Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2005 жылғы 30-шы желтоқсанда қол қойған, «Еңбек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып жарияланғаны белгілі. Бұл игі қадам еліміздің мұсылман қауымының қасиетті мерекені жақсы дайындықпен атап өтулеріне жасалған қамқорлық деп білеміз.
Бүгінгі таңда Құрбан айт мейрамын тойлаудың ұлттық ерекшеліктерімізге сай форматы қалыптасып, осынау қастерлі мереке Қазақстан халқының бірлігін, конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп келеді.
Көпконфессиялы елімізде өзара татулық пен қайрымдылықтың көрінісі болған бұл мереке, тек мұсылмандарға ғана емес, барлық адамзат баласына қайрымдылық жасауға шақырады.
Құрбан Айт күндерінде адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің үйінен дастарқаннан дәм татады, бұл күні әр мұсылманның үйінде дастарқан жайылады. Бұл адамдардың бір-бірімен араласуына, әртүрлі дін өкілдерінің бір-бірлерін құттықтауы арқылы ұлтаралық татулық пен конфессияаоалық келісімнің одан әрі нығая түсуіне негіз қалайды.
Біз бүгін дамудың келесі сатысы ретінде болашаққа бағдар жасап, рухани жаңғыруды көтеріп жатырмыз. Адам баласының бақытты, тыныш өмірін тек материалды игіліктер ғана құрамайды. Баянды бақытқа жетуде рухани негіздердің орнын ұмытпағанымыз жөн.
Дәстүрлі дініміздің жасампаз әлеуеті рухани-өнегелік құндылықтарды дамытуға және отансүйгіштік рухына негізделе отырып, қоғамдағы татулық пен конфессияаралық келісімді өркендетуге одан әрі қызмет ете береді деп сенемін.