Мұхаммед Хамидуллах – ХХ ғасырдың ислам ғұламасы

    720

    Мұхаммед Хамидуллах – 1908 жылдың 19 ақпанында Үндістанның Хайдарабад қаласында дүниеге келген. Араб тілінің және тасауф ғылымын жетік меңгерген ғалым.

    Махдум Мехаймидің (ө. 835/1432) ұрпағынан тараған[1]. Ал, әкесі Абу Мұхаммед Халихалла Хайдарабадтың Бас мүфтилерінің бірі болған. Алғашқы хатты әкесінен үйренген. Ол жоғарғы діни білімін Жамия Низамияда аяқтап, заманының магистірлік дәрежесіне тең «Мевлеви Камил» атағын алды. Осыдан кейін Османия университетінің Құқық факультетінде халықаралық құқық бөлімінде магистірлiк дәрежесін алған. 1929 жылы Ханафи ғалымдарының еңбектерін жариялау үшін құрылған «Ихиа л-Маарифі н-Ну’мания» мәжілісінің құрамында қызмет еткен.

    Мұхаммед Хамидулла Германияның Бонн қаласындағы Рейн Фридрих Вильгельм (Rheinische Friedrich Wilhelms) университетінде, «Ислам мемлекеттері» бойынша докторлық дәрежесін алған. Оқып жүріп Сана, Мекке, Медина, Бейрут, Дамаск және Каир қалаларында орналасқан кітапханаларда зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, 1932 жылы Ыстамбұлға барып, Шерефеттин Ялткая, Исмаил Сайб Санжер, Хелмут Риттер, Осман Решер сияқты ғалымдармен кездеседі[2]. Сонымен қатар ол, Пол Эрнст Калле мен Фриц Салим Кренковтың көмегіне жүгінген.

    Ол осы уақыт аралығында сол университетте араб және урду тілдерінен сабақ берген және «Ислам мәдениеті» журналының еуропалық тілшісі болған. 1933 жылы диссертациясын бітіріп, докторлық дәрежесін алады[3]. Парижде Сорбонна университетінде «Исламның дипломатиялық қатынастары»  тақырыбында екінші рет докторлық дәрежесін 1935 жылы алады. Исламның алғашқы дипломатиялық қарым-қатынастарын зерттеу мақсатында, Еуропаның көптеген қалалары мен Солтүстік Африка кітапханаларында қолжазба әдебиеттерін зерттеп, француз ғалымы Морис Годфруа-Демонбинyнің (Gaudefroy-Demombynes) ғылымынан да көп пайдаланады. Докторлық дәрежесін алғаннан кейін, өз еліне қайта оралады. 1936-1946 жылдары Османия университетінің заң факультетінде Ислам құқығы және мемлекеттік құқық профессоры болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, Дін ғылымдары факультетінде де сабақ береді.

    1946 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болу үшін құрылған делегация құрамына сайланған Хамидулла, Үндістан Хайдарабадты жаулап алуымен (1948) өз еліне орала алмайды. Хайдарабадтың тәуелсіз мемлекет ретінде танылуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істегендіктен оған Хайдарабад аумағына кіруге Үндістан үкіметі тыйым салды[4]. Үндістан мен Ұлыбритания арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімге сай, Англия аумағына кіруіне шектеу қойылды. Осылайша, ол Францияға барып баспана беру туралы өтініш беріп, 1996 жылға дейін азаматтығы жоқ (heimatlos) болып осы жерде өмір сүреді[5].

    1954 жылы Париждегі «National des Recherces Scientifiques» орталығында зерттеуші болып қызмет істейді. 1978 жылы зейнетке шыққаннан кейін зерттеуін жалғастырған Хамидулла, 1996 жылы АҚШ-қа барып, Флорида ауданындағы Джексонвиллде қаласындағы туыстарының қасына орналасады.

    Мұхаммед Хамидулла өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен, тақуалығымен, дүниелік заттар мен ақшаға мән бермеуімен танымал. Ол жазған шығармаларынан қаламақы алмаған. Пайғамбардың өмірі туралы жасаған еңбегі үшін Пәкістан мемлекеті ең жоғары «Hilâl-i imtiyâz» деп аталатын ең жоғары атақты қабыл алды. Алайда берілген сыйақысын «Ислам зерттеулер институтына» бағыштаған.

    Сонымен қатар, Патша Файсалдың ақшалай жүлдесін де қабылдамаған. Түркия Республикасының Ұлттық білім министірлігі тарапынан «Түркияның қолжазба әдебиеттеріне қосқан үлесі» үшін марапатталған. Мұхаммед Хамидулла урду, хинди, ағылшын, француз, неміс, итальян, орыс, араб, парсы және түрік тілдерінде жазбаша әрі сөйлеу қабілетін жетік меңгерген.  Пайғамбар мешітінде Құрантанушы ғалым Хасан б. Ибрахим Әш-Шаирдің алдында Құранды басынан аяғына дейін оқып, рұқсат (ижазетнаме) алды[6].

    Мұхаммед Хамидуллах ислам әлеміне жазған еңбектерімен көп танылған. Еңбектерінің басым көпшілігі көптеген тілдерге аударылған және Еуропаның көптеген азаматтары мұсылмандықты осы кітаптары арқылы таныған. Төменде оның бірнеше еңбектерін түпнұсқада көрсетілгендей етіп назарларыңызға ұсынамыз.

    1. Quran in Every Language (Хайдарабад 1936, 1939). Бұл еңбегі Құранның барлық аудармаларының библиографиялық тізімі және «Фатих» сүресінің әртүрлі тілдердегі аудармаларынан тұрады.
    2. Mecmûʿatü’l-ves̱âʾiḳı’s-siyâsiyye li’l-ʿahdi’n-nebevî ve’l-ḫilâfeti’r-râşide (Каир 1941, 1956; Бейрут 1965, 1983, 1985, 1987 жылдары жарық көрген).
    3. The Muslim Conduct of State (Хайдарабад 1942; Лахора 1945, 1953, 1962, 1979).
    4. The Battlefields of the Prophet Muhammad (Вокинг 1953; Хайдарабад 1972).
    5. Le saint Coran (Париж 1959, 1989). Бұл Құранның мұсылман ғалымы тарапынан жазылған алғашқы французша аудармасы. Сонымен қатар Құранның батыс тіліндегі ең көп оқылған аудармасы болып саналады.
    6. Le prophète de l’Islam: Sa vie et son oeuvre (I-II том, Париж 1959, 1978, 1979; Ислам Пайғамбары. Хз. Пайғамбардың өмірін алғашқы дереккөздері мен ресурстарға сүйене отырып зерттеген еңбегі. Көптеген тілдерге аударылған бұл кітапта, діни қызметкерлердің кітаптарынан айырмашылығы тақырыптар жүйелі түрде баяндалған.
    7. Introduction to Islam (Хайдарабад 1957, Initiation à l’Islam, Париж 1963). Хамидуллах бұл еңбегін ислам жайлы сенімді ақпарат алу қажеттілігіне жауап беру үшін жазғанын айтады. Бұл кітап жиырмадан астам тілге аударылып, көпшіліктің ислам дінін қабылдауына септігін тигізген.
    8. Muhammad Rasulullah (Хайдарабад 1974). Мұхаммед (с.ғ.с) өмірін қысқаша сипаттайтын бұл еңбек де көптеген тілдерге аударылған.
    9. el-Bokhari, les tradition islamiques (5 томнан тұрады). (Париж 1401/1981). Бухарийдің әл-Жәми ус-Сахих екі шығыстанушы француз тарапынан француз тіліне аудармасындағы қателіктерді көрсету үшін жазылған.
    10. The Emergence of Islam.
    11. Six originaux des lettres diplomatiques du prophète de l’Islam (Париж 1985), Пайғамбардың алты түпнұсқа дипломатиялық хаттары.

    Сонымен қатар, Daily Life of a Muslim (Исламабад 1989); Economic System of Islam (Исламабад 1989); The Muslim Women (Исламабад 1989); Spiritual Life in Islam (Исламабад 1989); Status of Non-Muslim in Islam (Исламабад 1989) секілді кітапшалары жарияланған. Бұған қоса жиырмадан астам ислам ғұламаларының діни әдебиеттеріне түсініктеме беріп, қайта басып шығарылған еңбектері мен көптеген жұрналдарға жазған мақалалары да бар[7].

    Ол 2002 жылдың 17 желтоқсанында дүниеден озады. Қабірі Джексонвиллдегі «Chapel Hills» мұсылман зиратында орналасқан[8].

    Исатай Бердалиев

     

    [1] Мұхаммед Хамидуллах, «The Muslim Conduct of State», Лахора 1953, VI-VII бет.

    [2] Мехмет Гормез, “Хамидуллах ұстазбен Мехмед Сайд Хатипұғлу туралы әңгіме», Анкара 2002, 4-13 бет.

    [3] «Халықаралық ислам құқығындағы бейтараптық», ЗДМГ, XIV [1935], бет. 68-88.

    [4] А.Р. Момин, “Профессор Мұхаммед Хамидуллах (1908-2002)”, ИЖ, LXXVII/4 (2003), 83-90 бет.

    [5] Хасан Мекки, Мұхаммад Закир, “Мәуакиф мин Хаяту с-Шайх Мухаммад Хамидуллах”, Әр-Рабита, 460 нөмерінде, Мекке 1424/2003, 87-89 бет.

    [6] Рамазан Алтынай, «Қазіргі ислам ғылымдарының үлгілі зерттеушісі: Мұхаммед Хамидуллах», Жүз жыл университеті Илахият Факультеті журналы 3-нөмері, Ван 2000, 263-298 бет.

    [7] Туркия диянет ислам энциклопедия 30-том, 537 бет.

    [8] Ихсан Сурая Сирма, “Парис Мұсылмандары жетім”, Жаңа дүние, IV/44, Ыстамбул 1997, 49 бет.

    Пікір жазу