Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының алғашқы құқықтық құжаты «Қасқа жол» заңы қабылданды. Осы тұста, Қасым ханға дейін Қазақ хандығында қандай заң қолданыста болды деген сауал туындайды. Нағында, Алтын Орда, оның құрамындағы Ақ Орда, Ақ Орданың орнында құрылған көшпелі Өзбек мемлекеті, олардан бөлініп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандар арғы бабалары Шыңғысханның «Ұлы Яса» (жосық заңы) заңын басшылыққа алып, ел басқарған еді.
Алтын Орданы 1259-1266 жылдары билеген Берке ханның кезінен бастап, Жошы ұлысы «Ұлы Яса» заңы мен шариғат заңдарын қатар ұстана бастады. Бұл үрдіс 1312-1342 жылдар аралығында Алтын Орданы билеген Өзбек ханның тұсында күшейе түсті. Мысырдағы Мамлюк мемлекеті мен Алтын Орда империясы діни-саяси одақтастық орнатып, көшпелілердің «Ұлы Яса» заңымен бірге шариғат заңдарын біріктірген «Си-яса шария» синкретті құқықтық нормаларымен қоғамдық қатынас реттелді. Бұл үдерісті Алтын Орда билігіне Едіге би келген тұста жүйелеп, жаңартып «Жасақ» заңы деп қабылдаған болатын. Өкініштісі, «Ұлы Яса», «Си-яса шария», «Жасақ» заңдарының жазбаша нұсқасы сақталмаған. Дегенмен, «Қасым ханның қасқа жолы» қабылданға дейін уақытта Қазақ қоғамында осы заңдар қолданыста болды. Яғни, Қазақ хандығы құрылған тұста «Ұлы Ясаның» шариғатпен ұштастырылған кейінгі сілемі саналған «Жасақ» заңының құқықтық нормалары қолданылды деп болжауға болады.
Ал, Қасым ханның қасқа жолына келер болсақ, бұл құқықтық ескерткіштің де түп-нұсқасы сақталмаған. Бүгінгі күнге оның негізгі тараулары ғана жетіп отыр. Зерттеушілердің пікірінше «Қасқа жол» нормалары мынадай қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған: 1) Мал-мүлік заңы. Онда мал, жайылым жер туралы мәселелерді реттеуге байланысты нормалар белгіленген; 2) Қылмыстық жаза. Яғни, қылмыстық істер заңында кісі өлтіру, мал тонаушылар сияқты қылмысты жазалаудың нормалары; 3) Әскери ережелер. Яғни, әскери міндетті өтеу заңында әскери қосын құру және әскери міндет өтеу туралы қағидалар берілген; 4) Елшілік заңы. Елшіліктің негізгі құқықтық парыздары мен міндеттерін белгілейтін нормалар; 5) Азаматтық істер. Өлім-жітімге байланысты, сондай-ақ, әртүрлі мерекелік шараларды, салттар мен ғұрыптарды атқаруға қатысты құқықтық нормалар.
Қасым хан билік құрған (1509-1523) дәуірде Қазақ хандығының аумағы бұрынғы Жошы ұлысының жерін түгел қамтыды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің жеткізуіне қарағанда Қасым ханның «мың мың» (миллион) әскері болған. Оның тұсында Қазақ хандығының астанасы «Ұбайра-Сұбайра» (Тюмень) қаласы болды. Қасым хан Ислам дінінің жанашыры бола білді. Саяси күштерден қысым көрген Орта Азияның дін ғұламалары оны пана тұтты. Қазақ мемлекетімен қоңсы елдердің бәрі Қасым ханмен санасуға мәжбүр болды. Бейбіт өмірдің қалыптасуына байланысты, халықтың саны өсіп, қазақтар қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда ғұмыр кешті. Біріншіден, бұл – Қасым ханның жүргізген саясатының жемісі болса, екіншіден, Қасым хан қабылдаған «Қасқа жол» заңының сол кездегі қазақ қоғамының сұранысын толығымен жауап бере алғаныдығының көрінісі еді.