Елімізде болатын жол-көлік оқиғалары негізінен жазғы және қысқы уақыттарда жиілейді. Себебі қыста ауа-райының қолайсыздығынан туындаса, жазда демалыс кезеңінің басталуына байланысты жолдарда көлік құралдары көбейеді.
«Жалпы статистикаға келетін болсақ, былтырғы жылмен салыстырғанда адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғаларының саны 2 есеге көбейді. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған балалар зардап шеккен жол апаттары 5 есеге артып отыр. Талдаулар барысында анықталған барлық кемшіліктер, құқық бұзушылықтар бойынша прокуратураның қадағалау актісі енгізілетін болады», – деді Маңғыстау облысы прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Мерген Меңдіғалиев жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде.
ҚР ІІМ мәліметі бойынша, осы жылдың бастапқы 8 айында 9 429 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 18,5% төмендеген.
Ал Құқықтық статистика жөніндегі комитеті жарақаттанғандардың саны – 8117, көз жұмғандар – 947 адам болған деп көрсетеді. Яғни қаза болғандардың ішінде – 689 ер адам, 258 әйел және 89 кәмелетке толмаған балалар.
Ішкі істер министрлігі жол-көлік апаттарының негізгі себептері жүргізушілердің белгіленген жүру жылдамдығын арттыру және маневр жасау кезінде ережелерді сақтамауынан туындайды дейді.
Сондай-ақ жол қиылысынан өткенде ережелердің сақталмауы, жол белгілерінің талаптары мен жаяу жүргіншілердің жүру қағидаларын жиі бұзулары жол апаттарының көбеюіне алып келіп отыр.
Сәйкесінше Құқықтық статистика комитетінің берген мәліметі осы факторларды айғақтайды. Расымен, ЖКО–да қаза тапқандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды − 344 адам қаза тауып, 2 897 адам жарақат алды.
Жол-көлік апатына қатысты деректер
Құқықтық статистиканың берген мәліметі бойынша, жол көлік апаттарының ең көбі, яғни 75% елді мекендерде болады екен.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері барлығы 10 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін анықтаған. Соның аясында 119 мың жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралын мас күйде басқарған 13 мың жүргізуші ұсталған. Сот үкімімен 15 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігінен айырылған болса, 12,5 мың ереже бұзушы әкімшілік қамауға алынған.
Аймақтар бойынша айтатын болсақ, ең жиі болатын жол-көлік апаттары Алматы қаласында – 2,7 мың. Яғни апат саны көп болған өңірлер үштігіне тағы Алматы обысы (1,4 мың жол апаты) және Жамбыл облысы (1029 жол апаты) кірді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керектігін тапсырған болатын. Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде, оның ішінде Алматыда жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті – деді.
Айта кетерлігі, былтырдан бастап қаннан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылатыны заң бойынша бекітілген. Яғни татуласуға мүмкіндік берілмейді, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан және жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады.
Балжан Әбдіраш