Ұлы Жаратушы Құран Кәрімның «Дұхан» сүресінің бірінші және төртінші аяттарында: «Ашық баян етуші Құранға серт. Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» деп бұйырады.
Бұнда айтылған «құтты кешті» базбір ғалымдар; «Қадір түні» десе, базбіреулері «Барағат түні» деп жорамалдайды. Кейбір ғалымдар бұл екі көзқарасты сабақтастырып: «Бұл түннің құтты болуы Құран Кәрімнің түсуімен байланысты. Құран Кәрім Шағбан айының он бесінші жұлдызында (барағат кеші) көк жүзіне түскен. Ал, Қадір түнінде (Рамазан айының жиырма жетінші кеші) Ұлы Жаратушының бұйыруымен көк жүзінен Жебірейіл с.ғ.а арқылы Мұхаммед с.ғ.а-ға біртіндеп түсіріле бастаған» деген пікірді алға тартады. Ғұламалардың осы тұжырымының негізінде мұсылман жұртшылығы Барағат кешінің рухани салмағын қасиетті Қадыр кешінен бір мысқал да кем санамайды.