Ислам ғұламалары осы деректерге сәйкес, қасиетті Қадыр түні Рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ күндері, тақ күндердің де жиырма жетінші түні болуы ықтималдығын алға тартады. Осы пәтуаның негізінде бүгінгі күні сан мыңдаған мұсылман жұрағаты қасиетті Қадыр түні ретінде Рамазан айының жиырма жетінші түні деп біледі. Осы түні мұсылмандар жаппай Құдай-Тағалаға құлшылық етіп, жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, ақыретінен зор үміт етеді.
Имам Ахмет Ханбалидің жеткізген риуаяты бойынша, «Хз. Айша анамыз Пайғамбарымыз (с.а.у.)-нан: «Қадыр түнінің қасиеттілігіне сай, қалайша дұға етсем болады?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Аллаһым, сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешір», – деп дұға етуді ұсынған». Иә, әсілі, адамзат баласы нәпсімен бірге жаратылғаннан кейін, кей шақта мына сынақ әлемінде аяғын шалыс басып, күнәға бататыны анық. Әрине, мұндайсындар лышақта ішкі тасырын иманына жеңдіріп, күнәдан бойын аулақ ұстаған болса, құба-құп. Алайда, адам баласы дәйім, бір сызықтың бойымен жүріп тұра алмайды. Кейде адамның аңғармай, алып-ұшып жүріп от басатыны белгілі. Бәлкім, арамызда күнәдан пәк адамдар болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, мен күнәдан пәкпін деп көкірек қағуымызға жол жоқ. Пәк болсақ та, басын иген мәуелі ағаштай кішірейгеніміз абзал.