Иә, зиярат жасаудың әдебі сақталмағандықтан, кейде сыртқы пішінге, амал-әрекетке қарап, «мүшрік» деген айыптаулар жасалып жатады. Жалпы, кешегі коммунистік Кеңес үкіметінің тұсында діни білім алуға тиым салынғандықтан, халқымыздың көпшілігі ата-баба рухына қалай зиярат ету қажет және онда қандай дұға айту керектігінен ұмыта бастады. Осыған байланысты, халықтың дәстүрінде қорымның тұсынан өтіп бара жатып «бет сипайтын» формасы ғана сақталынған.
Ал, бұл жоралғының діни үкіміне келетін болсақ, жалпы, қабірстанға барып өлілерге зиярат жасау немесе қасынан өтіп бара жатып шариғатта белгіленген дұға-тілектерді айту сүннет амалдардың қатарына жатады. Абдулһак-и Деһлебидің «Мадариж-ун-нубубба» атты шығармасында Хақ Елшісінің (с.а.у) Ұһұд ғазауатында шахид болған сахабалардың қорымына барып: «Уа, құлшылық жасауға лайықты болған Тәңірім! Сенің Елшің әрі құлың куә – олар Сенің разылығыңды алу үшін шахид болды» деп зиярат жасаған. Іле-шала қасындағы серіктеріне қарап: «Бұлар шахид болған мұсылмандар. Зиярат жасағандарды жазбай таниды. Кімде-кім зиярат жасап, сәлем берсе, олар сәлемді қабыл алып, жауап береді. Қияметке дейін осылай жауап береді» деп айтқандығы баяндалады.
Сонымен бірге, Алла Елшісінің (с.а.у) мұсылман қорымына келгенде: «Ассалаумағалейкум дара каумин муминин уа инна иншаллаһ бикум лаһикун», яғни, «Уа, муминдердің жұрты! Сіздерге сәлем бердік. Иншаллаһ, біз де сіздермен қауышамыз» деп айту керектігін ескерткен. Тіпті, қорымға зиярат еткенде немесе тұсынан өтіп бара жатып өлілердің рухына «Ясин» суресін оқып бағыштаса, ондағы мұсылмандардың сол күнгі қабір азабы жеңілдейтіні, сондай-ақ, «Ықылас» сүресін он бір рет оқыса, ол жерде қанша мұсылман жерленген болса, сонша сауап иеленетіндігі де хадистерде айтылған. Яғни, қорымның жанына өтіп бара жатып, ондағы әруақтарға арнап белгіленген дұға-тілектерді жасаудың шариғатта әбестігі жоқ. Қайта, сауабы мол сүннет амал саналады.