Қоғамда әл-әуқаты жоғары бай-манаптармен қатар жылдар бойы таңдайы қызыл көрмейтін, тіпті, тіске басар талғажу таппай ашқұрсақ ғұмыр кешетін қаншама жарлы-жақыбай өмір сүреді. Құрбан айт мерекесі осындай жоқ-жітікке Хақтың шарапаты болып тиетін илаһи шара десек қателеспейміз. Мысалы, Құрбан айт мерекесінде көл-көсір жарылқауға бөленген кедей-кепшіктің көңілі райланады. Аста-төк дастарханда жеңсік ас ішіп, тәубасын айтып, бірін-бірі құттықтап, рухани көңіл тұтастығын құрады. Қоғам байлығын бірге бөліседі. Әлеуметтің бір-біріне деген сүйіспеншілігі артады. Кісі бойындағы жек көрушілік сезім суалып, көкіректегі өкпе-наз еріп сала береді. Көңілдің кірі кетіп, жан-сарайыңда илаһи махаббаттың гүлі қауыз жарады. Әсіресе, Құрбан шалған мұсылманның кеудесі шуаққа еніп, жүрегі тыныштық табады. Сауапты іс жасадым деп көңілі жайланып, ісімен бірге тілімен айтқан зікірі жүректің соғысымен үндеседі.
Иә, екі дүниенің сәруәрі пайғамбарымыз (с.а.у): «Адамзат баласы Алланың құзырында Құрбан айт күнінде құрбан шалудан асқан сүйікті іс істеген емес. Ол құрбан қияметте мүйізімен, терісімен, тырнағымен келеді. Құрбан қаны Хақ құзырында үлкен мәртебеге ие. Қан ағып жерге түспестен құрбан қабыл болады. Құрбанды таза және саф жүрекпен Аллаға арнаңдар», деп бұйырған. Демек, шын ықыласымызбен Хақтың разылығы үшін Құрбан шалсақ, қиямет күні оның сан есе сауабын алатынымыз да хақ.
Дінімізде Жұма күні мен пітір-садақа таратылған уақыт және Арафа мен Құрбан айттың алғашқы күні дұға-тілек қабыл болатын шұғылалы шақ саналады. Олай болса, алдымыздағы Арафа және Құрбан айт күні Хақ-Тағаланың назарындағы барша мұсылман қауымының тілегі қабыл болғай! Алаш жұртының да асқақ арманы орындалып, екі дүниеде жүзіміз жарық болсын деп тілейміз!