Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні қасындағы сахабаларына былай деп әңгімелейді: «Алла тағала жерді жаратқанда ол сілкіне бастады. Сол кезде таулармен оны берік етті. Жердің сілкінісі басылды. Періштелер таулардың қуаттылығына таңырқап:
– Уа, Раббымыз! Таулардан да күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла тағала:
– Иә, темірді жараттым, – деді. Періштелер:
– Темірден де күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла тағала:
– Иә, отты жараттым, – деді. Періштелер:
– Оттанда күшті бір нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:
– Иә, суды жараттым, – деді. Періштелер:
– Судан да күшті нәрсе жараттың ба? – деп тағы сұрады. Алла Тағала:
– Иә, желді жараттым, – деді. Періштелер:
– Желден де күшті нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:
– Иә, адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен садақа беріп, оны сол қолы көрмейтіндей жасырса (ол одан да күшті)» – деді» (Тирмизи). Оң қолымен бергенін өзінің сол қолы да байқамай қалатындай адам баласының риясыз садақасы әлемдегі бүкіл жаратылыстан жоғары бағаланған.
Құранда Алла тағала: «Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» дейді. (Бақара сүресі, 274-аят) Ендеше, адам баласын қауіп-қатер мен қайғыдан сақтайтын, Алла тағаланың құзырында жоғары бағаланып, сауабы дайын тұрған керемет амалға іске карантин жағдайы – таптырмас мұрсат. Үйде отырып та мұндай сауабы таудай істі жүзеге асырудың тиімді жолдары бар. Ендеше солардың кейбіреуіне тоқталайық:
1) Отбасыңызбен уақытты тиімді өткізіңіз. Сіздің отбасыңызға арнаған уақытыңыз алтыннан да қымбат. Себебі алтын бұл дүниенің құнды бұйымы болса, садақаның сауабы – ақыреттің байлығы. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) садақа туралы: «Әрбір жақсылық – садақа» (Тирмизи), «Жақсы сөз – садақа» (Ахмад б. Ханбал), «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю –садақа» (Муслим) деген. Осы хадистерден көріп отырғанымыздай, өмірлік жарымыз бен бала-шағамызға, отбасымыздағы жандарға жылы сөйлеп, жақсы әңгімелер айтсақ, олармен уақытымызды бірге өткізіп, көңілін ауласақ, жақындығымызды сездіріп, жанашырлық танытсақ, жақсылыққа баулып, жамандықтан сақтасақ, міне осы істеріміздің бәрі садақа екені даусыз. Ендеше карантин кезіндегі мүмкіншіліктерді пайдаланып, садақаларымызды еселей түсу қажет.
2) Туысқандарыңызбен қарым-қатынасты арттырыңыз. Жұмыс бастылықпен туған-туыс, ағайын-жұрағатқа телефон шалып, хал-жағдайын білуге мұршаңыз болмай жүрсе, карантин кезі – осы кемшіліктің орнын толтыратын таптырмас мүмкіндік. Қарым-қатынас тек қана барып-келу арқылы жасалмайды. Олармен тілдесу, хал-жағдайын біліп, телефон арқылы сөйлесу де – туысқандық қарым-қатынасты арттырудың бір жолы. «Сәлем беру – садақа» (Бәйхақи) деген Пайғамбарымыз (с.а.с.). Сондықтан үйде отырып-ақ оларға ыстық сәлемімізді жолдап, осындай қиын-қыстау күндерде моральдық қолдау көрсетіп, алыста болса да тілекшісі бар екенін білдірсеңіз шынайы садақаңыздың бірі осы болмақ. Садақаның бұл түрін де жасауды ұмытпағанымыз абзал.
3) Білген нәрсеңізді басқаларға үйретіңіз. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына: Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, – дейді. Сонда сахабалардың бірі:
– Уа, Алланың Елшісі (с.а.с.), таппаған адам не істейді? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.):
– Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, – деп жауап қатады. Сахабалар:
– Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.):
– Мұқтаж жанға қандайда бір көмегін береді, –деді. Сахабалар:
– Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Алла Елшісі (с.а.с.):
– Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, – деді. (Бухари)
Қазір технологияның дамыған заманы. Сондықтан үйде отырып-ақ интернет желілері арқылы білетін жақсы мәліметтеріңізді басқаларға үйретуге уақыт бөле аласыз. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Адамдардың қайырлысы – адамдарға көбірек пайдасы тигені» (Бухари) дегендей өзгелердің қолы жетпей жүрген, иманын, білімін, адамгершілігін арттыратын құнды мәліметтерді беру мүмкіндігі бар. Егер қолыңыздан келсе, танымдық видеолар түсіріп, желіге жүктеп немесе тегін онлайн курстарын өткізсеңіз үйде отырған халыққа пайдасы тиері сөзсіз. Мысалы осындай кезде психолог мамандар тегін психологиялық курстарын, тіл мамандары тіл курстарын, қолөнермен айналысатындар сол өнерлерін, дін мамандары білетін пайдалы мәліметтерін халықпен бөліссе, нұр үстіне нұр һәм керемет моральдық қолдау болар еді. Бұл да садақаның бір түрі емес пе? Алла елшісі (с.а.с.): «Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше Хақ жолында жұмсаған атымтай жомартқа және Алланың бойына дарытқан даналығымен (адамдар арасында туындаған дауларды оңтайлы шешуде) билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға» дегені мәлім (Бухари). Ендеше сол бойымызда бар қабілет немесе білімімізді басқаларға да пайдасы тиетіндей жолда жұмсауға ең ыңғайлы күндер деп қазіргі күндерді айтуға болады.
4) Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде былай деген: «Істердің ең құндысы – бір мұсылманның айыбын жасыру, қарнын тойдыру және мұқтаждығын беру арқылы оны қуанту». Сол айтпақшы осы карантин күндерінде кедей-кепшік, мұқтаж жандардың да қажеттіліктерін өтеу арқылы қуантуға мүмкіндік бар. Бұны азық-түлік жеткізу қызметтері арқылы іске асыруға жол ашық. Тіпті қазіргі таңда телефон және интернет желісі арқылы тек өзіңіздің қалаңыздағы емес, басқа қала, аудандардағы азық-түлік жеткізумен айналысатын мекемелерге хабарласып та сол жердегі тұрғындарға да азық-түлік жібере аласыз. Міне, қазіргі таңдағы осындай қызметтерді қолдану арқылы жомарттығымызды қамшыласақ, қандай сауабы мол әс жасаған боламыз десеңізші. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ең құнды әрекет – аш кедейді тойдыру, қарызын өтеу немесе бір қиыншылығын шешіп беру» (Табарани) деген. Тағы бір хадисінде Адамзаттың асылы былай дейді: Алла Тағала: «Ей, адам баласы! Мен сенен тамақ сұрадым. Бірақ сен мені тойдырмадың», – дейді. Пенде сонда: «Уа, Раббым! Сен – әлемдердің Раббысың, сені қалай тамақтандырамақпын?», – дейді. Құдай Тағала: «Пәленше құлым сенен тамақ сұрады. Бірақ сен бермедің. Білмейтін бе едің? Егер оған тамақ бергеніңде, Мені оның жанынан табар едің». Айналамызда қаншама мұқтаж жандар бар. Олар бізден бір нәрсе сұрамауы да болуы мүмкін. Бірақ оларды өзіміз іздеп, осы карантин күндерінде оларды да ұмытпай, көмек көрсету – мұсылмандық борышымыз. Осылайша қиын-қыстау күндері оларды қуантсаңыз, Алла тағала да о дүниеде сізді қуантары анық. Бұл туралы Алла елшісі хадисінде: «Кімде-кім мүмін бауырының осы дүниедегі бір уайым-қайғыдан құтылуына себепкер болса, Алла тағала оны қиямет қайымның қайғы-мұңдарының бірінен құтқарады. Кімде-кім қарызданып қысылған адамға түсіністікпен қарап, ісін жеңілдетсе (Яғни, қарызын кешсе немесе асықпай күтсе.), Алла тағала оның ісін екі дүниеде де жеңілдетеді. Кімде-кім мұсылман бауырының айыбын жасырса, Алла тағала екі дүниеде де оның айыбын жасырады. Сондай-ақ, Алланың құлы мұсылман бауырына жәрдем етуін тоқтатпайынша, Алла тағала да құлына жәрдем етуін тоқтатпайды» деген. (Муслим)
5) Қазақ – үйінен қонағы үзілмаген дархан көңілді халық. Алайда қонағына дастарқан жаюға дайын тұратын халқымыздың бірнеше күннен бері сыйлы мейманына арналған қазаны көтеріліп, еті асылмай тұрғаны жасырын емес. Бірақ карантин кезінде де қонақ етіп күткісі келген кісіге туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңға тамақ сыйлаудың жолы бар. Бұл мүмкіншілік әсіресе қалалы жердегі кісілерге қолжетімді. Айтпағымыз, қазіргі таңда тамақ жеткізу қызметтерінің жұмыстары тоқтаған жоқ. Сондықтан үйде отырып, кез-келген отбасына тамақ жіберте аласыз. Бұл, әсіресе, алдымызда келе жатқан рамазан айында өте тиімді болмақ. Себебі рамазан дегенде біздің ойымызға бірінші орында оралатын дүние ол – ауызашар беру. Өзі ораза тұтпаса да ауызашар беретін кісілер де баршылық. Рамазан айын ауызашарсыз елестету де қиын. Ендеше карантин кезінде де тамақ жеткізу қызметтерін пайдалана отырып, ауызашарлар беруіңізге мүмкіндік жоқ емес. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл турасында: «Ораза ұстағанды тамақтандырған, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, әрі ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деген (Тирмизи). Сахабалардың кейбірі Пайғамбарымызға (с.а.с.) ораза ұстаған адамға ауыз ашар беретіндей жағдайы жоқ екендіктерін айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға былай деп жауап берді: «Бір дана құрмамен ауыз ашар бергенге де, тек сумен ғана оразасын аштырғанға да, кішкене сүт бергенге де осы сауап жазылады» (Байһақи). Сондықтан карантин кезінде үйімізге ешкімді ауызашарға шақыра алмасақ та, осындай жолдар арқылы ораза ұстаушыларға ауызашар жолдай аламыз. Әрине Алла тағалам мына әндеттің бетін қайтарып, ораза айына аман-есен жеткізгей!
6) Садақа беру деген кезде, әрине, бірінші орында ойымызға ақша немесе материалдық мүмкіндіктің сап ете қалары ақиқат. Карантин кезінде адамдарға қаржылай да көмек көрсету құба-құп болар еді. Ол үшін мұқтаж адамдардың (бұл сіздің туған-туыс, көрші, таныстарыңыз да болуы мүмкін) есеп-шотын алсаңыз жетіп жатыр. Үйде отырып-ақ керек жерге ақша аудару қазір ешкім үшін таңсық емес. Осы жолды қолданып, зекетіңізді немесе рамазан айы кезінде пітір садақаларыңызды да бере аласыз. Оның тысында да ақшалай көмек жасасаңыз, бұл сіздің дүниеңізден ешнәрсені кемітпейді. Қайта сіз берген сайын, Алла тағаланың да сізге беретіні Құран аяттарымен де расталған. Құранда Алла тағала: «Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла – дархан, бәрін білуші» (Бақара сүресі, 261-аят), «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (Әнғам сүресі, 160-аят), «Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» (Сәбә сүресі, 39-аят) деп, шын ниетпен берілген садақаның қайтарымы еселеп берілетінін мәлімдеген. Пайғамбарымыз да (с.а.с.): «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Уа, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», – десе, екіншісі: «Уа, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», – деп дұға етеді» дейді (Бухари). Демек, садақа берген сайын байлық кемімейді, қайта керісінше орны еселеп тола береді. Бұған сахаба әзірет Алидің (р.а.) басынан өткен мына оқиға да дәлел. Бір күні қайыршы әзірет Алиге келіп бір нәрселер сұрайды. Әзірет Али баласы Хасанды анасына жұмсап: «Анаңа бар, өзіне берген 6 дирхамның біреуін алып кел», – дейді. Баласы үйіне барып келеді де: «Анам ол 6 дирхамды ұн алу үшін сақтап қойғанын айтты», – дейді. Сонда әзірет Али: «Бір құл Алланың құзырындағысына өз қолындағыдан да артық сенбейтін болса, иманы кәміл болмайды. Бар, оған айт, 6 дирхамның бәрін берсін», – дейді. Ұлы қайтадан үйіне барып, 6 дирхамды әкесіне әкеліп береді. Али оны қайыршының қолына ұстатып жібереді. Әзірет Али үйіне кіре берісте түйесін сату үшін жетектеген бір адамды көріп қалады. Али (р.а.): «Түйеңді қаншаға сатасың?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «140 дирхамға», – деп жауап береді. Али (р.а.): «Қарызға беретін болсаң, оны есікке байла», – дейді. Әлгі саудагер түйені есікке байлап кетіп қалады. Арадан көп уақыт өтпей бір адам келіп: «Бұл түйе кімдікі?» – деп сұрайды. Али (р.а.): «Менікі», – дейді. Әлгі адам: «Оны сатасың ба?» – деп сұрайды. Али (р.а.): «Иә, сатам», – дегенде: «Қаншаға сатасың?» – деп сұрайды. Али (р.а.): «200 дирхамға», – деп жауап береді. Ол да: «Жақсы, алдым», – деп 200 дирхамын санап беріп, түйені алып кетеді. Әзірет Али түйесін қарызға сатқан адамға 140 дирхамын алып барып береді де, қалған 60 дирхамын Фатима (р.а.) анамызға ұсынады. Сонда Фатима анамыз: «Бұл не?» – деп сұрайды. Али: «Бұл, Алланың: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» деп (Әнғам сүресі, 160-аят) Пайғамбары арқылы біздерге уәде еткен сыйы», – дейді. Иә, Алла Тағала және Пайғамбары уәде еткенге шын көңілмен сенсек, қандай кереметтер орын алады десеңізші. Мұны жасап, пайдасын көріп жүргендер де қоғамымызда баршылық.
7) Карантин кезінде сақтық шараларын толық орындап, өзімізге және өзгелерге зиянымызды тигізбеу де садақа екенін ұмытпайық. Себебі Әбу Мұса әл-Әшғариден (р.а.) жеткен жоғарыда айтып өткен хадиске мәтін тұрғысынан жақын хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) кез-келген мұсылманның садақа беруді міндет екенін айтып, жолдарын көрсеткен кезда сахабалар, олардың ешқайсысын жасай алмаған адам, қалай садақа беретінін сұраған кезде Ол: «Ендеше жамандық атаулыдан бойын аулақ ұстасын, өйткені ол да – садақа», – деп жауап берді» (Бухари). Демек, айналамыздағы адамдарға кесірімізді тигізбеуге әрекет етсек – Алла тағаланың мейірімділігімен бұл да біздің амал дәптерімізге садақа ретінде жазылады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзімен айтқанда «Мұсылман – басқа бір мұсылманға, тілімен, қолымен зиян келтірмеген адам» (Муслим).
Алла Тағаланың назарында жақсылық ретінде жазылатын кез-келген іс-әрекет қайырымдылыққа жатады. Басқаша айтсақ, Алланың разылығы үшін жасалатын кез-келген әрекетті осы категорияда қарастыра аламыз. Ол өз кезегінде шынай көңіл, таза жүрек арқылы жасалуы қажет. Жақсылық жасай білу – нағыз діндарлықтың көрінісі. Ендеше, карантин кезінде де діндарлықтың көрінісі болып табылатын көркем істерімізбен күндерімізді тиімді өткізейік!
Алау Әділбаев