатын мұсылмандар дүниенің түкпір-түкпірінен кездесіп жатады. Әрі сунниттік жолдағы мұсылман қауымының басым көпшілігі осы мәхзһабты ұстанады. Иә, Орталық Азия және Дешті-Қыпшақ мұсылмандары ежелден осы Ханафия мәзһабын ұстанып келеді. Дегенмен, тарихи деректерді саралайтын болсақ, орта ғасырлардағы түрлі саяси оқиғаларға байланысты Ислам дінінің атын жамылған мутазалия, кайсания-мубайдия, карматия, исмайлия, шафия секілді ағымдардың Орталық Азияда төбе көрсетіп отырғаны байқалады. Алайда, Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақты мекен еткен түркі халықтары Ислам атын жамылған түрлі бағыттардың бәрін тәрк етіп, Ханафи мәзһабына таңдау жасады. Өйткені, оның өзіндік тарихи һәм ділдік себептері бар. Әлбетте, тарихи себеп ретінде Имам Ағзамның бел шәкірті Мұхаммед Шайбанидің Орталық Азияға тақау Хорасанда қазылық қызмет жасап, шәкірт тәрбиелеп, осы өңірде Ханафи мәзһабының қанат жаюына еңбек сіңіргенін негізге аламыз. Ал, ділдік тұрғыдан алғанда Ханафи мәзһабының құндылықтары түркі халқының дүниетанымымен, ойлау жүйесімен, өмір сүру салтымен терең үндестік табатынын негізге аламыз. Әсілі, Ханафи мәзһабында догматика мен буквализмнен көрі қажет кезде ақыл мен қисынды қолдана отырып құқықтық үкім беруге басымдық берілген. Бұл әдісті Ханафи мәзһабында қияс және истихсан деп атайды. Сондай-ақ, Ханафи мәзһабы әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігінің сақталуына барынша мүмкіндік береді. Айталық, Ханафи мәзһабында ұлттардың дін негіздеріне қайшы емес әдет-ғұрпының сақталуына жағдай жасалған. Мысалы, Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптар «сахих» және «фасид» болып екіге бөлінеді. «Сахих» әдет-ғұрыпта Құран мен Сүннетке қарама-қайшылық болмайды. Ал, «фасид» әдет-ғұрыптың дініміздің негіздеріне қайшы тұстары болады. Шынтуайтында, Қазақ халқы мың жылдан астам уақыттан бері Ислам дінін ұстанып келеді. Яғни, Ислам дінін сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқандықтан, халқымыздың ескі әдет-ғұрыптары шариғат сүзгісінен өтіп, дін негіздеріне қайшы емес салт-дәстүрлеріміз ғана сақталып қалды. Осы тұста ерекше айта кетітін жәйт – Қазақтың әдет-ғұрып заңын зерттеуде әріптестеріміз (құқықтанушылар) билердің шешендік һәм тапқырлықпен үкім беруін англо-саксондық құқықтық жүйедегі сот прецедентімен байланыстырып жүр. Бұл түбірімен қате тұжырым. Себебі, біздің билердің кесім айту әдіснамасы англо-саксондық жүйедегі сот прецедентіне ұқсағанымен, екі құқықтық жүйенің арасында ешқандай тарихи байланыс болған емес. Тегінде, билердің шешендік һәм тапқырлықпен үкім айтуы – Ханафи мәзһабындағы «хила», яғни, шариғат құптаған айла әдісіне негізделген. Кеңес дәуірінде Исламды құндылық ретінде мойындауға шектеу қойылғандықтан, зерттеушілеріміз әдет-ғұрып құқығының түп-негізін басқа қайнар-көздерден іздеуге мәжбүр болды. Ал, шындап келетін болсақ, билердің даналықпен үкім беруіне – Ханафи құқығындағы хила әдісі әсер еткен. Қажет болса, біз бұл пікірімізге жүздеген бұлтартпас дәлелдер келтіре аламыз. Демек, би-қазыларымыздың хила әдісіне жүгінген болса, онда біз дәстүрлі әдет-ғұрып құқығымызды Ханафи мәзһабының ажырамас бөлшегі ретінде қарастыруға тиістіміз. Яғни, Ханафи мәзһабы – Қазақ халқының табиғи бітім-болмысының сақталуына және көшпелілердегі қоғамдық қатынастың оң реттелуіне мол мүмкіндік бергендіктен де бабаларымыз бұл мектептің канондық негіздерін өмір сүрудің үлгісі ретінде таңдап алды деп айта аламыз.