Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Жүйелі жоспар – табысқа жетудің басты кілті. Мамандар алдымен ойды, кейін қаржыны ретке келтіруге кеңес береді. Экономистердің пікірінше, әр адам ай сайынғы табысының 10 пайызын жинақтауды үйренуі керек. Себебі дұрыс жиналған қаражат міндетті түрде көбейеді. Көп қаражатты одан сайын еселеудің жолы – кәсіппен айналысу, ақшаны айналымға жіберіп бинесті үлкейту. Осыған байланысты, кәсібінен нәсіп еткен жандармен әңгімелескен едік…
«Тойбастарға қажетті заттарды жасаймын»
Алғашқы кейіпкеріміз – көкшетаулық Шолпан Боранбайқызы Жүздібаева. Ол Бурабай ауданындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. 48 жаста. Алайда 2 жыл бұрын денсаулығына байланысты жұмыстан шығып, Астанаға қоныс аударған. «Тігін тігуге оқушы кезімнен қызықтым» дейді.
– «Анам бос уақытында тігін тігумен айналысқан. Ал мен қасында көмектесіп жүрдім. Кейін ұстаз болып қызмет еткен кезде бос уақытымды осы іске арнадым. Қазір тек осы іспен айналысамын. Көбінесе адамдар еттің қамырын жаятын сыпыра, алжапқыш, табақ астына қоятын тұтқыш және басқа тағатындарға (косынка) тапсырыс береді. Сондай-ақ тойбастарға қажетті заттар да әзірлеймін» – дейді қолөнер шебері.
Сілтеме:
https://www.instagram.com/reel/CvhmS25tkr1/?igshid=MTc4MmM1YmI2Ng==
Бір күнде қанша затты тігіп шығуға болады? – деген сауалға:
– «Екі жиынтық тігіп шығамын. Себет (корзинаға) жасауға тапсырыс түссе, 2-3 данасын әзірлеймін. Бағаларына келетін болсақ, тойбастарлар 200-500 теңгеден басталады. Себеттер 3-5 мың теңге аралығында, ал жеті заттан тұратын жиынтық 10 мың теңге тұрады. Менің ойымша, тауарлардың бағасы халыққа қолжетімді болуы керек. Оған қажетті заттарды қаладағы базардан сатып аламын» – дейді Шолпан Боранбайқызы.
Бұл кәсіп сізді несімен қызықтырды? – деген сұраққа кәсіпкер келіншек бірден былай деп жауап берді: Клиенттің ризашылығын алған кезде бойымда ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Оны айтып жеткізу мүмкін емес. Бастысы бұл іс маған өте ұнайды. Ал қазіргі кезде оның қиындығы да бар. Мен көпшілікке жарнамалау жағын біле бермейді екенмін…
– Менің өмірлік ұстанымым – денің сау кезде әрекет ет. Әрекет етсең, Алла береді. Тігін саласында бизнесті ертеңге қалдыра бермей дәл қазір қолда бар қаражатпен бастауға болады. Батылдық танытып, аз заттан болсын кәсіпті бастаса, қолөнер жерде қалмайды деп ойлаймын. Кәсіп бастауды жоспарлап жүргендерге айтарым, бастысы өзіңізге тәжірибе болады, аз демеңіз «Тек қана алға!» деп айтыңыз.
«Әшекей бұйымдарын жасағанда моральдық тұрғыда демаламын»
Екінші кейіпкеріміз ұзақ жылдар банк саласында қызмет еткен. Ал бүгінгі кәсібі бала күнгі хоббиіне айналған іс екен. Саягүл Ерғалиқызы Кенжеханова бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан бастап өз кәсібімен айналысып келеді. Кәсібі – ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасау.
«Алғашында тастардан түрлі бұйым жасадым. Өткен жылдан бастап, әсіресе, қазақи бұйымдарға тапсырыс көп түсе бастады. Сондықтан оларды әртүрлі дизайнмен жасап, сатылымға қойдым. Клиенттердің алғысы мені одан сайын жақсы дүниелер жасауға шабыттандырып келеді. Мен әшекей бұйымдар жасаған уақытта моральдық тұрғыда демаламын. Әсіресе осындай іске қыз-келіншектерде қызығушылық декрет кезінде пайда болады. Сондай-ақ содан табыс та табады» – дейді ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарының жанашыры.
– Бүгінгі таңда мектеп оқушылары да бисерлер және табиғи тастардан жасалған бұйымдарға қызығады. Шығармашылық салада бастысы адамның фантазиясы жоғары болуы керек. Әшекей бұйымдар, әсіресе, Наурыз мейрамы кезінде сұранысқа ие. Сол уақытта шашбау, шекелік, тақия, шолпы, алқа көп сатып алады. Байқасаңыздар, қазіргі кезде жастар жиын-тойларда шекелікті көп тағады. Сондықтан халқымыздың салт-дәстүрін танытатын және күнделікті өмірде тағуға ыңғайлы бұйымдар жасауға тырысамын, – дейді сөзін аяқтаған кәсіпкер келіншек С. Кенжеханова.
Сілтеме:
https://www.instagram.com/reel/CvzCdZ3tBU0/?igshid=MTc4MmM1YmI2Ng==
«Ақылды кісі өзгенің, ақымақ адам өзінің қателіктерінен сабақ алады»
Аслан Алтынбекұлы Искаков – Қарағанды облысының тумасы. Капитан, әскери қызметте істеген. Қазір киім-кешектерге, орамалдарға түрлі-түсті жіппен сөздер жазып, безендіріп, сатумен айналысады. Еңбекқор әрі талантты арбаға таңылған 35 жастағы елордалық кәсіпкер өзінің оқиғасымен былай бөлісті:
– «2012 жылы отбасын құрдым. 2 қызым бар. Олардың үлкені 10 жаста, кішісі 8-де. 2018 жылы қыздарым желшешекпен (ветрянка) ауырды. Кейін маған жұқты. Арада 4-5 күн өткен соң аяқтарым ұйып, кіші дәретке бара алмай қалдым. Дереу емханаға барып, дәрігердің қабылдауында болдық. Алайда дәрігер дәрілер жазып, үйге қайтарды. Кейін дерт асқынып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Бірақ дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Ал аяғымның ұйығаны тізеден санға, кейін белге дейін жоғары көтеріле бастады. Тіпті аяқтарымды сезбей қалдым. Үш аптадан соң диагноз қойылды. Бұл – миллион адамның біреуінде кездесетін диагоноз екен. Сол уақытта кеудеден төмен қарай денем жұмыс істемей қалды. Содан ауруханада жарты жылдай жатып шықтым. Кейін Алматыдан Астанаға көшіп келіп, ем қабылдай бастадым. Дәрігерлердің айтқаны – ғажайыпқа сену, жігерлену, күн сайын жаттығу жасау» – дейді А. Искаков.
Аслан Алтынбекұлынан тігін кәсібіне қалай келгенін сұрап білген едік.
– 2020 жылы Қарағандыда тұратын туысымыз кесте жасайтын тігін мәшенкесімен кәсіп бастауға ұсыныс білдірді. Содан ұсынысты қабыл алып, әйелім екеуіміз үйрену курстарын іздедік. Көп ұзамай қазіргі депутат әрі қоғам белсендісі Дәулет Мұқаевтың жолдасына жаздық. Лаура есімді кісі офлайн форматта тігін тігудің, кесте, дизайн жасаудың курсын бүге-шегесіне дейін үйретті. Кейін басқа да курстарға жазылып, кәсіби тұрғыдан біліктілігімізді арттырдық. Осылайша сол жылдың қараша айында кәсібімізді бастап кеттік. Өйткені үлкен қызымыз мектепке барды. Ал біз мемлекеттен берілетін жәрдемақыға қосымша табыс ретінде осы іске білек сыбана кірістік, – деп еске алды қолөнер шебері.
Сілтеме: https://www.instagram.com/reel/Cw7XEnYtkhO/?igshid=MmU2YjMzNjRlOQ
Кез келген адам бизнес саласында кәсібі алға басу үшін маркетинг техникасының маңызды екенін жақсы біледі.
– Клиенттерді қалай табасыз? – деген сауалға Аслан былай жауап берді: Әлбетте, кәсіпті әуелі ағайын, тума-туыс, дос-жарандар алғашқы клиенттер болады емес пе?! Ал кейін Дәулет Мұқаев, Әлішер Елікбаев, Құралай ханым секілді танымал инстаблогерлер парақшаларында жарнама жасап берді. Сөйтіп, сатып алушыларымызды таптық. Қазіргі таңда біз сүлгіге (орамал), халатқа, футболкаға, жейделерге адам есімін жазып, сурет те салып береміз. Жайнамаз да әзірлеп, жазулар жазамыз. Сондай-ақ келіншегім шоперлер, аяқ киім салатын рюкзактар тігумен айналысады.
Кейіпкеріміз жұмыс барысында кездесетін қиындықтардың барын да тілге тиек етті:
– «Мен арбада отырып емес, диванға жатып тігемін. Оның өзінде бір қырыммен жатуым керек. Сол уақытта кесте тігетін мәшенкені көтеріп, қасыма қою – мен үшін үлкен жұмыс. Тіпті, сол процесс қиынға соғады деуге болады. Өйткені әйелім күндіз жұмыста болады. Екіншіден, материалдарды, қажетті заттарды базардан алып келу – отбасымыз үшін сәл проблема. Өйткені үйіміз Орталық базардан алыс орналасқан. Әйелім жұмысынан қолы босаған кезде барады. Бір барғанда бүкіл қажетті затты алып келуге тырысады. Сондай уақытта келіншегіме заттар көтеруге ауыр соғады. Осындай қиындықтар бар екені рас».
«Өмірлік ұстанымыңыз қандай?» – деген сауалға Аслан Алтынбекұлы былай дейді:
– Өмірде қандай жағдай болса да, шама келген жұмысты істей беру керек. «Ақылды кісі өзгенің, ақымақ адам өзінің қателіктерінен сабақ алады» деген жақсы сөз бар. Мен басқа адамның қателігінен сабақ алуға тырысамын. Осы іспен айналысам деушілерге айтарым, кез келген жағдайда еңсеңізді түсірмей, «қолымнан келеді» деп алға ұмтылу қажет. Өйткені адамның жасағанын адам істей алады. Бастысы – айналысатын істі жақсы көріп, сүйіспеншілікпен істеу керек».
Әзірлеген Сабина КӘКІМЖАН