Құрбанға төрт түліктен жылқы малынан басқаның бәрін шалуға болады. Атап айтар болсақ, қоймен бірге ешкі, сиыр, түйені белгіленген шарттардың негізінде Құрбандыққа шалуға рұқсат. Ал, Құрбандыққа шалынатын қой мен ешкінің жасы бір жасқа толуы керек. Егер жеті-сегіз айлық қой мен ешкі бір жастағыдай семіз болған болса, онда құрбандыққа шалуға жарайды. Құрбанға екі жасқа толған сиырды шалуға болады. Бір жастан асқан тана-торпақ, екі жастағы сиыр секілді еті қоңды болып жатса, құрбандыққа шалуға болады. Бес жасқа толған түйе малы да құрбандыққа жарамды саналады. Бір қой немесе бір ешкі тек бір адамның атына шалынады. Бір сиыр немесе бір түйені жеті адамға құрбан етіп шалуына болады. Бірақ, құрбандық малды шалуға құрамдас болған кісілер мұсылман болуы шарт. Олардың әрқайсысы құрбандық малдың жетіден біріне ие болып (ақшасын тең төлеуі шарт), Хақ Тағаланың разылығы үшін Құрбан шалуға ниеттері болуы керек. Құрбан малдың екі немесе бір көзінің соқыр болуы, тістерінің көбі түскен болса, құлақтары кесілген болса, мүйізінің біреуі немесе екеуі де түбінен сынса, құлағы мен құйрығының жартысынан көбісі кесіліп қалған болса, туылғаннан құлағы мен құйрығы болмаса, сүйегі арсиып көрінген көтерем болса, бауыздалатын жерге дейін бара алмайтындай ақсақ немесе ауру болса, ол мал құрбандыққа жарамайды. Ал, құрбандық малдың көзі қыли, аяғы кеміс (бірақ өз аяғымен жүре алса), туылғаннан мүйізді немесе мүйізі жоқ, мүйізінің бір бөлігі сынған, құлақтары тілінген немесе ен салынған, құлақтарының ұшы кесілген, тістерінің біразы ғана түскен, піштірілген болса да, ол мал құрбандыққа жарамды саналады.
Мұхан Исахан