Бұл түн – адам баласына Алланың мейірімі мен шапағатының орнаған күні. Алла Тағала адам баласына Құранда аты аталған жиырма сегіз пайғамбарды қосқанда жүз жиырма төрт мың пайғамбар жіберген екен. Барлығының міндеті хақ жолды, дінді, Алланың бар және бір екендігін паш ету болатын. Бірақ адам баласы атына сай (адам сөзі арабша инсан, яғни ұмытшақ деген мағынаға келеді ) ұмытшақтықпен осы ақиқатты ұмытумен болды. Осы түні Алла тағала адамзатқа жаны ашып тағы да мейірленіп, өзіне барар жолды сілтейтін хақ дін Исламның мәнін, соңғы пайғамбар арқылы Құранды түсірген еді. Дәл осы ай осы түнде Алла аяттары арқылы адамзаттың бүгінгі беталысын реттейтін үлкен жүйенің негізін жіберді. Ол негіз Құранда болатын. Ақыл, ғылым және ерік. Ақылы бар адамда жауапкершілік болады, еркі бар адамда иелік сезімі болады, ғылымы бар адамда өлшем болады.
Жауапкершілік адамның өзін тануынан басталады. Өзін таныған адам ғана Алланы таниды. Ерікті адам тек Аллаға ғана құл, адамзатқа ұл болып бар әлемді өзіне тиесілі, қатысты бауыр туыс ретінде көреді. Ал өлшемі бар адам осылардың жақсы жаманын ажыратып, салыстырып, үш уақытты тұтастандырып, Алла, әлем және өзін байланыстыра алады. Сонда ғана адам Алланың Бір және Бар ұстанымын сезіне алады. Таухид сонда оның рухында жүзеге асып, санасы да ақылы да тек Ол деп қайталай бастайды. Осы қайталау адамзаттық жалпы ортақ өркениетті қалыптастырды.
Жалпы, діндердің тарихына қарасаңыз, ислам діні сияқты адамзатты түбегейлі трансформацияға ұшыратқан дін жоқ. Бүгінгі жахандағы ғылыми жетістіктер, технологиялық, техникалық жаңалықтар, психоаналитикалық ұстанымдар, рухани, болмыстық, теологиялық талдаулар, ислам дінінің ғылымға жол ашуы арқылы қалыптасты. Сондықтан бүгінгі Батыс, Шығыс және Будда әлемі сенсе де сенбесе де, мойындаса да мойындамаса да «Қадыр түнінің» мәніне терең үңілгені абзал. Сондықтан, Құранның жеті атының бірі «ал Зикр» болды.
Қадір түні – бұл «ұлы өлшем» берілген күн. Қадара етістігі арабша өлшемді білдіреді. Бұл өлшем адамзатқа жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, жарық пен зұлматтың, махаббат пен ғадауаттың, имандылық пен асылықтың т.с.с. ара жігін ажыратып берген күн. Адамзат тарихы, шындығында, Құраннан бұрынғы және Құраннан кейінгі деп бөлінеді. Себебі тарих тек саяси оқиғалар тізбегі ғана емес, ол адамдық рухани әлемінің ой санасының тарихы. Адамның адам екендігінің өзара тең жаратылғандығын, жаратылысының бір екендігін осы Қадыр түні әйгіледі. Қала берді адам жыныстары ер мен әйелдің де бір екендігін осы Қадір түні анықтап берді. Бұрын әйел ерден төмен, құлдар мен ақсүйектер, небір касталар, сыныптар, дәрежелер мен деңгейлер жаратылыстан деп келген адамзат енді Құран арқылы оларды да Алла жаратқан деп таныды. Сол кезеңдегі Арабия түбегіндегі ахлақи азғындық деңгейін тарихтан оқып отырып, Алланың адамзатты ең төменгі азғындық сатысынан ең жоғарғы моральдық кемелдікке қалай алып шыққандығын көруге болады. Сол кеңістік, сол уақыт аралығы, пайғамбардың ұстаздығы арқылы Алла адамзатқа мейіріммен үлгі жол салып берді.
Бүгінгі мәселе сол үлгіні алып, әр ұлт, қауым өз кеңістігінің мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асыруы шарт. Ол кеңістікте сол елдің мәдениеті, салты, ойлау жүйесі, ислами үлгідегі құндылықтармен өрілуі тиіс болатын. Ал бұл өлшемді таразылағысы келмейтіндер мен жоғарыдағы Алланың «ал-Ғылым» сипатына мән бермейтіндер Арабия түбегінің кеңістігін (мәдениеті, салты, ғұрпы, дүниетанымы) де осы жерге көшіргісі келеді. Бұл негізгі өлшемдегі парықсыздық емей не? Алланың тоқсан тоғыз сипаттарына қарап оның бар әлемде, әлемнен, әлемге, әлемдерден де қамту, иелену құдіреті бар екендігін таныдық. Құранда «хуа ал захир, хуа ал батин, хуа ал ахир, хуа ал аууал» яғни, ол «ла макан». Демек, қазақ өз кеңістігінде де Алланың қойған өлшемдерін таразылап игеруіне болады екен. Сондықтан Құранның жеті атының бірі «ал – Фурқан» болды.
Құран – адамзатты қараңғылықтан нұрға бастайтын Құдайлық рахмет — мейірім көзі, адамға бақыт жолын көрсететін Тәңірдің сөзі (калам-логос). Мәдениетіміз бен тарихымызды өрнектеп, қайта қалыптастырған да осы Тәңірі Сөзі (Каламы-Логос) болатын. Өйткені, дәстүрлі жабық қоғамдық жүйенің орнына адамиланған қоғамды орнату әрекеті Құранға негізделген исламнан бастау алады. Яғни, алғаш рет жабық сенім жүйелерінің ыдырап, орнына жоғары адамдық ой-сананың қалыптасқандығын көреміз. Осылайша Құран Тәңірдің бірлігі (таухид), құқықтық-моральдық (кітаптардың) бірлік, қоғамдық рухани бірлік сияқты маңызды құндылықтық мұраттарды қалыптастырды. Тәңір мен адам арасындағы рухани байланыс тікелей имандылыққа негізделген Құран үндеуіне қатысты.
Құран жеке адам және қоғам тіршілігі үшін қажетті құқықтық, социо-экономикалық, саяси-басқару, этико-моральдық жүйелердегі негізгі қағидалар мен ұстанымдарды көрсеткен. Құранда орын алған екі маңызды мәселе – Бір Тәңірі сенімі (таухид-монизм) мен Тәңірдің құдіреті, табиғат пен адам және Тәңір арасындағы байланыстар жүйеленген. Құранда адамның көңілі (қалбы-жүрегі) негізінен алғанда танымның көзі немесе танымға жетудің құралы мағынасында қолданылған. Құран адамдағы ақылды “қалб көзі” (көңілдің көзі), яғни Тәңірдің жеке мәндік аяны (ал-уаһи-ул-жузи), ал Құранға да объективтік, универсалдық аян, Әлемге де Тәңірдің екінші кітабы ретінде танытады. Яғни Бірлік ұстанымы адам, Құран және әлемді өзара тұтастықта қарайды.
Құран Тәңірдің адамды “халифа” мақамында жаратқандығын айтады. Бұл жердегі халифа ұғымы – адамның әлемдегі орны мен маңызын анықтайтын діни категория. Сөздік ұғымы “өкіл, орынбасар” мағынасында айтылса, ал діни терминологияда “Тәңірдің жердегі өкілі, орынбасары” деген ең құрметті атақ. Адамның мұндай жоғарғы атаққа лайық болуының сыры оның жаратылыс мақсаты мен ерекшелігінде жатыр. Бұл ерекшелік адамды құндылық жарату қабілеті мен қоршаған ортасын ұғымдар және құбылыстар арқылы мағыналандырып, мәденилендіре алатын ақыл иесі — болмыс ретінде басқа болмыстардан оқшаулап тұрады.
Құрандағы мәлімет бойынша, рух әлемінде Тәңір мен адамның арасында “жаратушы-жаратылған” сипаттарын білдіретін, олардың өзара мақсаты мен міндетін анықтайтын, “ал-мисақ” яғни, ант, келісімсөз жүзеге асырылғанды. Адам бұл антты Тәңірдің жердегі өкілі ретінде Жаратушысын ұмытпай, жердегі адамдық орны мен қызметін атқарып, алған “аманатты” сақтаймын деп берген болатын. Бұл жердегі аманат — иман, жауапкершілік, Тәңір және адамдардың хақ-құқықтары, сөз, ақыл, ойлау қабілетін дұрыс қолдану, ар-намысын сақтауды білдіреді. Адам осы қабілеттерін орнымен дұрыс қолданып, дамыта алғанда ғана халифа деген атқа лайық болады.
Құран аяттары адамзаттың бірлігін, Тәңірдің барлық адамдардың Жаратушысы екендігін білдіргеннен кейін, мәдениет пен қоғамның, тайпалар мен ұлыстардың бір негізден пайда болғандығын ескертіп, олардың өзара тең сұхбат арқылы тұтастыққа, бірлікке ұласуын негізгі мақсат етіп көрсетеді. Сондықтан Тәңір адамзатты құдайлық табиғат негізінде өзара тең қылып жаратқан. Ал адамдардың кейінгі қоршаған ортасы, әлеуметтік-тарихи, геоклиматтық, әдет-ғұрыптық, мәдени-дүниетанымдық ерекшеліктері Тәңірдің тең қылып жарату ақиқатын өзгерте алмайды.
Адам Тәңірге берген сөзінде тұрып тұрмау мәселесінде құдайлық сынаққа сеніп сенбеуінде ерікті. Құранда адам — таңдау еркіндігі бар, жауапкершілік иесі, сонымен қатар аманат тасушы болмыс. Сондықтан да Құранда көрсетілген ақиреттегі иман етушілер (жұмақтағы) мен имансыздардың (тамұқтағы) хәлі адамға деген негізгі ескерту болып табылады.
Адам – жан мен тән және ақылдан тұратын біртұтас болмыс. Адамның тәні топырақтан, жаны Тәңір әлемінен берілгендіктен, тән топыраққа, жан рухани әлемге, өз негіздеріне оралуға құштар. Осындай жақсы мен жаман, ақ пен қара, тән мен жан, иман мен күпірлік, мойынсұну мен теріске шығару сияқты қарама-қайшы құбылыстарды жаратудағы сырды Құран көптеген аяттарында түсіндіреді. Адам егер ерікті болмаса, сынақ жүйесі мәнсіз болып шығар еді. Бұл түсіндірмелерде қарама-қайшылықтар мен күрестің объектісі адамның жаратылыс сырында екендігі көрінеді. Тәңірдің адамның табиғатындағы қайшылықтарды оны сынақтан өткізу және оның кемелденуі мен рухани жоғарылауы, Ақиқатты табуы үшін қажетті деп тапқан жүйесі. Адамның рухани кемелденуі “топырақ” хәлінен басталып, Тәңірге қарай жол алып жатыр. Иасауидің хикметтерінде “топырақ бол” деп адамға жиі ескертілуінің сыры осында болса керек.
Құран адамның рухани кемелденуін оның халифалық парызы сонымен қатар құдайлық сынақтың ақиқаты деп қарайды.
Құранның адамды басқа болмыстардан ерекше мақамға шығаруы Тәңірдің жарату кезінде оған “өз рухынан үрлеген” құдайлық жауһардың (субстанция) берілуіне байланысты болуы керек. Осы құдайлық жауһар арқылы адам періштелерден де жоғары Тәңірдің халифасы болуға лайық болмыс ретінде жаралған. Сонымен қатар, адам “ең көркем формада (суретте) және мазмұнда (сиретте)” жаратылған ең сұлу болмыс. Жақсылық пен жамандықты айыру қабілеті мен күші де (фурқан, тамииз) тек адамға ғана беріліп, әлемдегі мүмкіндіктердің барлығы адамға қызмет ету үшін жаратылған. Адамның осы потенциалдық мүмкіндіктерді өз кәдесіне жарата білуі оның жеке әрекеті мен қабілетіне байланысты.
Сонымен, Құранда адамның қандай болмыс екендігі, өмір сүру ортасы мен тіршілігінің мәні, әлемдегі орны мен мақсаты туралы оның болмысын нақтылайтын тиянақты жауаптар бар. Бұл жауаптардың барлығы адамның рухы мен көңіліне қатысты психологиялық құбылыстар мен қуаттарды түсінікті әрі қарапайым тілмен берілген. Құранның үндеуі адам санасына, рухы мен ақылына арналған. Сондықтан, адамға тек жүрек, көңіл (қалб) арқылы ғана жол табу мүмкін. Қадір түні ол пайғамбарымыздың муғжизасы Құранның түсе бастаған түні. Алла тарапынан адамға оның Алла мен әлем арасындағы шынайы байланыстың кілті берілген түн. Ол кілтті Алла адамға ұстатты. Міне, қазақ жалпы түркі халықтарының мұсылмандық түсінігінің негізін қалаушы Иасауи бабамыздың ілімінің басты мәселесінің рух немесе адам болуы да сондықтан.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Дінтану кафедрасының меңгерушісі,
Теология және философия ғылымдарының докторы