Мұхан Исахан: Пайғамбарымыз (с.а.с.) үзеңгілес серіктерін және мұсылман қауымын әрдайым өз маңдай терімен нәпақа табуға үндеген. Мұсылманның қас сипатының бірі ретінде қанағатшыл болуды, мүсәпір күйге түсіп, алақан жайып, ешкімге кіріптар болмау керектігін насихаттаған. Тіпті, Мұхаммед (с.а.у) өзінің өнегелі өмірімен жеке тұлғаның әлеуметтік-экономикалық жай-күйі қалай болу керектігін де үйреткен.
Сахабаларының бірі:
– Уа Алланың Елшісі! Маған қайырлы бір іс туралы айтсаң. Ол істі жасағанымда Алла да, адамдар да жақсы көрсін!», дейді.
Хақ Елшісі (с.а.у):
– Дүниеқұмар болма. Сені сонда Алла жақсы көреді. Өзгенің мүлкіне сұқтанба, сонда адамдар да сені жақсы көреді, – деп жауап береді.
Рафи Бин Хадиждің риуаяты бойынша сахабалардың бірі Алла Елшісінен: Уа, Алланың Елшісі! Қандай табыс адал (таза)?» деп сұрайды. Сонда Хақ Елшісі (с.а.у): Адамның маңдай тері төгілген заңды сауда – ең таза табыс», деп жауап береді.
Парасат падишасы (с.а.у) тағы бір хадис-шарифінде үмбетін адал сауда-саттық һәм еңбек етуге үндеп: «Ризықтың оннан тоғызы саудада. Ал, оннан бірі түйе мен сиыр тәрізді ірі қара немесе қой мен ешкі сияқты ұсақ малдарда», деп бұйырған.
Хақ Елшісі (с.а.у) Табарани жеткізген хадис-шарифте сахабасына сауда-саттық жасауды Хақ жолында жасалған жиһад деп суреттеген. Хадиске нақты тоқталатын болсақ: «Өзің және отбасың үшін адал еңбек ет. Өйткені, бұл – Алла жолындағы бір жиһад. Біліп қой, Алланың көмегі заңды саудамен бірге», деп айтылған. Яғни, Алла Елшісі (с.а.у) отбасын адал азықпен қамтамасыз етуді жиһад дәрежесіне дейін көтерген. Тіпті, адал сауда-саттықтың сауабы мол екенін былайша жеткізген: «Әділ және сенімді саудагерлер – пайғамбарлар, адал адамдар және шәйіттермен бірге».
Хақ Елшісі (с.а.у) «Хауариім» деп атаған Зүбайр бин Аууам бізге мынадай хадисті жеткізеді: «Сендердің іштеріңнен бір кісінің бір десте отынды арқалап апарып (базарға) сатып, осылайша Алланың осы арқылы ар-намысын қорғауы – оның басқадан бір нәрсе сұрауынан әлдеқайда қайырлы. Кім біледі, бәлкім, біреу көмек қолын созуы мүмкін. Онда береген қолға қарыздар болады, Егер, бермесе масқара болады».
Әнас бин Малик осы хадистің айтылуына мына оқиғаның түрткі болғанын жеткізеді: «Бірде Пайғамбарымызға бір мәдиналық мұсылман келіп, қайыр сұрайды. Пайғамбарымыз әлгіден: «Үйіңде не бар?», – деп сұрайды. Әлгі болса: «Жартысын астымызға төсеп, ал қалған жартысын үстімізге жабатын көрпе бар. Сосын су ішетін бір құмырам бар», – деп жауап береді. Алла Расулі әлгі айтқан заттарын алып келуді бұйырады. Сахаба алып келеді. Пайғамбарымыз сахабалардан: «Кім мына заттарды сатып алады», – деп сұрайды. Араларындағы біреу: «Бір дирхемге мен сатып алайын», – дейді. Алла Елшісі : «Кім бір дирхемнен көбірек ұсына алады», – дейді. Тағы біреуі 2 дирхемге сатып алатынын айтады. Алла Елшісі заттарды соған береді де, 2 дирхемді қайыр сұрап келген жігітке береді. Сосын: «Мына бір дирхемге отбасыңа талғажау етерлік тамақ ал да, екіншісіне базардан балта сатып әкел», – деп жұмсайды. Сахаба айтқанын орындайды да, базардан балта сатып әкеледі. Пайғамбарымыз : «Енді осы балтаны алып, орманға бар да, ағаш шауып әкеліп, базарға шығарып сат. Ал мен сені бұл жерден он бес күн бойы көрмейін», – дейді. Сахаба айтқанындай орманға кетеді. Он бес күн өткеннен кейін Пайғамбарымызға келіп, осы уақытқа дейін 10 дирхем пайда тапқанын, оны тамақ пен киімге жұмсағанын айтып келеді. Сонда Пайғамбарымыз : Міне, саған қайыршылықтан гөрі осы еңбегің қайырлы. Себебі, қайыршылық Қияметте мұсылманның бетіне қара таңба болып басылады», – дейді.